– Облыста жол апатының жиілеп кетуі бәрімізді, ең алдымен, жергілікті азаматтарды алаңдатады. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 69 адам, соның ішінде 6 бала қайтыс болды. Мұндай ахуал жыл сайын қайталануда. Әсіресе, «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, өкінішке қарай, бұл жол адам өміріне үнемі қауіп төндіріп отыр. Биылғы екі ай ішінде осы жолдың бойында 7 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам қаза тапқан. Сондай-ақ, 15 адам зардап шекті. Бір ғана жол апатынан 15 бала жетім қалды.
«Бұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Үкімет пен өңірдегі әкімдіктердің міндеті – жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету. «Орал-Атырау» тас жолының аймақ үшін стратегиялық маңызы зор. Барлық жолаушы және жүк тасымалы осы жол арқылы өтеді. Автожолдың бойында көлік тұрағы жоқтың қасы. Шын мәнінде, жолдың сапасы көңіл көншітпейді», деді Мемлекет басшысы.