Руханият • 22 Сәуір, 2021

«Ясауи ізімен» экспедициясының көкжиегі кеңейеді

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Түркі елдеріне ортақ жобаға айналатын болды.

«Ясауи ізімен» экспедициясының көкжиегі кеңейеді

Осы орайда, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы координаторы Исмаил Гюрлек мырза «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасымен тереңірек танысу мақсатында Түркістан қаласына арнайы іссапармен келіп, қорық-музей басшылығымен кездесті. Сондай-ақ сапар барысында елші мырза Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақалдың қолындағы тарихи қолжазбалармен танысты.

«Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи тарихын түгендеп, деректерін іздеу мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жасап жатқан жұмыстар түркі елдерінің ортақ қуанышына айналды деуге болады. Түркия елінің телеарналарында «Ясауи ізімен» жобасы нәтижесінде табылған шежірелер мен тарихи мұралар жайлы көрсетілген хабарлар елде ерекше қозғалыс тудырды. Аталған жоба әрі қарай ауқымды түрде жүзеге асуына қолдау көрсету үшін біз өз ұсынысымызды білдіреміз. Жобаға атсалысу біздің де парызымыз», деді Исмаил Гюрлек мырза.

Сонымен қатар болашақта Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі жаңадан табылып жатқан шежірелердің түпнұсқасын толықтай аударуға, кейбір жәдігерлерді реставрациялап, заманауи үлгіде электронды кітап етіп шығаруға қолдау көрсетпек.

Кездесу барысында «Ясауи ізімен» жобасының жұмысын арттыруға бағытталған іс-әрекетті үйлестіру, ғылыми жоба аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, түркі дүниесіне кеңінен таратуды дамыту перспективалары қарастырылды.

Осы мақсатта, алдағы жылдары атқарылуы тиіс жұмыс жоспары белгіленді. Атап айтсақ, болашақта – Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау, бірлескен экскурсиялық маршруттар құру, қос тарап өз құзыреті шегінде туристік имиджді қалыптастыру, музей саласы мамандарының тәжірибе алмасуына және кәсіби біліктілігін арттыруына бағытталған іс-шараларға қолдау көрсету, тарихи-мәдени қарым-қатынасты нығайту сынды көптеген мәселе қарастырылған.

Түрік бауырлар екі күнге созылған ресми сапар барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ортағасырлық Сауран қалашығы мен Үкаша ата кесенесі және құдығымен танысты.