Қазақстан • 23 Сәуір, 2021

Тәуелсіздік тірегі – ел бірлігі

126 рет көрсетілді

Тәуелсіздік – киелі ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел... Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті», деді. Бұл тәуелсіз елімізге ауадай қажет ой. Себебі, бірлік – ұлтты сақтаудың бір кепілі. Демек, ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанға не жетсін!

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

«Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады». Кеңесшіл ел азбасы, кеңесіп пішкен тон келте болмасы белгілі. «Төртеу түгел болса – алар, алтау ала болса алдырар». Қысқасы, ынтымақ – бұзылмайтын қорған, бірлесе еккен ағаш – орман. Айналып келгенде, береке басы бірлікте. Одан әрі тереңдете үңілсек, түркі бабаларымыз бірліктің маңыздылығын кейінгі ұрпаққа айтуды парыз санағандықтан, осы тұрғыдағы ғибратты сөз түйіндерін тасқа қашап жазып қалдырған. Дала заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделгенін аңғартқан. Анақарыс (Анахарсис) сынды арысымыз бақытты шаңырақты жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы тұрғы­сында түсініп, үйді балташылар мен тас қалаушылардың еңбегінің ғана емес, үй ішінде тұрып жатқан адамдардың өзара қарым-қатынасының жемісі деңгейінде пайымдаған. Тоқсары (Токсарид) данышпан достық туралы көп сөзден достық пейілді бір іс артықтығын болжайды. Тоныкөк (Тоң-ұқық) баһадүр түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып, бәрі де ел үшін деп еңселі ой тастайды. Білге (Мерген) қаған ел болып бірігуден асқан бақыт жоқтығын баса айтады. Күлтегін сынды арлы азамат бек ұлдарың құл болмасын десең, пәк қыздарың күң болмасын десең, бірлік керектігін, тату елге тыныштық пен тоқшылық қашанда нәсіп боларын айтып кеткен.

Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалау­шы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Ата Заңын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабына» ел бірлігі хақындағы 60 ой-толғам енгізілген. Бір ғажабы, олардың әрқайсысы – асыл афоризм, кесек алтын ойдың үзігі дерлік дүниелер. Елбасы ой-толғамдарына бойлай айтсақ, бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық іс тек жарасқанға бұйырмақ. Бақсақ, біздің бабаларымыз тірі болуы үшін бір болған, ендеше біз ірі болу үшін бір болуымыз керек. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана алға баса аламыз. Елбасы Н.Назарбаев: «Егер де халықтың бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер де, қазақ халқы да, Қазақстан да тәуелсіз ел болмас еді», деп орынды ой қозғайды. Турасын айтсақ, ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Бұл орайда да Елбасы: «Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес, ала алған да емес, қазақ, әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бір­лік­тен күшейген». «Бабаларымыз өзге­­лер­дің төріне шығу үшін өзі де мейман­дарына қақ төрден орын беріп, құрмет көрсеткен», деп ой қорытады. Олай болса, еңсесі биік елдікке есі кеткен ғана топырақ шашады. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Анық білеріміз – егер қандай да бір ел тұрақтылықтан айырылса, онда күллі жаһандық тыныштыққа қауіп төнгені. Бұл ретте тұрақтылық саяси мәселелерді шешудің күшке негіз­делмеген тәсілдеріне көбірек сүйенгенде ғана сақталмақ. Бұған қоса айтсақ, «популизм» «этнопопулизм» деген ұғым­дар бар. «Популизм» латын тілі­нен аударғанда «populus» деген сөз, халық­тың құқығы мен мүддесі үшін күрес дегенді білдіреді. Популизм – жекелеген адамдар тобының, кейбір басшылардың адамдардың көңіл күйлерін қалыптасқан жағдайларға байланысты өз мүддесіне пайдалануы. Заманауи саяси лексикондағы «популизм» түсінігі көп жағдайда саяси күрестердегі тактикалық әдістердің құ­­рал­дарын анықтауда, көпшіліктің қо­ғам­дық санасының апелляциясына байланысты жиі қолданылады, максимализм және саяси шешімдерді бірың­ғай бейімдеп қабылдауда да қоғам­­­дық өмірде көрініс береді. Ал «этнопопулизм» ұғымы ұлттық ділге (менталитетке) бағыттала таразыланады. Бұл реттегі Елбасы түйіндері де ойлантпай қоймайды. Мәселен, Елбасы: «XXI ғасырда елдерді ұлы және қосалқы, бас­таушы және еруші елдер деп бөлу өрке­ниеттілік тұрғысында мүлде ескір­ген. Үстемдікке ұмтылу инер­циясы про­грес­ке апармайды. Ол пла­нетамыз­дың жекелеген елдері мен ай­мақтарын жаһандық дамудан шетқақпай қалдыру қаупін туғызады. Бұл – баршамыз  үшін де  тығырық», деп жазады. Бүгінде популис­тер саяси ұпай жинау үшін ештеңеден тайынбайды. Ең бір қасиетті ұғымдарды да саудаға салады. Олар адамдардың үлкен уәделерге, даңғаза ұрандарға оңай иланатындықтарын да жақсы біледі. Қоғамның небір күрделі мәселелерін оп-оңай шешіп тастауға уәде береді. Ал ондай жол көбіне-көп біреу-ақ: өз халқыңды жұрттың бәрінен де артық халық деп ұғындырып, оны басқаларға қарсы айдап салу. Ал этнопопулизм – демократиялық қоғамның денесіне шыққан безеу емес, дерт. Онымен ұдайы күреспей болмайды. Ол жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қоғамды одан әрі жетілдіргенімізде де қыр соңымыздан қалмайды. Мұндай кесапатпен әкімгер­ші­лік жолмен де, идеологиялық жолмен де күресіп, көп ештеңе бітіре алмай­сың. Онымен күрестің жалғыз жолы – адам материалының сапасын жақ­сартуға күш салу. Бүгінгі әлем төр­тінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, тех­нологиялық, экономикалық және әлеу­меттік салалардағы терең және қар­қынды өзгерістер кезеңінде қадам басу­да екенін ескерсек, ойланбасқа бол­майды. Олай болса, ұлт әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуға тиіспіз. Рухани жаңғырудың мән-маңызы нақ осын­да. Бүгінгі таңда өз тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһан­дық көзқарасы бар қазақстандық – қазіргі қо­ға­мымыздың идеалы. Біз XXI ғасыр­дың жаһандық картасында ешкімге ұқса­май­тын, дербес орны бар ұлт ретінде «Жаһан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Күллі әлем бізді қара алтынмен немесе сыр­тқы сая­саттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы тиіс.

Асылы, жақсылықты жадында сақ­тай білген елдің рухы қашанда биік. «Өткенге қарап, ертеңіңді түзеу» өсиетін ұстансақ, өткеннің өнегесі баға жетпес байлық екенін танимыз. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай келелі толағай табыстарға кенелуде. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ең дұрысы, елдік тұтастыққа жік түсі­ретін, ағайын арасын суытатын қадам­дардан аулақ болу жөн. Ал рухы биік тұл­ғаның рухани құндылықтарға терең, бойлай білген, тұла бойына ауадай сіңдіре білген, құнарлы нәр іспетті ұялата білген тұлғаның осы үдеден табылары анық.

Қысқасы, аталған мәселелердің қай-қайсысы да – елдің елдігін, ертеңін ойлай айтылған мәселелер. Президент айтқандай, бұлардың бәрін де қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақыл­дасып бірге шешу дәстүрін де жалғас­тыра береміз... Қандай жағдайда да еліміз­де, ең алдымен, адамның құқығын толы­ғымен сақтауға негізделген заң мен тәр­тіп болуы керек. Анархия мен жүген­сіздік жақсылыққа апармайтыны анық. Бүгінгі ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Қазіргі кезеңде де «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (Абай). Ел Президентінің мақала соңында: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Осы жолда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», деген түйіні әбден қолдарлық, үлкеніміздің де, кішіміздің де әр кез ескерер басты кредомыз болуы тиіс.

 

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар

Арақ сатылмайтын аудан

Аймақтар • Кеше

Ерлікке толы суреттер

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар