Руханият • 21 Сәуір, 2021

«Сәлеметсіз бе, Бақтияр!»

1264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда газетіміздің Қарағанды облысындағы тілшілер қосынына мүгедек баласы бар жалғызбасты ана хабарласып, көмек сұрады. Өзі бес қабатты «хрущевка» үйдің жоғары пәтерінде тұрады екен: көктемде қар ерігенде, жазда жаңбыр жауғанда төбеден су сорғалап ағатын көрінеді.

«Сәлеметсіз бе, Бақтияр!»

Көп ойланып жатпастан, әлеуметтік желіні күнде «шулатып» жүрген Бақтияр есімді азаматқа хабарласуына кеңес бердім. Ертесіне әлгі әйел түсірген бейнеарыз фейсбукте жарияланды. Көп ұзамай қалалық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері келіп, жанайқай иесінің жағдайымен танысқан, көмек қолын созуға уәде беріпті...

Міне, жоғарыда есімі аталған Бақтиярды бүгінде Қарағанды тұр­ғындарының басым көпшілігі таниды десек, шындықтан алыс кет­пейміз. Бүгінде олардың «Сәлемет­сіз бе, Бақтияр!», деп басталатын арыз-шағымға толы жазбалары мен бейнероликтері фейсбук пен инс­таграмның бетін жаулап алған. Бү­гінгі күннің ащы шындығы сол – ком­муналдық келеңсіздіктерден әбден қажыған жұрт әкімдіктегілерді емес, әлеуметтік желідегі осы азаматты іздейтін болды.

 Сонымен, Бақтияр Омарханов деген кім?

– Бақтияр, сіз өзіңізді кіммін деп са­най­сыз: блогерсіз бе, атқару­шы би­­лік­ке оппозициядағы адам­сыз ба, әлде әділетсіздікпен және тәр­тіп­сіз­дікпен күресуші белсенді­сіз бе?

– Блогер де және ешқандай да ат­қарушы билікке оппозициялық көзқарастағы адам да емеспін. Тек қана әділеттілікті жақтаушымын. Қандай жұмыста болсаң да адал бол, өтірік айтпа, ешкімге қиянат жасама, әлсізге көмектес. Міне, ұядан алған тәрбием – осы.

– Бір кездері сіз Қарағанды қа­ласы әкімінің аппарат басшысы болып қызмет еттіңіз. Қызметтік мансапты жалғастыруға не кедергі болды?

– Ол қызметке жастау кезімде, 27 жасымда келдім. Негізінде, әкем де ол мекемеде қызмет ету ауыр бо­ла­тынын айтып, қарсы бол­ған. Бірақ сол кездегі облыс әкімі Нұр­мұ­хамбет Әбдібеков өзі қабылдап, ұсыныс жасаған соң қарсы болмадым. Тест тапсырып, конкурсқа қаты­сып, қызметке тұрдым. Ол жұ­мысқа дейін жеке кәсіпкерлікпен айна­лыс­тым, облыстық кәсіпкерлік бас­қармасын­да, «ҚазАгро» АҚ-тың облыстық филиалында қызмет ат­қарып, біраз тәжірибе жинаған едім. Қала әкімі аппаратының басшысы лауазымы өте қызықты жұмыс еді. Бірақ әртүр­лі объективті-субъективті себептермен қызметті жалғастыруға мүмкіндік болмады да, өз еркіммен өтініш жазып кетуге тура келді.

– Ұстанған позицияңыз жергі­лікті билікке жақпайтыны белгілі. Осы орайда қудалау, қоқан-лоқы көрген жеріңіз бар ма?

– Иә, жергілікті билік ұнат­пай­ды, олардың сынды ауыр қабыл­дай­тынын білемін. Өйткені мен олар­ды көп мақ­­тамаймын ғой, тек тұр­ғынд­ардың өті­ніштері бойынша кем­шіліктерін жария етумен айна­лысамын. Әрине кейде реніш­терін жеткізіп жатады.

– Әкімдік тарапынан қандай реакция болады? Мүмкін олар сізді қызметпен қызықтырып, өздеріне шақырып жүрген шығар?

 – Әкімдік тарапынан болатын реакциялар әртүрлі. Бөлімдер, аудан әкімдіктері жылдам шара қолданып, жауабын беріп жатады. «Жазғандарыңды алып тасташы, облыс әкімдігі ұрсады» дегендей де өтініштер болады. Негізі облыстық деңгейде, Қарағандының өз басында ауыр қабылдайды. Жазғандарымды елемеуге тырысады, жауаптарын да бере қоймайды, шаралар да кештеу қабылданады. Әрине облыс орталығында халық та көп, жұмыс та бастан асады, бұрыннан қорда­лан­ған кемшіліктер де жетеді, оның бәрін түсінемін. Менің бар ойым сол проб­лемаларды дер кезінде шешуге көмектесу ғана. Өкінішке қарай, оны біреу дұрыс қабылдаса, енді біреулер түсінбей жатады. Ал қызмет туралы айтсам, әзірге әкімдік тарапынан ондай ұсыныс түсе қойған жоқ. Тіпті, бірлесіп жұмыс істеуге де ниет танытқан емес.

– Сіздің әкеңіз Ниқанбай Омар­ханов ұзақ жылдар бойы мемле­кеттік қызметте болды, облыста бір­қатар ауданды басқарды. Қазір­гі тірлігіңізге әкеңіз қалай қарайды?

 – Аса құптамайды. Ел қатарлы қызметте бол, әділдік іздесең жүйені ішінен түзетуге жұмыс істе дегенді айтады. «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды», деп мен үшін алаңдайды.

– Қарағандының көптеген тұр­ғын­ы сізді үнемі іздейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз: олар ат­қару­шы билікке сенбей ме, әкімдер жұмысты дұрыс ұйымдас­тыра алмай ма, әлде олар сізді «құт­қару­шы» кейпінде көргісі келе ме?

– Атқарушы билік көп жағдайда мәселенің алдын алуда кешігіп жү­реді. Күнделікті ағымдағы жұмыс­тар­мен кетіп қалады да, негізгі жұмыс­тарына үлгермей жатады. Сосын кемшілік орын алғанда ғана «өрт сөндіруші» ретінде жанталасады. Тұрғындар соған ренжиді, сосын еріксіз біз сияқты тәуелсіз қоғам бел­сенділеріне шығады. Бұл әрине дұрыс емес! Екінші жағынан бар­лық жауапкершілік пен міндет ат­қарушы биліктің мойнында қалып қояды да, мәслихаттар, депутаттар сияқты өкілетті органдар әкімдердің көлеңкесі сияқты жүреді. Халықпен жүйелі жұмыс істемейді, мемлекет тарапынан жергілікті билікке көмек ре­тінде құрылған қоғамдық кеңес­тердің рөлі жоққа тән. Өйткені ол кеңестерге әкімдер өздеріне қар­сы шықпайтын адамдарды ғана жинап, принципшіл азаматтарды сайлағылары келмей ме деген ой кейінгі кезде жиі келеді.

– Жалпы, сіз күнде айтып, көр­се­тіп жүрген кемшіліктерге кім кінәлі: әкімдер ме, немқұрайды тұр­ғындар ма, жоқ қазіргі қалып­тасқан жүйе ме?

– Президентіміз халық үнін еститін мемлекет туралы үнемі айтып, кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп жүр. Білімді, жігерлі жастарды билікке тартып, билікті қоғам тарапынан бақылау туралы нақты тапсырмалар беріп, қалыптасқан жүйені өзгерту туралы көп айтып жатыр ғой. Қолдаймын.

– Блогты қолдау үшін деп әлеу­меттік желілерде ақша жинап жатыр екенсіз. Ақша жүрген жерде қаңқу сөз жүреді, бұл тірлігіңіз түбі өзіңізге пәле болып жабысады деп ойламайсыз ба?

– Бұл мәселені белгілі қоғам бел­сен­ділерінің ұсынысымен таяу арада ғана қолға алдым. Себебі тұрақты жұмысым жоқ, ал елдің айтқан арыз-шағымын арнайы барып, көзбен көру керек. Жазғандарын өңдеп, түзе­тіп, бейнефото монтаждап, біраз жұ­мыс­тарды істеуге тура келеді. Мұ­ның бәрі оңай емес. Оған уақыт керек, жүріп-тұруыңа бензин керек, күн­­көрісті де ұмытпаған жөн. Бұл жер­де мен ешкімге ақша төле деп талап қоймаймын, бұл әркімнің жеке ше­шімі және шотыма мардымды қар­жы да түсіп жатқан жоқ. Ал негізгі нәпа­қам­ды такси қызметінен, инстаграмда жарнама, кеңес беруден табамын.

– Осылай жүре бересіз бе? Әлде, алда жобалар мен жоспарлар бар ма?

– Жоспарлар да, жобалар да көп. Оның қалай боларын алдағы өмір көрсетеді.

– Өзіңіз туралы, отбасыңыз жа­йында айта кетсеңіз...

 – Жасым 31-де. Үйленгенмін, бір балам бар.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚАРАҒАНДЫ