Әлем • 25 Сәуір, 2021

Үндістан – екінші толқын құрсауында

665 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үндістанда төртінші күн қатарынан індет жұқтырғандар саны азаймай тұр. Сенбінің өзінде 350 мыңға жуық жағдай тіркелген. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.

Үндістан – екінші толқын құрсауында

Үндістан үкіметі мен денсаулық сақтау мекемелері COVID-19 жұқ­тырған адамдар саны күрт өсуіне байланысты қиындыққа тап болды. Емханаларда – медициналық жабдық, жансақтау бөлімдерін­де – орын, дәрі-дәрмектер, оттегі мен өкпе желдеткіштері тапшы. Қай­тыс болғандардың дене­лері мәйіт­ханалар мен крематорий­лерде жиналып қалған. Сенбіде өлім саны 2624 адамға жеткен. Бұл жоғары көрсеткіш жағдай­дың қаншалықты ушығып бара жатқанын көрсетіп отыр. Жек­сенбіде тағы 349 691 адамнан індет анықталған. Осылайша пандемия басталғалы елде коронавирус жұқтырғандардың саны 17 млн-ға жетті. Науқастарға лық толы ауруханалар оттегі жетіспеуінен жаңадан түскен аурулардан бас тартуға мәжбүр.

Күні кеше АҚШ билігі Үндістан­дағы жағдай алаңдатып отырғанын жеткізді. Елдің мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ қосымша көмек пен жабдықтарды жеткізу үшін Үндістан үкіметі­мен тығыз байланыста екенін айтты. Үндістан билігі ауыр зардап шек­кен шалғайдағы аудандарға жүктерді тасымалдау үшін по­йыздар мен әуе күштерін жіберетін болады.

Оттегінің жетіспеуінен науқас­тар ауруханада көз жұмып жатқан Делидегі жағдай тіпті күрделі. Елде жексенбіде қайтыс болғандардың саны алдыңғы күннен де асып түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы (ДДҰ) бұл жағдай коро­навирустың ауыр салдары қандай болуы мүмкін екенін тағы бір рет ескертіп жатқандай деп мәлімдеді.

Жыл басында ғана Үндістан үкіметі індетті жеңгеніне сенімді еді. Ақпан айының ортасында вирус жұқтырғандар саны 11 мыңға дейін азайып, вакциналар экспорттала басталған. Наурызда Ден­сау­лық сақтау министрі Үндістан пандемияның ең соңғы кезеңінде екенін айтқан.

Алайда жағдай қысқа мерзім­нің ішінде күрделеніп кетті. Вирус­тың уақыт өткен сайын өзгеріп, жаңа штамдары пайда болды. Одан бөлек, осы айдың басындамил­­лиондаған адамды жинаған Кумб Мела фестивалі сияқты қо­ғам­дық мерекелерден соң жағ­дай басқаша өрбіген. Делидегі ауру­ха­на­лар үлкен дағдарыстың алдын­да тұрғандарын ескертті. Дәрі­гер­лердің айтуынша, қаладағы барлық аурухана толығымен құл­ды­раудың алдында тұр. Егер от­тегі таусылса, талай науқастың өмі­­рін сақтап қалу мүмкін емес еке­ні айтылды. Сондай-ақ елдегі от­те­гі зауыттарын Үкімет дереу өз ба­­қы­лауына алуы керек дейді дәрігерлер.

Үндістанның оңтүстігіндегі Веллор қаласындағы христиан медицина колледжінің вирусологы Гагандип Кан ВВС-ге берген пікірінде вирустың таралуын тоқтату үшін қосымша шаралар қажет екенін айтқан. Ол барлық іс-шараны дереу тоқтату керек деген пікірде. Әсіресе жүздеген адам жиналатын үнді тойларына шектеу қою керек. Маман саяси, экономикалық не отбасылық себеппен өтетін жиындарды да әзірге өткізуге болмайтынын алға тартады. Ол толығымен локдаун емес, індет өршіген аймақтарды қатаң бақылауға алу керектігін баса айтты.

Жығылғанға жұдырық болған­дай, Мумбайдың солтүстігіндегі Вирар қаласындағы емханалардың бірінде өрт шығып, 15 науқастың өмірін жалмаған. Ауа конди­цио­нерінен түскен ұшқындар екі ми­нуттан кейін қарқынды тера­пия бөлімін отқа ораған. Үнді­стан­­ның тағы бір өңірінде онсыз да жет­­кі­лік­сіз оттегі ағып кетіп, Ма­ха­раштра штатының Нашик ауда­нын­дағы ауруханада 24 науқас от­тегі күтіп жатып қайтыс болған.

Осы күрделі жағдайда ел би­лігіне деген наразылық күшейе түскен. Өйткені орталықтағы би­леу­шілер жағдайға қатысты шара қолданудың орнына үнсіз бол­ған. Сәуір айында қысқа мәлім­де­мелерде премьер-министр Моди ұлттық вакциналау бары­сын тал­қылап, жағдайдың алаңда­та­р­лық екенін айтып қана қойған. Қауіп­сіздік шаралары ретінде тесті­леуді көбейтіп, бақылауды арт­тыруды және халықтан абай болу­ды сұрап қана қойған екен. Үкі­мет басшысы жағдайдың қиын екеніне қарамастан, тиімді күрес шараларын айтумен ғана бол­ған. Тек сейсенбіде Моди жағдай­дың шұғыл екенін атап өтіп, ха­лық­қа үндеуінде жаңа шаралар қабылдаған. Сондай-ақ елдегі ін­деттің екінші толқыны туралы ресми жарияланды.