Аймақтар • 23 Сәуір, 2021

Ақмола облысы «қызыл аймаққа» қайта енді

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптада небары бір тәулік қана сары аймақтың санатына іліккен өңір тұрғындары иықтарынан ауыр жүк түскендей күй кешіп еді, жаман тұмаудың іле бас көтеруіне байланысты қызыл аймақтың қатарына қайта енді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысы «қызыл аймаққа» қайта енді

22 сәуірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша COVID-19 індетінен зертханалық жолмен расталған барлығы 17276 жағдай тіркелді. Өткен бір тәулік ішінде зертханалық жолмен коронавирус пандемиясын жұқтырған 126 жағдай  расталып отыр. Осыдан-ақ қатердің қаншалықты қаулап өсіп келе жатқандығын аңғаруға болады. Соңғы кезде санитарлық талапты бұзу тым жиілеп кетті. Облыс орталығында бетперде тақпай, бейқам жүргендерден көз сүрінеді. 

Қауіпті індеттің асқынуына байланысты емханаға өз еріктерімен келіп тексерілген 8743 адамның 6284-і індет жұқтырғандармен байланыста болған. Демек, бұл әлі де тыйыла қоймаған ас, той, құдалық тәрізді ескі әдеттің салдары.

Соңғы аптада жаман тұмау жұқтырудың 705 жағдайы тіркеліп, аурулар саны біршама өскендігі байқалып отыр. Ең өкініштісі, соңғы бір тәулікте мектеп оқушылары арасында 16, мектепке дейінгі балалар арасында қауіпті індеттің 3 жағдайы тіркелген.

Дерт дауылы толастар емес. Өршудің себебі өзімізге байланысты болып отырғанын ескермесек, белгісіз дерттің беті қайтпайтын түрі бар.