Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
«Еңбек деген кезде біздің есімізге есімі қалың жұртқа белгілі азаматтар оралады. Солардың арасында биыл туғанына 125 жыл толып отырған шопан, малшы, селекционер, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың атын айтпай кете алмаймыз», деді Мемлекеттік хатшы.
«Дала академигі» атанған Жазылбек Қуанышбаев өмірбаяны ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Ол 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. 1930 жылы кеңес мал серіктестігі құрылғанда оған алғашқылардың бірі болып кіріп, қой бағады.
1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы кеңшарларында аға шопан болып қажырлы еңбек етеді. 1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен мал тұқымын асылдандыру жұмысына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қоймен будандастыру ісін жүргізеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын қайта жалғастырып, жаңа қой тобы – құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді. Одан төл алу және елтірі сапасын жақсарту көрсеткіші жылдан-жылға өрлейді. 1947 жылы әр жүз саулықтан 130 қозы алады. Осы еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Өндірілген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде, Дели, Бухарест, Нью-Йорк қалаларында және аукциондарда өте жоғары бағаланады. Осы үздік табысы үшін 1958 жылы екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1957-1965 жылдары қаракөл қойын өсіруді дамыту жолына бастамашы болды. Екі мәрте республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.
«Әлемдік өркениеттің барлық құндылығы, экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбектің қойылуы өте орынды. Ата-бабаларымыз елдің көсегесі еңбекпен көгеретіндігін, еңбек арқылы ғана ұшпаққа шығуға болатындығын ұрпағына аманат ретінде айтып кеткені белгілі. Халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін ең әуелі саналы, еңбекқор, кәсіп пен бәсекеге бейім ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Бұл үшін әділеттілік қағидаттарын алға шығару керек. Еңбек сіңіруден бастап, марапат беруге дейін мемлекет қана емес, қоғамның да көзқарасы әділ болғаны дұрыс. Ең бастысы, отандастарымыздың санасына еңбектің қадірі мен кәсіпқойлық рухын сіңіруге тиіспіз. Адам өзіне, өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп, ерінбей еңбек еткенде ғана шынайы бақытқа, мол дәулетке жете алатындығын ұғындыруымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың бойына сондай сенім ұялата алуымыз қажет», деді Мемлекеттік хатшы.
Еңбек ресурстарын жаңа технологиялармен ұштастыра білу – заман талабы. Сондықтан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіре білу өте маңызды.
«Дүниеде азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістік өсім жөнінде ойлануға тиіс.
Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе береді, жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттырып, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізуі керек.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, болашақ аграрлық секторда, әсіресе шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз тікелей шыға алуы тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе», деді Қырымбек Көшербаев.
Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиісті. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніс пен майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру қажет.
«Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет.
Осы ретте Sһopan Ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының мал шаруашылығы саласында қой өсірушілерге бағытталған ақпараттық платформасы назар аударарлық. Бұл платформа қойшы қауымның мұң-мұқтажын ортаға сала отырып, жан-жақты тәжірибе алуға бағытталған. Шопан қауымының мәртебесін көтеру жолында Шопандар күнін өткізу туралы ұсыныс – құптарлық бастама. Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығында бүгінгі таңда 100-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. Бұл шаруашылықтардың артында көптеген шаруа тұр, қазақтың болмысы тұр, қазақтың дәстүрі тұр деп айтуымыз керек. Ұлы
Абайдың:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», деген сөзін әрбір отандасымыз жадында ұстаса екен. Себебі масылдық бір ғана адамның ғана мәселесі емес. Керісінше, біртұтас мемлекет үшін үлкен проблема. Сондықтан әрбір азамат өзінің ақылына сүйеніп, еңбегіне сеніп өмір сүрсе, сонда Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстанның қарқынды дамуы мен өркендеуіне жол ашылады», деді Мемлекеттік хатшы.
Сөз соңында Қырымбек Көшербаев еңбек майданының қаһарманы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі ұлттық идеологияның бір бөлігіне айналса, құба-құп екенін жеткізді. Өйткені оның жүріп өткен жолы мен еңбегі – елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі.
Бұдан кейін жиында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Жазылбек Қуанышбаев Кеңес Одағы тұсында шалғайдағы Мойынқұм ауданы ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін тасытқанын жеткізді. Тіпті оның даңқы Кеңес Одағы ғана емес, шетелдерге де жеткен.
«2020 жылдың қорытындылары бойынша үйлесімді жұмыс пен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында агроөнеркәсіптік кешен саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіш бойынша оң өсу серпіні байқалады. 2020 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемінің 35 пайызға артқанын көрсетеді. Нәтижесінде, 2020 жылы қой саны 17,7 млн-ға жетіп, оның ішінде шаруашылықтар мен фермер қожалықтарында 8,4 млн, ауыл тұрғындары иелігінде 9,2 млн-ды құрап отыр. 2020 жыл бойынша қойдың жылдық ең жоғары өсімі тіркелді. Яғни 1 жылда 837 мыңға өсті», деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, асыл тұқымды қойдың үлесі 16,1 пайызға немесе 2,8 млн басқа жетті. 300 мың бас асыл тұқымды қой сатылды. Ал бұл өз кезегінде селекциялық жұмыстың дамуына әсерін тигізіп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі биыл Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аяқталатындығын атап өтті. «Мемлекет басшысы Үкіметке бизнеспен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың алдағы 5 жылға арналған сапалы жаңа Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Осы жылдың 21 сәуірінде өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық жоба бойынша жалпы тәсілдемелерді мақұлдады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған Ұлттық жобада қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді үздік дүниежүзілік тәжірибелер мен технологияларды қолдануға ынталандыру, жайылымдарды игеруде жаңа техника мен технологияларды алуға жеңілдетілген кредиттер беру, фермерлерді жайылыммен қамтамасыз ету, халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту, шопандардың зейнетке шығу жасын төмендету, балаларына мемлекет-жекешелік әріптeстік негізінде мектеп-интернаттар құру сияқты іс-шаралар қарастырылған. Алда бірлесіп атқаратын жұмыстар көп», деді С.Омаров.
Сондай-ақ онлайн-конференция барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Парламент депутаттары сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, конференция жұмысына Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, республикалық қой шаруашылығы палаталарының, салалық қауымдастықтардың, ірі агроқұрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары қатысты.