Қазақстан • 26 Сәуір, 2021

Ел таңдауы – егемендік

2429 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Төбемізде тәуелсіздік. Бәрінен жоғары, сонау аспан төрінде қалықтап қыран ұшып жүр. Бір сәт суылдап төмен құлдыраса, бір сәт қайқаң етіп қайта көтеріледі. Биікте, тым биікте. Бұған қарап бостандықтың бұғанасы қатқанын аңдаймыз. Ежелгі арманымыз орындалды, елдігіміз бен ерлігіміз бүтін бір ұғымға айналды. Өз алдымызға отау тіктік.

Ел таңдауы – егемендік

Үшінші онжылдық та тұрақ­тылықпен нүктеленіп, берекемен бекіді. Азаттық эйфориясы артта қалды. «Елу жылда – ел жаңа» депті ата-бабаларымыз. Халық даналығына қайран қаласың. Өзгермеген, жаңармаған не қалды? Сан ғасыр, сан дәуірлер сынынан өткен салт-сана, әдет-ғұрыптың өзі түгелге жуық жаңа сапаға ие болды. Әрине, тәуелсіздіктің нәтижесінде.

XX ғасыр – тарихтағы ең қасіретті, ең күрделі жүзжылдық. Дүниежүзілік екі соғыстың екеуі де осы ғасырдың ішінде өтті. Екі соғыстың екеуінің де негізгі себебі – үлкен ұлттарды бойынан қалмай келе жатқан өзгенің жеріне көз аларту, «өзгелерді билеу» деген империялық көкірек еді. Шовинизм фашизмге ұласты. Адамзатқа өлшеусіз қайғы әкелді. Соның бәрі тарих тағылымы. Ал тарихтан сабақ алғысы келмейтін халықтар сол мұңлы дәуірді қайтадан бастан кешуі ғажап емес.

Ел өзінің көшін түзеп, жолға шықты. Қазақстан, еркін ел болды. Ұлттық мәдениеттің, ана тілінің тынысы кеңейіп, ауқымы ұлғайды.

Қайта өрлеу жолына түсті. Әйтсе де, аңсап жеткен азаттықты халық қалай қабыл алды? Оның мәнін бұл күнде қалай түсінеді? Соның шын бағасын білетін күйде ме деген сауалдар тіл ұшында тұрады.

Бізді алаңдататыны, бағасын біл­меген дүниенің құнын түсіріп алмай­мыз ба? Тәуелсіздіктің бағасы немен өл­шенеді? Тәуелсіздік деген ұғымға не жатады? Ер­кіндіктің шегі жоқ, басы-аяғы белгісіз, байламы не тоқтауы жоқ, дерексіз дүние ме? Осындай сұрақтар оқтын-оқтын ойға оралады да тұрады. Татулықты тұмар еткен ұлт қана биікке бет түзері анық. Оны уақыт дәлелдеп келеді.

Отанға деген жанашырлық, әрбір жетістігіне желпіну елді өрге бастайтынын өз ұлтымыздың талайлы тағдыры талай мәрте дәлелдеп келеді. Кейде, шіркін, осынау бір өзіне бірнеше мемлекет сы­йып кететін ұлан-байтақ жерді ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қалай аман сақтаған деп таңданамыз. Өз сауалымызға өзіміз жауап тауып: «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» деп мақтанамыз. Дұрыс-ақ. Ешбір қатесі жоқ. Тегеурінді күштің тетігі жүрек қуатынан нәр алғанда ғана қозғалысқа келмек. Салмағы ауыр ұлы істе де, жеке-дара жекпе-жекте де рухы мықты ұтады. Жайшылықта әрқайсысы бір-бір түйе айдап, жеке жайлайтын жұртымыздың жауға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тастүйін тегеуінді күш болып аттануы сондай нағыз отансүйгіштік рухтың көрінісі. Әр қазақтың көкірегінде біртұтас ұлттық сезім басқаның бәрінен биік тұрса, қандай ғанибет! Осы ойлар әрбір азаматтың көкірегінде сайрап тұрса, қиындықтардың бәрін артта қалдырарымыз анық.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мына бір өзекті ой әрбір адамның санасында қаттаулы тұруы қажет. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарас­тыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», дейді Елбасы өзінің ұлағатты сөзінде.

Ұлы бірлік – отансүйгіштік рухтың аса бір қасиетті мәйегі. Тұңғыш Прези­ден­­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіздік жолында ту етіп көтерген рефор­маторлық идеяларының бірі – «қазақ­стандық отансүйгіштік» ұғымымен астасып жатуының терең мәнін де содан іздеген жөн. Елбасы оған еңселі елдігімізді танытар сүйеніш ретінде қарайды. Оның аясы әдеттегі тарихи таным зердесінен кеңірек. Қазақ қоғамының бүгінгі сипаты және оның алдында тұрған қазіргі тың тұрпаты міндеттерге сәйкес соны өріс алған.

Бұрын-сонды даму үрдісінде отан­сүй­гіштік ұғымы бізде негізінен біртекті халықтың басын біріктіріп, бір мақ­сатқа жұмылдыруға қызмет етіп келгені белгілі. Сонау Мөде хан, Жәнібек пен Керей, Тәуекел мен Тәуке, Есім мен Қасым, кейінгі Абылай мен Әбіл­қайыр­дың тұсындағы ахуал да осындай болатын. Ал қазір елдік мақсаттарды көп­ұлтты қоғам жағдайында шешу керек. Өз­гемен санаспай, өзімдікін істеймін деу өлермендік болар еді. Әртүрлі себептер­мен қалыптасқан нақты тарихи шын­дыққа шекеден қарау ешқашан да ел тағ­дырына деген жанашырлық болып шық­пайды. Нағыз жанашырлық қиыннан қиыс­тырып жол таба білумен бағаланса керек.

Елбасы ұсынған жаңа ұлттық идеяның мазмұны да қоғамдық дамуға басқаша, осы заманғы тұрғыдан қарау үрдісіне сай айқындалған. Ол өзінің «Қазақстанның болашағы – қоғамдық идеялық бірлігінде» деген еңбегінде: «Көп ұлтты Қазақстанда жалпыұлттық мүдделерді жүзеге асырудың бір ғана жолы бар екені айдан анық. Ол қазақ ұлтының біріктіруші рөлі жағдайында барлық халықтардың теңдігін қамтамасыз ету», деп жазады. Соған орай мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қызметі де халықтың өмірдің әртүрлі салаларындағы өзара аралас-құраластығының аясын кеңейтіп, жарасымын күшейтуге және олардың рухани ынтымақтастығын тәуелсіз мемлекет құру жолындағы ор­тақ мақсатқа бастар шешуші күшке айнал­дыруға бағытталуы керек. Мұны әрбір ісінде күні бүгінге дейін дәлелдеп келеді.

Шындығында қазақ халқының ұлт­тық санасының қайнар басында халқы­мыздың кемеңгер билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер тұрғаны хақ. Сөз жоқ, бұл арада бір дәуір ішінде олардың өкшесін басқан, даналығы тасқан, шешендігі асқан, бір өзі дала академиясы болған Бұқар жырауды еске алғанымыз жөн. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, «тыныштық заманда қиюы қашып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын, кемеңгер, көргені болған» билер мен жыраулар қазақ тарихында рух-аңыз десе де болады.

Үш кемеңгер ойшылдың заманында қалыптаса бастаған ұлттық мемлекеттік бітіміміз, біртұтастығымыздың үрдісі кешегі отаршылық кезеңінде де елді жоғалып кетуден сақтады. Ордабасыға келіп тоғысқан Төле би бастаған бір арна, Қазыбек би бастаған екінші арна, Әйтеке би бастаған үшінші арна – ортақ бүкілхалықтық арнаға айналды. Міне, сол кемел арна суалмай, елдің бірлігін, ынтымағын молшылық-тіршілік заманына жеткізді.

Елбасы өзінің еңбектерінде, мақала­лары мен сөздерінде елдігіміз сол алыптар дәуірінен таған тартқанын айтып, тәуелсіздігімізді әр қырынан ашып көрсетіп келеді. Оған қоса әрбір азамат өзін мемлекеттің өткеніне, бүгініне және ертеңіне тікелей қатысты сезініп, Отан тағдыры үшін өзіне жеке жауапкершілік жүктелетінін терең пайымдаса деген ниетін жеткізді. Ел өміріне қатысты сан алуан мәселелердің баршаға бірдей жақын әрі түсінікті болуы да осыған байланысты. Міне, осыған қарап табиғатынан демократиялық сипаты басым далалық мәдениет үрдісінде де ел билеушіні елдіктің символы, халық бірлігі мен ынтымағының басты тұтқасы деп тануы­мыз заңды. «Ханын сыйламаған ел азады» дейді халық мәтелі. «Ханның жақсы болмағы – қарашаның елдігі» деген Бұқар жырау бабамыз. Бұл ынтымағы жарасқан елдің басты ұстыны.

Қазақстан тәуелсіздігі дегенде ойға тарихтың өткелдері оралады. Содан барып, ұлттық тәуелсіздігіміздің тұлғасы көрінеді. Біз, әрине, көк байрағымыздан бастап, жақсы нышандардың бәрін тізбелеп шықсақ та артық етпес еді. Расында бұл киелі ұғым ұлтымыздың ұлы мұраттарын шайқап оятты. Мұны дайын күйінде «құжаттан» ала қойғанымыз жоқ. Біз оны өз қолымызбен, тағдыр-талайымызбен түзу үстіндеміз, бесігін түзеудеміз. Қазақтың түтінін түтетіп, ошағын қоздататын қазақ қана. Тәуелсіз болсақ, аспаннан алтын жауардай сезінгеніміз де рас. Арманшыл, асқақ қазақ баласына ғана тән балаңдық. Тәуелсіздікті түзу керек екен. Кейде, көрген қиындық, басымыздан кешкен ауырлық осы тәуелсіздігіміздің садағасы емес пе дегенді де жиі айтамыз, жиі естиміз. Артық сөз, асылық сөз. Елдігіміздің нарқын белгілеп, саудаға салғандай тірлік бұл. Еркіндік ізгі жауапкершілік емес пе?! Осындай киелі ұғым, елдік негіздерге келгенде сауғаласудың, саудаласудың жөні бар ма?! Тәуелсіз тудың астында тәуелсіз күн кешуді сезінуден артық бақыт бар ма екен, осы?!

Отанға деген махаббатты адам­гер­шілік қағидаларынан бөліп қарауға әсте болмайды. Өйткені ол абстрактылы ұғым емес. «Отан – тірісі бар, өлісі бар, тіпті тумағандары бар – бүкіл рулар мен ұрпақтардың рухани байланысы», – дейді орыс қаламгері Димитрий Мережковский. Яғни Отан дегенің – халық. Халық дегенің – адам. Адамды сүю, оған жақсылық жасау, жанашыр болу – адамгершілік белгісі. Бұл Елбасымыздың: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деген тұжырымымен үндеседі.

Егемендіктің іргетасын биіктете түсу ертең бүгінгі жастардың үлесіне тиері анық. Сондықтан жастар тәрбиесі келешек үшін маңызды мәселе. Әрбір адамның бойында өз Отанына деген патриоттық сезімі бәрінен жоғары тұрғаны абзал. Егемендік бүгін аш, ертең тоқ жағдайға қатысты ұғым емес. Оның бәрі ішкі шаруа, өзіміз түзей алатын іс. Ол біздің ұрпақтың меншігі емес, оны біреуге бере салатын, айырбастай салатын, не сата салатын нәрсе емес. Ол мәңгілік ұғым. Келешек шексіз жалғаса беретін ұрпақтың да меншігі, бізден бұрынғы әруақтардың да меншігі. Бұрындары да елдің таңдауы – егемендік болған, кейінгілердің де көкейінде сол сөз күмбірлеп тұрары даусыз.