Қазақстан • 21 Сәуір, 2021

Көк байрағымыз – ең биік шыңдарда

164 рет көрсетілді

Жер бетінде биіктігі 8 000 метрден асатын 14 шың бар. Солардың барлығын алғашқы болып бұл күндері 76 жасқа толып отырған Райнхольд Месснер есімді азамат бағындырды. Италияның Оңтүстік Тироль аймағында орналасқан Брессаноне деп аталатын шағын ғана қалада туып-өскен ол өз сапарын 1970 жылы Гималайдың солтүстік-батысындағы Нангапарбаттан бастады. Содан кейін әлемдегі ең биік шыңдарды бірінен кейін бірінің ұшар биігіне шықты. Өз жоспарын жүзеге асыру үшін Месснер өмірінің 16 жылын сарп етті.    

Өзінің бір сөзінде ғұлама жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуэй «Мен үш-ақ спорт түрін мо­йындаймын. Олар – коррида, альпинизм және автожарыс. Ал қалғандары жәй ғана ойын, баланың ермегі» деген екен. Расында да альпинизмнің өте күрделі әрі қауіпті спорт түрі екені еш дау туғызбаса керек. Онымен тек жолын кес-кестеген кедергілерден қорықпайтын, ешбір қиындыққа мойымайтын, қысқасы, жүрегінің түгі бар адамдар ғана айналысады. Көз арбаған биіктерге көз тігіп, нар тәуекелге барған талай пенденің денесі мәңгі мұздың астында немесе тау мен тастың арасында қалғаны барша жұртқа мәлім. Соған қарамастан көз арбаған биіктерді бағындырып, көздеген мақсатына қол жеткізу үшін қауіп-қатерге бас тігуден тайынбайтын азаматтардың қатары еш кеміген емес. Керісінше, олардың саны жылдан-жылға артып келеді.

Нақты деректерге сүйенсек, әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңды бағындырған небәрі 41 мұзбалақ бар екен. Даңқы жер жарған Райнхольд Месснердің ерлігін келесі жылы әйгілі Ежи Кукучка қайталады. Поляк альпинисі өз сапарын 1979 жылы бастап, 1987 жылы аяқтады. Небәрі сегіз жылда ол өз жоспарын жүзге асырды. Бірақ поляктың өмірі келте болды. 1989 жылдың күзінде Лхоцзені тағы бір мәрте бағындыруға әрекет еткен кезінде оның сым арқаны үзіліп, альпинист шамамен 2 мың метр биіктен құлады. Ежидің мәйіті сол күйі табылмады. Атақты альпинист небәрі 41 жаста еді...

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары тағы төрт альпинист барлық биік таудың ұшар басына шығып, төрткүл дүние жұртшылығы назарын өздеріне аударды. Олар – швейцариялық Эрхард Лоретан (1982-1995), мексикалық Карлос Карсолио (1985-1996), польшалық Кшиштоф Велицки (1980-1996) және испаниялық Хуанито Ойярсабаль (1985-1999). Ал қалған саңлақтар жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін үлкен іс тындырып, өз есімдерін тек альпинизм ғана емес, адамзат тарихына да алтын әріптермен жазып кетті.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі күнге дейін Италияның – жеті, Испанияның – алты, Оңтүстік Кореяның – бес, Польша мен Непалдың – үш, Швейцария, Мексика, АҚШ, Эквадор, Германия, Финляндия, Аустралия, Португалия, Аустрия, Жапония, Чехия, Словакия, Иран және Қытайдың  бір азаматы әлемдегі ең биік 14 шыңның барлығын бағындырды. Байқасаңыздар, небәрі 20 мемлекеттің өкілдеріне ғана тарихта қалу бақыты бұйырған екен.

Бір кереметі, әлемдік альпинизм тарихында біздің отандастарымыздың да есімдері алтын әріптерімен жазулы. Жоғарыда атап өткен Джомолунгма (8 848 метр), Чогори (8 611), Канченджанга (8 586), Лхоцзе (8 516), Макалу (8 481), Чо-Ойю (8 201), Дхаулагири (8 167), Манаслу (8 156), Нангапарбат (8 126), Аннапурна I (8 091),  Гашербрум I (8 080), Броуд-Пик (8 051), Гашербрум II (8 035) және Шишабангма (8 027) секілді барлық 14 шыңды бағындырған 41 саңлақтың қатарында Қазақстанның үш бірдей азаматы бар. Олар – Денис Урубко, Василий Пивцов және Мақсұт Жұмаев. Бұл шыңдардың барлығы да Гималай мен Каракорум таулары жүйесінде Қытай, Непал, Үндістан және Пәкістан елдері аумағындағы орналасқан. Енді сол саңлақтардың әрқайсы жайында оқырмандарымызға қысқаша мәлімет бере кетейік.

Денис Урубко 1973 жылдың 29 шіл­десінде Ресейдің Ставрополь өлкесінде туды. Бозбала шағында ол Қазбек Валиев пен Юрий Моисеев жетекшілік еткен қазақстандық альпинистердің Гима­лайдағы Дхаулагириге экспедиция­сы жайында тартымды мақаланы көз алмай оқиды. Сол кезден бері Денистің спорттың осы түріне аңсары ауады. Тау-тасты армансыз шарлап, біраз тәжірибе жинаған соң ол 1993 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Біздің елде Урубконың нағыз кәсіпқой альпинист ретінде қалыптасуына барлық жағдай жасалды. Қазақстан құрама командасы сапында ол талай экспедицияларға қатысты. Ал биіктігі 8 мың метрден асатын барлық шыңды бағындыру үшін аталған азамат тапжылмай тоғыз жыл бойы тер төкті (2000-2009). Жерлесіміз – осындай дәрежеге жеткен әлемдегі 15-ші және ТМД-дағы тұңғыш альпинист. Сондай-ақ Денис сол белестердің барлығын оттегін қолданбай-ақ бағындырды.

1975 жылы Алматы қаласында туған Василий Пивцов пен 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мақсұт Жұмаев ақбас шыңдарға 2001 жылы көз тікті. Содан қауырт жұмыс басталды. Бұл ретте «бәрі бірден керемет болды» деп еш айта алмаймыз. Таулар да өз тәкаппарлығын көрсетті. Жерлестеріміздің жолы болмай, жарты жолдан кері қайтқан кездері де жоқ емес. Десек те бұл сәтсіздіктер олардың сағын сындыра алған жоқ. Табан­дылық мен төзімділіктің, батылдық пен батырлықтың және өздері таңдаған кәсіпке адалдықтың арқасында Василий Талғатұлы мен Мақсұт Сағынтайұлы араға 10 жыл салып, көздеген мақсат­тары­на жетті. Барлық биік нүктеге табан­дары тиген тұлғалардың тізімінде айту­лы қазақстандық жұп 25 және 26-шы орындарда тұр.

Альпинизм жайында сөз қозғағанда, көзі тірісінде аты аңызға айналған Ана­толий Букреев жайында айтпай кетуге болмас. Ол Ресейдің Челябі облысының Коркино қаласында туғанымен, нағыз кәсіпқой альпинст ретінде Қазақстанда қалыптасты. Әйгілі бапкер Ерванд Ильинскийдің қол астында жаттықты. Студент кезінде КСРО аумағындағы Хан-Тәңірі, Памир, Эльбурс және тағы басқа да тауларға шығып, үлкен тәжі­рибе мектебінен өтті. Содан Гима­лайға сапары басталды. Түрлі экспедиция құрамында ол «сегіз мыңдық» шың­дардың 11-інің басына шықты. Бірақ 1997 жылдың 25 желтоқсанында Аннапурнаны бағындырмақ болған кезінде қаза тапты. Оның да денесі табылмады. Анатолий ол кезде 40 жасқа да толмаған еді...      

Қатерлерден қорықпай, үлкен сынақ­тардан сүрінбей өтіп, Қазақ­станның Көк байрағын құзар шыңдардың биігінде желбіреткен батыр ұлдарымызға  алғыс­тан басқа айтарымыз жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Арақ сатылмайтын аудан

Аймақтар • Кеше

Ерлікке толы суреттер

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар