Руханият • 27 Сәуір, 2021

«Жас келсе – іске» (Бұл – маңызы ешқашан кемімейтін нақыл)

13 рет көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жолға қойылып, күрмеуі шешілген мәселе қаншама?! Егемендіктің алғашқы күнінен бастап қолға алынған бірқатар реформа бүгінде оң нәтижесін беріп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы – Үкімет атқарған жұмыстың елеулі көрсеткіші. Ал азаматтардың жұмыспен қамтылуы қай ел үшін де өзекті, ескірмес мәселе. Осы орайда тәуелсіз даму жылдары ел болашағы – жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілді деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы, жастарды жұмыспен қамту мәселесі – қай заманда да Үкіметтің күн тәртібінен түспеген маңызды мәселе. 2015 жылы 2004 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік жастар саясаты туралы» заңның күші жойылып, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданды. Соған сай Қазақстанның 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтары жастар қатарына жатқызылатыны анықтап алынды. Ұлттық статистика агенттігінің ақпаратына назар аударсақ, 14-29 жас аралығындағы азаматтар жалпы ха­лық санының 20,2 пайызын құрайды екен, яғни 3,7 млн-нан астам адам. Олардың көпшілігі қалада тұрады. Ауыл жас­тарының саны 1,6 млн-нан сәл асады.

Бүгінде жастар мәселесіне жауап­ты арнайы мемлекеттік орган жоқ. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік мәселелеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты болса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар ұйымдары мен олардың атқаратын қызметін қадағалайды. Ал сәл тарихи шегініс жасайтын болсақ, 1993 пен 1997 жылдар арасында Жастар ісі, туризм және спорт министрлігі жұмыс істеген. Кейін, 1999 жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданған. Аталған құжат аясында бірқатар ұйым құрылып, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды.

Осы ретте  «Қазақстан жастары», «Қа­зақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеу» бағдарламалары мен «Қазақстан-2020: болашаққа жол» тұжырымдамасын атап өткен жөн. Бар­лық құжат жастардың жан-жақты дамуы, жастар ұйымдарындағы, өзін өзі басқарудағы белсенділігі мен пат­риоттық тәрбиесі, білім алу мен жұмыс­пен қамтылуын жақсартуды мақсат етті.

«Жастар жылы» деп бекітілген 2019 жыл жастар саясатына жаңа сер­пін берді. Атап айтар болсақ, қай уа­қытта да түйіні табылмаған баспана мәселесін шешу үшін жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтерлер беріліп, талай отбасы бүгінде шаңырақ иелеріне айналды.

«Еңбек», «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламалары көп жастың жұмыспен қам­тылуына жол ашып, маман тапшылығы мә­селесін жоюға септігін тигізді.

Ұлттық статистика комитетінің ақ­паратына сай, 2021 жылдың 1 тоқса­нын­да 15-28 жас аралығындағы еңбек­пен қамтылған жастар саны 2 018 200-ден асқан. Олардың көбі сауда, ауыл шаруашылығы мен білім беру ұйымдарында қызмет етеді. Өзін өзі жұ­мыспен қамтыған жастар 500 мыңға жуықтайды.

Ал Президенттік жастар кадрлық резервін құру республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жастардың серпілуіне сеп болып, әлеуметтік лифтке айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елі­міздің жалынды жастарын біріктірген жоба мемлекеттік саясатта өз орнын тауып, талай жастың еңбек жолында іл­герілеуіне жол ашты.

Президент бұл бағдарламаға қа­тыс­ты мынадай ой айтты: «Бүгінгі жас буынның билікке келетін уақыты алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті бі­лім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жас­тарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік өршілдіктен биік тұруы тиіс. Жаңару үдерісі – ішкі саясаттағы басым бағыттардың бірі. Кадр резервін жа­сақтау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қата­рына ынталы және лайықты жастар кіреді. Алдағы кезеңде ХХІ ғасырдың та­бысты мемлекетін құруға дайын кә­сіпкерлердің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, инноваторлардың және басқа да талантты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешімдер қабылдаудан қорықпайтын жаңа фор­мациядағы басқарушылар тобы қажет».

Жасақталған мамандар құрамының алғашқы легі жаңа қызметтеріне кірісіп үлгерді. Берісі қалалық, облыстық әкім­діктерге шақырту алса, әрісі корпорация басшыларының кеңесшілері болып тағайындалды. Оған қоса, Мәжіліс депутаттарының санын Президенттік жастар кадрлық резервінің 2 мүшесі толықтырды.

Қабілетті жастарға демеу болған жобаға 13 мыңға жуық жас азамат қы­зығушылық танытқан. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден 330 маман топ жарып, ақтық мәреде бақ сынасты. Үміткерлер – әртүрлі сала мамандары, әртүрлі өңір тумалары. Атап айтар болсақ, 106 жеке сек­тор қызметкері, квазимемлекеттік сек­тордың 98 қызметкері және 96 мем­ле­кеттік қызметші резерв тізіміне ілікті.

Бір қызығы, мемлекеттік қызмет саласына сол саланың жілігін шаққандар ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен технология саласында еңбек етіп жүрген өрендер де талаптанды.

Сонымен қатар конкурста Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларымен қатар, Қа­рағанды, Шығыс Қазақстан облыс­тары­ның жастары да ерекше белсенділік танытқан. Бұл мемлекеттік қызметке басқа аймақтағы жастардың да таласы барының көрінісі. Сондай-ақ білім қуып шетел асып кеткен азамат­тары­мыз да қалыс қалмады. Өйткені  жобаға қатысуға Әзербайжан, Ұлыбри­та­ния, Германия, Ресей, Түркия және Франциядағы бауырларымыздан өтініш­тер келіп түскен.

Бағдарламаны үйлестіру жұмысымен айналысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпараты бойынша, «жүз­ден – жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан», іріктелген жас мамандардың бүгінде 36,5%-ы инфрақұрылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласында, 21,5%-ы эко­но­ми­калық және қаржылық, 7%-ы сыртқы және ішкі саясат, 5%-ы әлеуметтік, 4%-ы құқықтық саясат салаларында, сондай-ақ 12%-ы өңірлік және 14%-ы басқару топтарында қарастырылған қызметтерді таңдаған. Яғни білімі мен тәжірибесіне байланысты бағыттары ескерілген. Бұл тұрғыда ғылым мен білім саласы да назардан тыс қалмаған.

Жақында ғана Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің басшысы Анар Жайыл­ғанова Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу бас­талғанын хабарлады. Бұдан шығатын қорытынды: жастарды мемлекеттік бас­қару саясатына араластыру әлі де жалғаспақ. Ал бірінші лектегі мамандар қазір жауапты қызметтерді абыроймен ат­қарып жүр.

Соңғы жаңалықтар

Жоспарын жоққа шығарды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Үздік ондықта Головкин жоқ

Кәсіпқой бокс • Кеше

Жекпе-жексіз өткен алғашқы жыл

Кәсіпқой бокс • Кеше

«Динамодан» жеңілді

Хоккей • Кеше

Креативті кітап дүкені

Аймақтар • Кеше

Жанбота жарап тұр

Спорт • Кеше

Ақын тұтынған кесе

Тарих • Кеше

Ұқсас жаңалықтар