Қоғамдық тәртіпті сақтаудың және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі қалай және полицияның жұмысын жақсартуда нендей қолдаулар қажет. Осы мақсатта кеше Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен Ішкі істер министрлігінде көшпелі отырыс болып өтті.
Алдымен депутаттарға ІІМ ауласында қойылған құрал-жабдықтар мен техника түрлері көрсетілді. Оны көруге Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов та келді. Мұнда ішкі істер органдарының қызметінде пайдаланылатын ұтқыр жедел басқару орталығы, жылжымалы полиция пункті, бортты компьютері бар автопатруль, ұтқыр криминалистикалық және жарылғыш зертханалар және өзге де техника түрлері қойылыпты. Алайда, мұндай ұтқыр техникалық зертханалар тек ірі қалаларда ғана бар екен. Тікұшақтың өзі еліміз бойынша үшеу көрінеді. Қару-жарақ және өзге де жабдықтардың ішінде отандық өнімдер тіпті жоқ. Олардың дені Ресейде шығарылған. Ортаға шыққан полиция қызметкерлері жекпе-жек төбелесінің тәсілдерін, қарудан қорғанудың қойылымын көрсетті. Сондай-ақ, депутаттар ІІМ мен Астана қаласының ІІД жедел басқару орталықтарының жұмысымен танысты.
Көшпелі отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров жүргізіп отырды. Алдымен Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов баяндама жасап, еліміздегі криминогендік ахуал мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың жай-күйі туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның мәліметіне қарағанда, ауыр, аса ауыр қылмыс 7,2 және 2 пайызға қысқарған. Тиісінше, ұрлық, тонау қылмыстары айтарлықтай өскен. Мысалы, тонау 22 пайызға, ал пәтер ұрлығы 39,7 пайызға көбейген. 2010 жылдың бірінші жартысында ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстар саны 14 пайызға өсіп, 29,3 мыңға жеткен. Министр мұны қылмыстық істерді тіркеудің жақсарғандығымен түсіндірді. Осы ретте нашақорлар саны 53 мыңға жетсе, соның 3,5 мыңы жасөспірімдер және 4 мыңы әйелдер көрінеді. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша “Оңтүстік” (Шымкент қаласы) және “Орталық” (Қарағанды қаласы) арнайы өңіраралық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы құрылған. Жыл басынан 2,5 мыңнан астам есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі сатудың 793 фактісі анықталыпты. 1 тонна есірткі, оның ішінде 27 килограмм героин тәркіленген.
Биыл еліміз аумағына 196 мың шетелдік, тағы 170 мың ТМД азаматтары келсе, олар тарапынан 540 қылмыс жасалғаны белгілі болды. Қылмыстың денін ұрлық, есірткі саудасы, тонау және кісі өлтіру құраған. 2009 жылы жол-көлік оқиғасының саны 8,8 пайызға, зардап шеккендердің саны 10 пайызға, ал қаза болғандар саны 13,5 пайызға қысқарыпты.
Сонымен қатар, министр өз ведомствосы ішіндегі жемқорлық әрекеттерге де тоқталды. Мәселен, сенім телефоны арқылы 507 шағым түссе, соны тексеру арқылы 35 полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылған. Биыл жемқорлық қылмыс бойынша 507 факт анықталса, өткен жылы ол 169 болған екен. Осының көпшілігі ішкі қауіпсіздік қызметі көмегімен жүзеге асырылыпты. Осы орайда министр Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында бірқатар өкілеттіктерді өзге ведомстволарға беру қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл өз кезегінде полиция күшін қылмысты ашуға бағыттауға мүмкіндік берер еді.
Депутаттардың министрге қойған сұрақтары да аз болған жоқ. Әсіресе, депутаттарды Қырғызстандағы қару-жарақтардың шекара асып кетпеуі мәселесі қатты алаңдатып отыр. Сондай-ақ, заңнамалық базаның жетілдірілуі керектігі және полиция қызметкерлері жалақысының әлі де мардымсыз күйінде қалып отырғаны да айтылмай қалмады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.