Аймақтар • 25 Сәуір, 2021

Ақмола облысында қойшы ұлдарымен бірге дала өртін сөндірді

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау іргесіндегі Станционный кентінің тұрғыны Әбсәлем Құсман ұлдарымен бірге 300-400 шаршы метр аумақты шарпыған дала өртін сөндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында қойшы ұлдарымен бірге дала өртін сөндірді

Станционный кенті әкімдігінің мәліметінше, 24 сәуірде  карьердің айналасындағы құрғақ шөп өртенген. Кент әкімі Ардақ Тасқынбай өрт шыққан жерге барған.

«Карьер маңында жүрген ер адамды көрдім. Бастапқы да оны шөпті өртеп жүрген осы кісі деп ойладым. Кейін оны керісінше дала өртін сөндіріп жүргеніне көзім жетті. Оның екі ұлы да үстіндегі сыртқы киімін шешіп әкелеріне өртті сөндіруге көмектесті», дейді кент әкімі А.Тасқынбай.

Анықталғандай, кент тұрғыны Әбсәлем Құсманға өртті сөндіруге 11 және 12 жастағы ұлдары көмектескен.

«Мен қойшымын. Түскі уақытта отардың басында балаларымды қалдырып, өзім үйге түскі ас ішуге кеттім. Бір кезде түтінді көріп, кейін қайттым. Барсам шөп өртеніп жатыр екен. Бірден өртті сөндіруге кірістім. Алдымен ұлдарым, кейін кент әкімі келіп көмектесті», дейді Әбсәлем Құсман.

Айта кетейік, өрт 300-400 шаршы метр аумаққа жайылған. Өрттің тез таралуына қатты жел әсер еткен. Абырой болғанда өрт бір жарым сағаттың ішінде сөндірілді.

Соңғы жаңалықтар