Саясат • 21 Сәуір, 2021

Экономика болжамы жақсара түсті (Үкімет бюджет кірісі мен шығысын арттырды)

752 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет пен 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы, сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын халықтың тұрмыс деңгейін арттыру мәселелері қаралды.

Экономика болжамы жақсара түсті (Үкімет бюджет кірісі мен шығысын арттырды)

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Вакцинамен қамту кеңейтіледі

Қазіргі жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкі­мі Мұрат Әйтенов, Маңғыстау облы­сының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.

Вирустың репродуктивті көрсеткіші республика бойынша 1,065 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі – 41%, реанимациялық төсек орындары – 27%. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстары тұр. Қостанай және Түркістан облыстарын қоспағанда, қал­ған барлық өңірлер – «сары аймақта». «Ха­лықты, әсіресе қамтылуы төмен өңірлерде вакциналаумен қамтуды кеңейту қажет. Ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қам­тамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек», деді А.Мамин. 

Премьер-Министр коронавирус­пен ауырып қалған науқастарға сапалы ме­дициналық көмек көрсетуге және дәрі-дәрмектердің болуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Әкім­діктерге Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мобильді мониторингтік топ­тардың белсенді қатысуымен халықтың санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет қарал­ды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ер­ғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Жыл басынан бері Қазақстан экономи­касының өсуі бойынша жедел деректерді және әлемдік тауар нарықтарындағы ахуал­ды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады.

 

Бюджет кірісі көбейе түспек

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерға­лиевтің айтуынша, макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика  мен нарықтағы оң үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Осылайша, жыл басынан бері ел экономикасы өсімінің қалпына келуінің оң серпіні байқалуда. «Мәселен, ІЖӨ-нің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5%-дан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6%-ға дейін жақсарды», деді Ә.Ерға­лиев.

Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құ­рады. Бұл ретте мұнай бағасы бойынша Дүниежүзілік қаржы ұйымының бол­жамдары 44 пен 67 доллар аралы­ғын­да болып отыр. Осыған байланыс­ты, макрокөрсеткіштерді нақтылау ке­зін­де мұнайдың орташа жылдық баға­сы барреліне 50 доллар деңгейінде айқын­далды (бұрын мақұлданғаннан 15 доллар жоғары). «Дүниежүзілік банк вакциналау жүргізудің тиімділігіне байланысты әлемдік экономиканың өсуін 1,6%-дан 5%-ға дейін болжап отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Бұл ретте номиналды ішкі жалпы өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 1,2 трлн теңгеге жоғары», деді Ә.Ерғалиев.

Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұр­лым белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құры­лыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға беруіне байланысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.

Ұлттық экономика министрі хабар­лағандай, Ұлттық банктің болжамы бойын­ша экспорт 10,8 млрд долларға өсіп, 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды (бұрын мақұл­данғаны – 41,4 млрд). Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұ­рын бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақ­талды.

Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған респуб­ликалық бюджет параметрлері болжа­мы нақтыланды. Республикалық бюджет­тің кірістері (трансферттерді есепке алма­ғанда) 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жос­пардан 279 млрд теңгеге жоғары. «Ұлт­тық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөл­шерінде сақталды. Nur Otan плат­формасының іс-шараларын қаржы­лан­дыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғайды», деді Ә.Ерғалиев.

Республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр, бұл бекітілген көрсеткішке қа­ра­ғанда 1 285 млрд теңгеге жоғары. Бюджет тап­шылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр.

Өз кезегінде Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев Үкіметтің қарауына 2021 жылға арналған республикалық бюд­­жетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды. «Нақтылау кезінде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдар­лама­сының іс-шаралары мен Мемлекет басшысының тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы Жолдаулары шеңберінде айтылған стратегиялық бастамалары ескерілді. Сондай-ақ пандемияға қарсы күрес жө­ніндегі шаралар мен бұрын қабылдан­ған міндеттемелер ескерілді», деді Е.Жамаубаев.

Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 1,3 трлн теңгеге ұлғайып, 15,3 трлн теңгені құрады. Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: 279 млрд теңге қосымша түсімдер; 850 млрд теңге Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту; бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 3,5%-ына дейін жеткізу. Бұдан басқа, Президенттің бастамаларына арналған резерв қаражатын қайта бөлу іске асырылды. 

Сайлауалды бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылатын болады: әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 182 млрд теңге; «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламаларын, «Ауыл – ел бесiгi» жобасын іске асыруға – 177 млрд теңге; ауыл шаруашылығын және ТКШ саласын дамытуға – 143 млрд теңге; рес­публикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстауға – 140 млрд теңге; ШОБ-ты қол­дауға – 64 млрд теңге. Індетке қарсы іс-шараларға қосымша 265 млрд теңге бөлінді, оның ішінде карантиндік іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге – 70 млрд теңге; ТМККК шеңберінде медициналық қызметтерге ақы төлеуге – 80 млрд теңге. Мемлекет басшысының басым тапсырмаларын қаржыландыруға 154 млрд теңге көзделген. Бюджеттің қосым­ша шығыстарының жалпы көлемінде өңірлерге трансферттер 539 млрд теңгені құрайтын болады. «Осы шаралардың барлығы экономиканы ынталандыру мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізін қалайды. Ағымдағы жылға арнал­ған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері осындай. Осы мәселенің маңыздылығы мен жеделдігін ескере отырып, заң жобасын қолдауды сұраймын», деді Қаржы министрі. 

Министрлердің сөзін қорытындылай келе, Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Ә.Смайылов осы іс-шара­ларды қаржыландыру үшін бюджетте бұрын бекітілген шығыстарды қосымша оңтайландыру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп, бюджет тапшылығы ұлғайтылғанын және Ұлттық қордан нысаналы трансферт тартылғанын атап өтті. Ұсынылған нақтылау азаматтардың тұрмысын жақсарту және экономиканы дамыту жөніндегі маңызды іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді. Осы қаражат есебінен республикалық және жергілікті деңгейлерде автомобиль жолдарын дамыту; «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі іске асыру; ШОБ-қа қолдау көрсету; Жұмыспен қамтудың жол кар­тасын іске асыруды жалғастыру; ауыл ша­руашылығын дамыту жүзеге асыры­лады. «Мұның барлығы орта мерзім­ді кезеңде экономикалық өсу үшін керек­ті не­гіз қалауға және Ұлттық қордың резерв­терін қалыптастыру саясатына оралуға мүм­кіндік береді. Жалпы, бюджет теңгерімі қалыптастырылды», деді Ә.Смайылов.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, жоғарыда айтылғанды ескере отырып бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керек.  Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, 2021 жылы ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды.

 

Экономиканың өсу болжамы 3,1%-ға дейін ұлғайтылды

Мұнай бағасы барреліне 50 (бұрын 35) доллар, ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құрылыста болжам 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарына байланысты 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыс саласында АТ қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға – 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.

Сонымен қатар түзетілген макроэко­номикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Осы жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары – Nur Otan партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2020 жылғы
1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ шығындар пандемияға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталады.

Премьер-Министр еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақ­ты­ланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.

 

Ауылдағы тұрмыс жақсара түседі

Үкімет отырысында ауылдық жер­лерде тұрмыс деңгейін арттыру мәсе­лелері қаралды. Ауылда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Nur Otan партия­сы­ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл­ды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр, онда ауыл халқының 87%-ы тұрады, бұл – шамамен 7 млн адам.

Бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін инфрақұ­рылымды жаңғырту жұмыстары жүргі­зілуде. 2025 жылды қоса алғанда, жергі­лікті маңызы бар 27 мың шақырым жол салы­нып, жөнделеді. Ауылдарда 24 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға бері­леді. АӨК саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фер­мер­лік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады.

Қабылданып жатқан шаралар 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1 095 нысан жөнделіп, салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде.

2025 жылға қарай 748 мәдениет нысаны мен 1 719 спорт нысаны жөнделіп, салынады. Биыл 480 ауылды жаңғыртуға 105 млрд теңге бөлінді. «Басты міндет – ауылда тұрмыс сапасын арттыру», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйте­рек» ҰБХ» АҚ-пен және әкімдіктермен бірлесіп, ауылдық жерлерде кре­дит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қар­жыландыруды, сондай-ақ жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия, Энергетика, Денсаулық сақтау, Білім және Мәдениет министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қабылдау және 2025 жылға қарай ауылдық аумақтарды дамыту бо­йынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.