Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, 2019 жылғы 3 қаңтарда «Кинематография туралы» Заң қабылданып, алғаш рет кино өндірісін қолдау шаралары қарастырылғанымен, осы салада әлі де өзекті мәселелер бар.
«Аталған Заң аясында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, әлі де шикіліктер бар, көп мәселелер тиісті деңгейде іске аспай жатқандай. Атап айтсақ, ұлттық киноның қазіргі даму жағдайындағы көркемдік сапасы; кинотеатрларда фильмдердің мемлекеттік тілде көрсетілуінің аздығы; шетелдік және отандық фильмдерге сұраныстың арасындағы айтарлықтай алшақтық; фильмдердің қазақ тіліне аударылуының сапасы; қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің аздығы; кинокөрсетілім мен көрермендер санының мониторингісінің жоқтығы мәселелері», - деді Жанарбек Әшімжан.
Кеңес отырысына қатысқан мәдениеттанушы, публицист Серік Ерғали өз баяндамасында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» жанынан қоғам және өнер қайраткерлерін қатыстырып, Қамқорлық кеңесін құру керектігін тілге тиек етті. Елде қазақ тілді білікті, талғампаз сценаристер тапшы екенін айта келе, кино-көркем сынды, кино-драматургияны дамытуға арналған шараларды қолға алу, «Қазақфильм» жанынан іргелі Дубляж студиясын жасақтау туралы ұсыныс білдірді.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, қабылданған «Кинематография туралы» заңда қазақстандық және шетелдік бизнес-құрылымдар үшін кинобизнесті тартымды ететін, Қазақстан Республикасының аумағында фильмдер шығару мен ұлттық фильмдерді прокаттау кезеңінде салықтық жеңілдіктер мен басқа да преференциялар көзделген. Сонымен бірге, Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Партияның сайлауалды бағдарламасындағы мәдениет, руханият саласына қатысты бірқатар міндеттерді уақытылы атқаруда Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан кідірістер болып қалуы мүмкін екендігіне тоқталған «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей аталған мәселеге айрықша назар аудару қажеттігіне тоқталды.
«Өздеріңіз білесіздер, сайлаудан кейін Елбасының, Үкімет басшысының қатысуымен Фракцияның отырысында Жол картасы бекітілген. Жол картасында Үкімет мүшелерінің әрқайсысы партия мүшесі ретінде қол қойып, онда көзделген міндеттерді орындау мерзімдерін белгіледі. Сол мерзімдерге сәйкес әр тармағын уақытылы және сапалы орындауды қадағалау – Фракция депутаттарының және жалпы әр партия мүшесінің басты мақсат, міндеті. Сондықтан, Ақтоты Рахметоллақызы, дәл қазіргі уақытта заңға тиісті өзгерістер уақытылы қабылданбаса, соған байланысты Жол картасының тармақтарын орындау мерзімі кейінге ығыстырылуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан осы мәселені тікелей бақылауда ұстаған жөн» - деді Әлібек Әлденей.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар кешенімен таныстырып, оның негізгі блок бойынша жүргізіліп отырғанына тоқталды. Жоспар аясында негізінен республика ауқымында өтетін ірі мерекелік оқиғалар қамтылған.
«Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауының жетекшісі Арман Абдоллаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасын бүкіл өңірде өткізуге «Nur Otan» партиясы тарапынан қолдау сұраған ұсынысы отырысқа қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
«Аталған ұсыныс қолдауға лайықты дүние деп ойлаймыз. Жалпы, қазіргі күні өзі домбыра тартпақ түгілі, аузынан дұрыс қазақы сөз ала алмайтын кезең болып тұр ғой. Сондықтан ұрпақтарымыз домбыраны үйреніп жатса құба құп әрине. Насихатты барлық жақтан арттыруымыз керек деп ойлаймын», - деді Кеңес төрағасы Жанарбек Әшімжан.
«Астана» телеарнасының жетекшісі Құрманбек Жұмағали Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында Тәуелсіздіктің тарихи кезеңдері қамтылған, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі туралы деректі фильм, сюжет, репортаж, сұқбат форматында жинақталған барлық материалдарын ортақ ресурсқа құйып, жүйелі түрде реттеп, әркім кез-келген уақытта пайдалана алатындай бір ортақ платформа жасау жөніндегі ұсынысы Кеңес мүшелерінің көңілдерінен шықты.
Сонымен қатар Кеңес барысында «Nur Otan»-ның ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында өткізілетін партиялық іс-шараларды жүйелеу және біріздендіру мақсатында «Ұлттық мұра» партиялық жобасын бекіту жөнінде ұсыныс ортаға салынып, мақұлданды. Бұл жоба «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын жүйелі іске асыруға ықпал етіп, өзекті мәселелерді осы «Miras» кеңесінің алаңында тұрақты талқылауға мүмкіндік бермек.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке жолдау үшін бірқатар ұсыныстар тұжырымдалды. Атап айтқанда, «Кинематография туралы» Заңға Қазақстан аумағына таралуына прокаттау куәлігін беру үшін фильмнің қазақ тіліндегі міндетті дубляжын не қазақ тіліндегі түпнұсқа нұсқасын талап ету; қазақ тілінде көрсетілетін не дыбысталған Ұлттық фильм санатына жататын киноларды кинотеатрларда прайм тайм уақытында көрсету туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу; «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» іріктейтін және қаржыландыратын фильмдерде «Кинематография туралы» Заңда анықтамасы берілген әлеуметтік маңызы бар фильмдерге басымдық беру.