Руханият • 21 Сәуір, 2021

Талдының маңын тазартты

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шет ауданының аумағында орын тепкен Талды тарихи-археологиялық паркі – тас, қола дәуір, ерте темір ғасыры, орта ғасыр және заманауи этнографиялық кезең­дерді қамтитын ескерткіштердің шоғырланған жері.

Талдының маңын тазартты

Таяуда «Игі істер марафоны» жал­пы­ұлттық жобасы аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы осы аталған тарихи мекенге экотур ұйым­дастырды. Бұл іс-шараға жастар ресурстық орталығының өкілдері, оқытушылар, оқушылар және музей қызметкерлері қатысты. Археологиялық паркте олар біре­гей тарихи ескерткіштермен танысып қана қоймай, сол маңдағы аумақты қоқыстан тазартты.

Қазіргі таңда Талды тарихи-археология­лық паркінде үлкен шаруалар қолға алына бастаған. Мысалы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археолог-ғалымдары бұл жерде саябақ құру жобасын әзірледі. Жоба бойынша архео­логиялық зерттеулер, қалпына келтіру және консервациялау жұмыстары жү­ргізілді. Паркте күзет тақталары мен ны­сан­­дардың орналасу орындары көрсе­тіл­ген. Қазіргі уақытта туристер үшін қа­жетті ақпарат үш тілде жазылған QR-коды бар баннерлерді орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сон­дай-ақ алдағы уақытта Талды тари­хи-археологиялық паркі бойынша экскур­сиялық турлар әзірленіп, сынақтан өткі­зіледі және туристік жолсілтемелер шы­ғарылады.

Еске салсақ, Талды тарихи-археология­лық паркінің құрамына енетін Қаражартас қорымындағы ең ірі Беғазы-Дәндібай кесенесінің табылуы ғылым үшін үлкен жаңалық болды. Осыдан төрт жыл бұрын қайта қалпына келтірілген бұл ескерткіш пирамидалық-сатылы құрылым болып саналады және сыртқы пішіні Мысыр мен ацтек пирамидаларын еске түсіреді.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы