Президент • 26 Сәуір, 2021

Көкшедегі кең пейіл

646 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияласымен-ақ Көкшетау қаласында бағалы бастама нақты қолдау тауып, қайырымдылық істер кеңінен қанат жая бастады.

Көкшедегі кең пейіл

Жан жадыратар, көңіл демер ізгі істер «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» атаулары аясында ұйымдастырылды. Сала-салаға бөлінген салмақты істер оңынан оңғарылып, өріс алды. Қазіргі күні облыс орталығында отыздан астам ерікті орталығы мыңға таяу жастардың басын біріктіріп, шапағат шуағын төгуде. Олардың ішінде айрықша тыңғылықты шаруалармен көзге түсіп жүрген «Феникс», «Өмір», «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының Ақмола филиалы тәрізді ұжымдарды атай кетуге болады. Сондай-ақ қала халқы «Мейірімді жүрек», «Жайнар», «Аманат», «Милосердие», «Мейірім», «Ашық жүрек», «Қуаныш сыйлайық», «Студент» тәрізді волонтерлер орталығының жанды жұмысына дән разы.

Осынау еріктілер орталықтары қаладағы қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, қолы қысқа отбасылар мен зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдарынан келгенше көмек көрсетуде. Ұлан-ғайыр шаруа, әрине. Әсіресе өткен жылдың наурыз айы волонтерлердің есінен кетпейді. Төтенше жағдай жарияланып, дауасыз дерт қай тұстан келіп жабысар деп ел абдырап тұрғанда, өз бастарын қатерге тігіп, індеттің алдын алуға кеңес беретін мыңға жуық ақпараттық парақша таратты, 2,5 мың бетперде үлестірді. Қарапайым бетперденің өзі таптырмай тұрған уақытта бұл да көп-көрім көмек еді. Іле жедел топтар құрылып, сауда орындары мен асханаларда, базарлар мен дүкендерде өткізілген рейдтерге қатысып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Сақтану қажеттігін халықтың санасына құйды.

«Аманат» волонтерлер клубы өткен жылдың басында 25 адамның басын біріктіріп, келелі істерді қолға алған соң қатары әп-сәтте көбейіп сала берді. Жақындарына жанашыр болғысы келетіндер аз емес екен. Төтеннен келген апатпен аянбай күресті. Олар облыс орталығындағы жүзден астам отбасына азық-түлік себеттерін таратты. Дәл осы уақытта ештеңе бөліп бермесе де, үйінде қамалып отырған халықтың халін сұраудың өзі кәдімгідей демеу еді. Әсіресе жалғызілікті адамдар қамқорлықсыз қалмайтындықтарын сезініп, үміт оты лаулай түсті. Жақсы іс оқу орындарында да жалғасып жатты. Көкшетау жоғары медицина колледжінің «Милосердие» волонтерлер орталығы сонау 1990 жылдан бері жұмыс істейтін. Орталық құрамында 264 ерікті бар. Олар облыстық көпбейінді ауруханада сырқаттарға күтім жасады. Әсіресе жағдайы ауырлаған адамдарға дәл осындай қолғабыс керек-тұғын. Гуманитарлық көмек көрсетіп, медициналық-әлеуметтік мекемелерге еңбек десанты іспетті жедел жәрдем берді. Жастардың осы бір ізгі ниетті ісінен құлақтанған қала тұрғындары, әсіресе ел ақсақалдары ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды.

Бірлікті бекемдей түсетін оң тәжірибе бұрыннан бар болатын. Мәселен, «Феникс» волонтерлер орталығы 2014 жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келеді. Карантин кезінде орталықта 300 ерікті қауіпті елемей, уақытпен санаспай, көмекке зәру адамдарға қолұшын берді. Олар волонтерлерге қалай жұмыс істеу керегін үйретіп, алға қойған мақсат-мұраттарының қаншалықты ізгі екендіктерін саналарына құйып, жаны жомарт жастарды ұршықша үйіріп, маңайларына топтастырып алды. Республикалық «Біз біргеміз!» акциясы шеңберінде 750 отбасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп берді. «Рақат добро» волонтерлер орталығы елуге таяу еріктінің басын біріктіріп, қызмет етуде. Олардың негізгі бағыты – балаларды дерт шеңгелінен аман алып қалу. Өз мақсаттарына орай көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың жеткіншектеріне қажетті дәрі-дәрмектерін жеткізіп беріп, қайырымдылық концерттерін, жәрмеңкелер ұйымдастырды. Дерт дүмеп тұрған уақытта отыздан астам отбасына тұрақты қамқорлық көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сәтімен сабақталған істен «Өмір» волонтерлер қоғамы да шет қалған жоқ. Олар саламатты өмір салтын насихаттады. Төтенше жағдай кезінде мыңнан астам отбасын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.

Ересектер бастаған елеулі іс балалар тарапынан да қолдау тапқаны қандай жарасымды. Мектеп оқушыларынан құралған еріктілер топтары қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың пәтерлерін тазартуға, дүкеннен азық-түлік әкеліп беруге құлшына кірісті. Жер үйлерде тұратын қариялардың аулаларын қардан тазартып, отын-көмірін үюге қолұшын берді. Қариялар болса қолғанатқа жарап қалған балалардың ақ адал еңбегіне тәнті болысты. Біржан сал атындағы музыка колледжінің негізінде құрылған «Қуаныш сыйлайық» волонтер клубы қайырымдылық концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруға белсене атсалысты. Емхананың есебінде тұрған созылмалы сырқаты бар, үйден ұзап шыға алмайтын адамдардың дәрі-дәрмектерін жеткізіп берді.

«Бурабай» колледжіндегі «Мейірім», Көкшетау жоғары колледжіндегі «Ашық» волонтерлер орталықтары да осындай қажетті істермен айналысты. Бір жақсысы, жастардың бастамасы құрбылары тарапынан қолдау тауып, бәрі бір адамдай жұмыла кірісті десек, артықтығы жоқ.

Шарапатымен көңіл демейтін шаруадан облыс орталығындағы кәсіпорындар да шет қалмады. Айталық, «Көкшетау минералды сулары» қаладағы ауруханаларға 600 мың теңге көлемінде көмек көрсетсе, «Бижан» серіктестігі 5 млн теңгеге жасанды тыныс алу аппараттарын алып берді. Кәсіпкерлер қауымдастығы тыл ардагерлері мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген адамдарға 470 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. «Тыныс» АҚ «Аялау» орталығына 220 мың теңгенің азық-түлігін әперіп, көмекті қажет ететін отбасыларға 150 мың теңгенің азық-түлік себетін таратты. «Гормолзавод» серіктестігі 1 млн теңгенің материалдық көмегін берді.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Түйіндей айтқанда, осы бір сындарлы шақта көмекті қажет ететін адамдарды қолтығынан демеуге әркім де асықты. Бұл нені көрсетеді? Ел ішінде ауызбірліктің, қайырымдылықтың бар екенін. Ең бастысы да осы емес пе?!

Ежелден жомарттығымен танылып келе жатқан «Той Дастарқан» серіктестігі өткен жылы 5 млн теңге қаржысын бөліп, блок-бекеттерде тұрған қызметкерлерді ыстық аспен қамтамасыз етіп, мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді демеді. Осындай қамқорлықты «Алуа строй» серіктестігі де талантты жастарға, қаламгерлер мен әншілерге, спортшыларға жасады. «Ер Агро» серіктестігі бес бірдей отбасын карантин кезінде баспанамен қамтамасыз етті.

Өзгеге үлгі-өнеге болу үшін жомарт жандардың жақсылығын айту парыз.

 

КӨКШЕТАУ