«RZN» ЖШС жобаға шамамен 8 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлауда. Зауыт тәулігіне 1000 данаға дейінгі автоклавты ұялы бетон шығарады.
Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, өндірісте 150 жұмыс орны ашылады. Құрылыста қолданылатын газ блогына елімізде орташа жылдық қажеттілік – 3,6 миллион текше метр.
«Осы өнімдердің жетіспеу мәселесі Мақтаарал өңіріндегі қалпына келтіру жұмыстары кезінде және Түркістан қаласындағы ауқымды құрылыстар барысында байқалды. Түркістан аймағындағы қолайлы инвестициялық ахуал бізге ең жақсы инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Мұны статистика да дәлелдеп отыр. Өткен жылы Түркістан облысы кәсіпкерлікті жүргізу бойынша бірінші орынға шықты және негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі бойынша көшбасшы болды», дейді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Биыл «Индустрияландыру картасы» аясында тағы үш жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.