Аймақтар • 26 Сәуір, 2021

Жұмыртқа өндіру төмендеді

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан өңірінде биылғы алғашқы тоқсанда жұмыртқа өндіру көлемі төмендеген. Былтыр күзде облыс аумағында құс тұмауы шығып, көп құс қырылған еді. Індеттің зардабы әлі күнге еңсерілмей жатыр.

Жұмыртқа өндіру төмендеді

Былтырғы көрсеткіштен би­ылғ­­ы сәйкес мерзімдегі құс саны 22,6 пайызға азайған. Соның ке­сірінен жұмыртқа өндіру 69 пайызға дейін төмендеген. Тіпті Қызылжар ауданындағы құс саны 46,8 пайызға дейін кеміпті. Бұл жұмыртқа өндіруге ғана емес, құс етін өндіруге де теріс әсерін тигізіп отыр. Соның ішін­де Қызылжар ауданында 19,1 пайызға төмендесе, Петропавл қаласында ет өнімдерін шығару 42,3 пайызға дейін құлдыраған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құс тұмауынан былтыр 1 млн-ға жуық құс қырылғанын айтты. Мемлекет 813 млн теңге өтемақы төлеген. Бүгінгі таңда құс фабрикалары 1 млн бас құс әкелген, тағы да 760 мың бас әке­луге келісімшарт жасаған. Бұл құстар мамыр айында жеткі­зілмек.

Осы арқылы кейбір құс фабрикалары өнім көлемін бұрынғы деңгейге жеткізді. Мәселен, «Якорь» құс фабрикасы қазір 14 млн данаға дейін жұмыртқа шы­ғарады. Бұл бұрынғы көр­сеткішке қарайлас. Бірақ осы Қызылжар ауданындағы «Бескөл құс фабрикасы» дағдарыстан әлі де арыла алмай, өнім көлемін діттеген межеге жеткізе алмай отырған көрінеді. Бұрын үнемі алдан көрінетін озық кәсіпорынның бір соққыдан оңалмай қалғаны ма? Былтыр бұл кәсіпорын құс тұмауынан қатты зардап шек­ті. Фабрика басшысының айтуына қарағанда, 180 мың та­уық қырылды. Облыстағы ауыл­шаруашылық кәсіпорындар арасында үнемі алдыңғы қатарда жү­ретін бескөлдіктерге бұл оңал­мас соққы болды. Оның үстіне, өтемақыны да толық ала алмаған.

Сөйтсек, гәп басқада. Об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов бес­көлдіктер 25 мың құс сатып ал­ғанын айтты. Сондай-ақ ал­дағы шілде айына дейін тағы 100 мың тауық жеткізбек екен. Ең бастысы, бұл кәсіпорын енді өзіндегі үйректі тегіс етке сатып, жұмыртқа өндіруге ауысып жатқан көрінеді. Бұл үшін бұрынғы ғимаратын да қайта жарақтап, енді тек та­уық өсіруге ыңғайлапты. Қазір кә­сіпорын 30 мың үйректі сатуға әзір­леп отыр. Соның есебінен Гер­ма­ниядан тауық сатып алмақ. Кәсіп­орын мамандары қазір неміс технологиясын меңгеру қамымен Германияда жүр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы