Руханият • 26 Сәуір, 2021

Адамға табын, жер, енді!

7782 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл адамзаттың ғарышты бағындырғанына – 60 жыл. Заңғар көкке жасалған алғашқы жорық тарих сахнасынан ойып тұрып орын алды. Содан бері құс жолының құпиялары бірте-бірте шешіліп келеді. Аспан шырақтары мен адамдар арасындағы байланыс күннен-күнге нығая түсуде. Енді, міне, әрбір жетістік архив байлығына айналуда.  

Адамға табын, жер, енді!

Алғаш рет «Адамға табын, жер, енді!» деп жырлаған қазақтың қабырғалы қаламгері Олжас Сүлейменов әрбір баланың санасына «өскенде ғарышкер боламын» деген асқақ арманды ұялатты. Бұлттың арғы жағындағы әлемді зерттеуге құштар жастар көбейіп, оқушылар астрономияға әуестенді. Әрине мұның бәрі 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа ұшқан алғашқы адам Юрий Гагарин ерлігінен туған әдемі әсер еді. Енді бүгін сол аяулы сәттер мұрағаттар мінберінде қол бұлғап тұр.

Мұрағаттар демекші, осыған байланысты Ресей елінде «Жұлдыздарға жол» атты халықаралық фотокөрме ұйымдастырылды. Ульянов облысының мемлекеттік архивтері ұйымдастырған айтулы шараға Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві де өз үлесін қосты. Қалалық архивте жатқан құнды құжаттар мен бағалы суреттерді орыс халқы тамашалап, қазақ еліне ризашылығын білдірді.

«Екі ел арасындағы архив саласындағы ынтымақтастық осындай игі шараларға мұрындық болуымен ерекше. Тұңғыш ұшқыш Юрий Гагариннің «Восток-1» тасығышы Қызылорда аймағында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылғаны ел жадында. Содан да болар ғарыш жайлы әңгіме айтқанда көпшіліктің көңілі елеңдей түседі. Біздің мұрағатта космонавтика саласында қызмет еткен мамандардың бағалы заттары бар. Ғарышкерлердің өміріне қызыққан әрбір адам келіп көруіне болады», дейді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.

Фотокөрмеге «Ульяновская Правда» газетінің бұрынғы бас редакторы Юрий Ромбовскийдің ТАСС фото мұрағатынан алған бірегей құжаттары, Байқоңыр космодромында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Ринат Ильязовтың фотосуреттері мен жеке құжаттары қойылған. Көрмеде ғарышкерлердің қолтаңбаларын қоса алғанда барлығы 120-дан астам құжат ұсынылыпты.

«Адамның алғашқы ғарышқа ұшуының 60 жылдығында ғарыш саласының өткені, бүгіні мен болашағы туралы айту өте маңызды. Тарихты сақтаушылар ретінде архившілер бізге, өткен ғасырдың орта шенінен бастап, бүгінгі күнге дейін космонавтиканың қол жеткізген жетістіктерін анық көрсетеді. Бұл жастар үшін өте маңызды», дейді Ульянов облысының өнер және мәдениет басшысы Евгения Сидорова.

Иә, архивтегі айғақтарға қарап ғарышкерлердің жүріп өткен жолының сызбасын көруге болады. Оған үңілген сайын көзің ашылып, жан дүниең бір ысынып, бір суынары хақ. Құдды бала күнгі арманыңмен қолұстасып тұрғандайсың. Онда ғарышкерлердің айтып кеткен сара сөзі мен ғибратты ғұмырының үзігі бар. Қасиетті құжаттарға тіл бітіп сөйлейді, жан дірілі мен айғақты сырын айқара ашып, тілдеседі.