Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, қазақстандықтар интернеттегі өзі туралы дербес ақпараттарды өшіре алады. Ол үшін тұрғындар заңға енгізілуге тиіс өзінің «ұмыту құқығын» пайдалана алады. Соның негізінде өзіне қатысты жарияланған дербес деректерді өшіруге мүмкіндік бар.
Мұны «Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі» арқылы жүзеге асыруға болады. Ал бұл сервис – «Электронды үкіметке» тиесілі құрауыштардың бірі. Яғни деректерді өшіру кезінде таратылған тізілімдер технологиясы (блокчейн) негізге алынады.
Министрліктің хабарлауынша, мұндай технология мәліметтерді өзгертуге, жоюға тыйым салады әрі ақпаратты ашық етеді. Сондықтан әркім өзінің жеке деректері арқылы жүзеге асырылған әрекеттерді көру мүмкіндігіне ие. Атап өтерлігі, мұндай мүмкіндік мемлекеттік базалардағы дербес деректерге қатысты ғана берілетін болады.
Сонымен қатар ел азаматтары дербес деректерді жинауға әрі өңдеуге берілген келісімді кері қайтара алады. Қызмет алушы тарапынан келісімді кері қайтару туралы пәрмен түскен жағдайда, дербес деректер операторлары өз дерекқорларындағы жүгінген адамның жеке деректерін жоюға міндетті. Әйтпесе, оператор субъектінің өтініші негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар қазақстандықтардың «Электронды үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеті немесе мобильді қосымша арқылы өзінің «ұмыту құқығы» негізінде келісімді кері қайтарып алуға, өз деректерімен жасалған әрекеттерді көруге мүмкіндігі бар. Қызмет тегін ұсынылады.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы үш Халыққа қызмет көрсету орталығында сервисті қанатқақты негізде іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр. Қанатқақты жоба мерзімі аяқталғаннан кейін сервис қажет болған жағдайда пысықталып, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланатын болады.
Кейін Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов заң жобасы толық пысықталғанға дейін енгізілмейтінін хабарлады. Әзірге әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық болмаған жағдайда адам өзі туралы ақпаратты иесіздендіре алатындығымен ғана шектелу жоспарлануда. Қанатқақты режім жыл соңына дейін жалғасады. Ал толық іске қосылуы 2022 жылдың соңына – 2023 жылдың басына жоспарланған.