Міне, туған топырақтан тоталитарлық жүйенің тепкінімен тамыр ажыратқан сол бейбақтардың арасында Султыговтар әулетінің отағасы мен отанасы да болыпты.
Султыговтар отбасы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты ерекше қастер тұтады. Үлкен әулеттің бар мүшесі бір шаңырақтың астына жиылып, өткен күндерді еске алып, бүгінгі бейбіт те берекелі заманға шүкіршілік айтады.
Әулеттің ақсақалы Магамет Әубәкірұлының тұтас халықтардың басына қайғы-қасірет әкелген сұм заман туралы айтар естелігі мол. Қыстың қақаған күнінде мал тиейтін вагондарға «халық жауы» деген желеумен адамдарды тоғытып, айлап жүрген азапты сапар турасында бала кезінде естігендерін ұмытар емес.
«Өте ауыр жағдай болған екен, деп күрсіне еске алады Магамет Әубәкірұлы. – Жолда жас бала, әйелдер бар, көптеген адам көз жұмыпты. Кейбір деректерге сенсек, сол кезде бір жарым мыңға жуық адам қаза тапқан екен. Амалдың жоқтығынан о дүниеге аттанғандарды жолда қалдырып кетіп отырған. Өйткені жерлеуге рұқсат берілмепті. Шешем айтып отыратын: сол азапты сапар бір айға созылыпты. Жолда анам күйеуі мен үш баласынан айырылады. Өзі әупіріммен тірі қалған».
Әулеттің ұлы анасы Даухан Магаметқызын тағдырдың желі Көкшетау жеріне айдап әкелген. Ал оның болашақ жұбайы Әубәкір Султыгов Солтүстік Қазақстан облысына келіп табан тірейді. Ол да сол азапты сапарда зайыбын жоғалтып, төрт баласымен қайғы жұтып қалған екен.
Анасының айтқандары Магамет Әубәкірұлының жадынан өшпек емес. Қап тауынан қуылып, қазақ жеріне келіп қоныс тепкендерінде жергілікті халық алғашқыда үрпиісіп қарсы алған. Келе-келе бұлардың мұсылман баласы екенін білгеннен кейін, құшағын кең ашып, араласа бастаған.
«Біз тұрған елді мекен мен қазақтар мекендеген ауылдың арасын өзен бөліп жататын, деп әңгіме айтатын анасы. – Мұсылмандарды жерлейтін қорым сол жақта еді. Біз жақтан адам қайтыс болғанда бес-алты ингуш мүрдені судың ортасына дейін көтеріп апаратын. Ал арғы жақтан сонша қазақ келіп, марқұмның денесін алып кетуші еді. Ингуштар болса, өзеннің бергі қабағында тұрып, марқұмды соңғы сапарына шығарып салатын. Олар туған-туысын, қимас бауырын қазақтардың барлық мұсылмандық жөн-жобамен жерлейтіндеріне имандай сенуші еді...».
Магамет Султыговтың айтуынша, мұндай оқиғалар көп болған. «Міне, сол үшін де біз кеңпейіл қазақ халқына өмір-бақи қарыздармыз», дейді ингуш ақсақал.
Магамет Әубәкірұлының әкесі мен шешесі Қазақстанда қосылып, екі жарты бір бүтін болған. Балаларын асырау үшін елден қалмай еңбек еткен. Отағасы цемент зауытында қара жұмыс істепті, фермада мал баққан. Жеті баласын қатарынан кем қылмай өсірген.
«Сол кезде біздер бірнеше ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті тұрдық. Қазақ, орыс, неміс балаларымен қоян-қолтық араласып, бір үзім нанды бөлісіп жейтінбіз. Өте тату болдық. Сол ынтымақ, бірлік қой бізді бүгінгі күнге аман-есен жеткізген», деп ой түйіндейді Магамет ақсақал.
Бүгінде жапырақ жайып, тамырын тереңге жіберген Султыговтар әулетіндегі жас буын да қазақ халқының сонау зұлмат жылдары жасаған жақсылығын жатқа біледі. Сірә, бұл аштықта жеген құйқаның дәмін ұмытпаған, қазақ деген жаны жомарт халықтың жақсылығын құрмет тұтқан аға буынның берген тәлім-тәрбиесінің жемісі болса керек. Осылайша, Султыговтар әулеті үшін мейірбан қазақ халқына, Қазақстанға ризашылығын білдіріп жүру бүгінде салтқа айналып кеткен.
ҚАРАҒАНДЫ