Қазақстан • 22 Сәуір, 2021

АҚШ санкциясы Қазақстанға әсер ете ме?

794 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада АҚШ президенті Байденнің әкімшілігі «елдің ұлттық қауіпсіздігіне қол сұққан» Ресейдің кейбір әрекеттеріне байланысты санкциялар жариялады. Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді деген сауалға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер жауап берді.

АҚШ санкциясы Қазақстанға әсер ете ме?

Ақ үйдің ресми сайтында Ресей Фе­де­ра­циясы үкіметінің «зиянды сырт­қ­ы әрекетіне» жауап ретінде жа­рия­лан­­ған мәлімдемеде бірқатар жеке тұл­ға мен ұйымның жұмысына шек­теу қо­йыл­ған. Құжатта Байден әкім­шілігі Америка Құрама Штаттары Ресей­мен тұ­рақты және болжамды қарым-қаты­нас­­ты қалайтынын анық көрсеткені айтыл­ған. Сондай-ақ АҚШ билігі екі ел қа­рым-қатынасын теріс траекторияда жалғастыру керек деп ойламаймыз дейді. «Деген­мен, біз ұлттық мүдделерімізді қор­ғай­тынымызды, Ресей үкіметінің қауіп төндіретін іс-әрекеттеріне жауап бе­реті­німізді ашық айттық» делінген хабар­ламада. Бұл арқылы АҚШ Ресей­дің «тұрақсыздыққа жетелейтін халық­ара­лық іс-қимылдары» тоқтамаған немесе одан сайын өршіген жағдайда стра­те­гия­лық және экономикалық салдары бола­тынын ескертіп отыр.

Ресейге тағылған айып көп. Атап айтқанда, «АҚШ пен серіктестерінің демократиялық институттарына, әділ әрі ашық демократиялық сайлау өткізуге кедергі келтіру, кибершабуылдарға ұйыт­қы болу немесе қатысу, өзге елдер­дің үкіметтеріне әсер ету үшін трансұлт­тық сыбайлас жемқорлыққа жол беру, диссиденттер мен журналистер­ге қар­сы экс­территориялық сипат­тағы әре­кет­тер, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіз­дігі үшін маңызды елдер мен мемлекеттер­дің қауіпсіздігіне қол сұғу, мемлекеттер­дің аумақтық тұтастығын құрметтеуді ұс­танатын халықаралық заң принциптеріне қарсы келу» секілді айыптаулар бар.

АҚШ Қаржы министрлігінің шетел­дік активтерді бақылау басқар­масы Ресей банкі, Ұлттық әл-ауқат қоры және Қаржы министрлігі шығар­ған обли­гация­­ларды сатып алуға, оларға қарыз беруге тыйым салды. Бұл тыйым 2021 жылғы 14 маусымда күшіне енбек.

Сондай-ақ АҚШ Қаржы министрлігі Ресей­дің алты технологиялық компа­ния­сын «қара тізімге» енгізіп отыр. Мәлімдемеде бұл компаниялар «Ресей­дің арнайы қызметтерінің кибер бағ­дар­­ламасына қолдау көрсетеді, оның ішінде сараптамалық кеңестер беріп, бағдарламалар әзірлеуге және ки­бер­ке­ңістіктегі зиянды әрекеттерді жеңілдетуге көмектеседі» делінген.

«АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижелеріне әсер етуге тырысқаны» және «жалған ақпарат таратқаны үшін» 32 заңды және жеке тұлғаға cанкция енгізілген. Ел үкіметі мұндай қызметпен айна­лысатындарды қудалауды жалғас­ты­ратынын айтады. Одан бөлек, Ва­шин­гтондағы Ресей дипломатиялық миссиясының 10 қызметкерін елден шығару туралы шешім қабылданған.

Жақында АҚШ-ның Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Ресейге қатысты санкциялардың Қазақстанға әсері болмайтынын жеткізді.

«Ресейдің іс-әрекетін өзгерту үшін осы санкция шараларын қабылдағанымызды айтқым келеді. Мұнда бір нәрсені атап өту керек: олардың біздің сайлауға және мемлекеттік ақпаратқа араласу сияқты әрекеті болды. Бірақ Қазақстанға қатыс­ты бұл санкциялардың міндетті салдарын болдырмау үшін біз Қазақстанда жұ­мыс істедік және жұмыс істей береміз де. Біз бұл санкциялардың Қазақстанға әсер ет­кенін қаламаймыз», деді У.Мозер.

Ресей өз кезегінде АҚШ-қа қарсы санк­цияларын жариялады. Мәскеу сәй­кесінше 10 америкалық дипломатты елден шығарып жібермек. Ресей мен үшінші елдердің азаматтарын АҚШ елшілігіне немесе бас консулдығына жұмысқа тартуды тоқтату бойынша да шаралар қарастырылады. Сондай-ақ америкалық дипломаттардың орналасқан жерлерінен тыс аумақтарға сапарларына тыйым салады. Ресейдің ішкі істеріне ара­­ласатын америкалық қорлар мен үкі­мет­­­тік емес ұйымдардың жұмысын шек­теу бо­йынша шаралар қабылданбақ. Со­ны­­­мен қатар жақын арада министрлік «қара тізімге» енгізілген сегіз америка­лық шенеу­нік­тің аттарын жариялайты­нын мәлім­де­ді. Елдің сыртқы істер министр­лігі егер Вашингтон санкциялар саясатын ұс­тану­ды жалғастырса, Мәскеу басқа да ша­р­а­ларды қарастыра бастайды дейді. Ми­нистрлік Мәскеу Вашингтонмен қа­рым-қатынастағы шиеленістің одан әрі өсуі­не жол бергісі келмейтінін және диа­лог­қа ашық екенін жеткізді. АҚШ та соң­ғы ен­гі­зіл­ген санкцияларға қарамастан, дип­ло­­ма­тиялық байланыс орнатуға дайын секілді. 

Айта кету керек, Ресей президен­ті Вла­димир Путин өзге 40 ел көш­бас­шысымен қатар, АҚШ бастамасымен өтетін Халықаралық климат саммитіне қатысады. Алайда Путин – Байден келіссөзі өтпейтіні белгілі.