Медицина • 26 Сәуір, 2021

Денсаулық сақтау вице-министрі QazVac вакцинасын салдырды

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Нұр-Сұлтан қаласының № 9 емханасы базасында қазақстанда әзірленген және өндірілген QazVac коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алды, деп хабарлайды Egemen.kz

Денсаулық сақтау вице-министрі QazVac вакцинасын салдырды

Хаттамаға сәйкес, М.Шоранов медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің қорытындысынан кейін егу кабинетіне барды. Ресейлік Спутник V вакцинасынан айырмашылығы, бір QazVac құтысы бір адамға арналған.

Вакцинациядан кейін бірінші вице-министр 30 минут медициналық бақылауда  болды.

«Бүгіннен бастап қазақстандық вакцина біздің азаматтар үшін қолжетімді. 50 мың дозадан тұратын бірінші партиясы өңірлерге жөнелтілді. Өздеріңіз білетіндей, бұрын менің әріптестерім Ажар Ғиният пен Ерлан Қиясов Спутник V вакцинасын бірінші болып салдырған. Бүгін біз денсаулық сақтау министрі Алексей Владимировичпен бірге азаматтарға препараттың қауіпсіз екенін көрсету үшін отандық өндірістің вакцинасын алдық», деп атап өтті М.Шоранов.

Бірінші вице-министр өзін жақсы сезінетінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы тапсырмасын орындау үшін халықты жаппай вакцинациялауды қамтамасыз ету үшін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында қазақстандық COVID-19 вакцинасының алғашқы партиясы QazCovid-in (QAZVAC) шығарылды.

«СҚ-Фармация» Бірыңғай Дистрибьюторының хабтарына 50 мың доза көлемінде отандық вакцинаның бірінші партиясын жеткізу 23 сәуірде жүзеге асырылды. Оның ішінде 6 000 дозаны Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 000 дозадан – Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алады. Қалған өңірлерге екі мың дозадан түседі.

Министрдің вакцина салдырған сәті ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасында тікелей эфирде  өтті.