Экономика • 26 Сәуір, 2021

Балық өсіруге кедергі көп

442 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде балық шаруашылығын дамыту – басты мәселенің бірі. Жамбыл облысында да аталған мәселенің өзектілігі артқан. Мәселен, қазіргі кезде тұтынушылар тарапынан балық өніміне сұраныс жоғары. Алайда бүгінде балық шаруашылығын дамыту үшін елімізде қолдау болғанымен, оның іске асуында өңірде кедергілер де болып тұр. Аталған кәсіп түрінің жетістігі неде, кемшілігі қандай дейтін болсақ та, сол баяғы су тапшылығы мен мамандар жетіспеушілігі мәселесіне келіп тірелеміз.

Балық өсіруге кедергі көп

Шынында да балық өсіру – сирек кездесетін кәсіп түрі. Бірақ заман ағымына қарай бірқатар азамат аталған кәсіпке бейім­делген. Бұл үшін өңірде мүм­кіндіктер де қарастырылған. Об­лыста бүгінде 142 жергілікті маңызы бар су айдыны және рес­публикалық маңызы бар Бал­қаш көлінің 18 учаскесі бар. Бүгінде 84 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары 75 табиғат пайдаланушыға бекітіліп беріліпті. Ал балық ша­руа­шылығын жүргізуге мүм­кін­дігі бар 58 су айдыны әлі күнге дейін бос тұр. Қазір елі­міз­де балық шаруашылығын да­мытуға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламалар да, субсидия­лар да болғанымен, өңірде ба­лық өсіру үрдісі кенже қалып отыр. Мәселен, еліміздегі мей­рам­­ханалардың дені түрлі тағам­дарға қолданатын балықты импорттан алады. Жамбыл облысында да көп жағдайда солай. Өңірде балық шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндік қарастырылғанымен, мамандар жағы тапшы. Аймақтағы 1 колледжде 15 адам ғана оқиды екен. Ал балық шаруашылығының ерекше дайындықты әрі бай тә­жірибені қажет ететінін ескерсек, өңірде мамандар даярлау мә­селесін де қолға алу керек. Бұл рет­те облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының басшысы Аслан Ораз­бековтің айтуынша, өткен жыл­дың 1 шілдесінен биылғы 1 шіл­­­­­­­деге дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құраған. Қазіргі таңда 974,8 тонна балық ауланып, табиғат пайдаланушылардан жер­гілікті бюджетке 17,4 млн теңге түскен.

«Оның ішінде 14,1 млн теңге Балқаш көлінің табиғат пайдаланушыларынан, 3,3 млн теңге жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының табиғат пайдаланушыларынан түсіп отыр. Облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдын­дарының балық аулау квотасы биыл 1 шілдеге дейін игеріледі. Өткен жылы облыс аумағында орналасқан Балқаш көлінің учас­келеріне 149 мың дана шабақ және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына 325 мың дана шабақ жіберілді. Облыстағы балық ша­руашылығын дамыту өңірлік бағдарламасындағы жоспарды іске асыру барысында ба­лық өсіру тәлімбақтарының қуат­тылығын арттыру қолға алынды. Қазіргі таңда облыс аума­ғында шабақ өсіретін негізгі «Сан­дель» шаруа қожалығының және «А.Д.Чергенов» жеке кәсіп­керлігінің балық өсіру тәлім­бақтары жұмыс істеп тұр», дейді басқарма басшысы.

Қазіргі кезде «Сандель» ша­руа қожалығының балық өсі­ру тәлімбағы 10 млн дана ша­бақ өсі­руге дайын. Аталған қожа­лық өткен жылы 2 млн дана шабақ өткізсе, жеке кәсіпкер «А.Д.Чергенов» 4 мың дана шабақ пен 3 млн дернәсіл өткізген. Бұл тәлімбақтың қуаттылығы 500 мың дана шабақ және 5 млн да­на дернәсіл дайындауға же­теді. Аталған бағыт бойынша биыл «Сандель» шаруа қожалығы балық тұқымын өсіру мақсатында жалпы аумағы 2 гектар болатын су тоғанына арналған жерді өңдеп, 9 млн теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нәти­жесінде, мұнда 6 млн балық ша­бағы өсірілетін болады. Сон­дай-ақ биыл «Қойшыбай ата» ша­руа қожалығы да балық өсіру тәлімбағын жасап, 1 млн шабақ өсіруді жос­парлаған. Нәтижесінде, биыл 105,9 тонна балық өндіру көзделген. Сондай-ақ оның ішінде 83,3 тонна форель өндіру жос­парда бар. Бағдарламаны орындау мақсатында өңірде «Қор­дай фиш», «Арнұр» балық ша­руашылықтары құрылып, осы жылы 110 тонна тауарлы ба­лық өнімін алу жоспарланған. Мә­селен, «Арнұр» балық шаруа­шы­лығын дамыту үшін қосымша 2,4 гектар жер бөлініп, форель балығын өсіру үшін 4 бассейн салынған. Ал былтыр 30 тонна тұқы өндірілсе, ағымдағы жылы 40 тонна тұқы, 60 тонна форель балығы өндіріліпті. Мұның бәрі де балық шаруашылығын дамытуда елеулі табыстар деуге болады. Бұдан бөлек, шаруашылықтар 12 тонна балық жемін алу үшін мемлекет тарапынан 15 млн теңге субсидия алған. Сонымен қатар Қордай ауданындағы «Қордай фиш» балық шаруашылығы қо­сым­ша 2,5 гектар жер алып, балық өң­деу цехының құрылысын бас­тап кетті. Бұл шаруашылық өт­кен жы­лы 40 тонна форель өндірсе, би­ыл оны 60 тоннаға жеткізіп отыр.

 Дей тұрғанмен, өңірде балық шаруашылығын дамыту ісінде бірқатар кедергі бар. Бүгін­де ба­­лық шаруашылығымен айналысу үшін басты мәселе судың тұрақ­сыздығы екен.

«Өткен жылы облыстағы жер­гілікті маңызы бар 121 балық ша­руашылығы су айдындарының су тұрақтылығы зерделенді. Алайда тек 17 айдында ғана су тұрақ­ты болды. Қалған 104 су айды­нында егін шаруашылығы қа­жеттіліктеріне байланысты су деңгейінің төмендеуі байқалды. Бұл өз кезегінде балықтардың қы­рылу қаупін тудыратыны бел­гілі. Өзендердің бойынан жасанды тоғандар жасауға елі­міздің Су кодексіне сай су қорғау аймақтары мен су қор­ғау белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттың болмауы қол байлап отыр және мәселе әзірше ашық күйінде қалуда», дейді А.Ораз­беков. Сондай-ақ басқарма басшысы облыс әкімінен биылға бөлінетін мемлекеттік грант есе­бінен 40 млн теңгені балық ша­руашылығына шабақ өсіру мен жем дайындау цехтарын салу үшін қарастыруды сұрап отыр. Бұл сұраныс орындалса, онда өңірдің балық шаруашылығындағы бір­қатар мәселесі шешімін табуы мүмкін. Қазір аймақта бірқатар кәсіпкер балық өсіруге ниетті. Бірақ олардың шаруамен алаңсыз айналысуы үшін де түрлі мәселе туындауда. Мәселен, кәсіпкер Ерболат Саурықов балық өсіруге арналған бассейн салу үшін 60 сотық жер алған. Алайда бүгінде 45 сотық жердің иелері табылып, енді жоспарлаған істі жүргізуге қолбайлау болып тұр. Сондай-ақ Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылының тұрғыны Әбдірахым Қуанышбаев та – балық өсіруге ниетті кәсіпкерлердің бірі. Ол да екі жылдан бері субсидия ала алмай, биыл ғана құжат жинап жүр. Өңір шаруаларында осы сияқты мәселе көбейіп тұр.

Облыста болашақта балық экспортын дамыту да жоспарда бар. Бірақ су айдындарының мәселесін шешіп алу маңызды болып тұр. «Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» балық шаруа­шы­лығы бөлімінің бас маманы Нұржамал Көлбаеваның айтуынша, майда шабақ өсірумен өңір­де Жамбыл, Меркі және Қор­дай аудандарында орналасқан 3 тәлімбақ айналысады. Биыл облыс бойынша барлығы 75 млн 415 мың 300 теңгеге 946 090 май­да балық жіберу жоспарланып, бүгінде 920 100 балық ша­бақтары жіберілген. Алайда «Тас­өткел» және «Ақкөл» су айдындарына балық жіберу жұмысы толығымен орындалмаған. Мәсе­лен, балық шаруашылығын дамыту жоспарын орындамаған және балықтандыру жұмыстарын жасамаған субъектілермен өткен жылы 15 келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта тағы да 6 субъек­тімен келісімшарт бұзу туралы құжаттар сотқа жолдау үшін да­йын­­далуда. Әрине, бұл да өңірде балық шаруашылығын дамыту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді. Тиісті мәселелерді ше­шіп, жоспарды жүзеге асыру – ал­дағы уақыт еншісінде.

 

Жамбыл облысы