Қоғам • 27 Сәуір, 2021

Жер атауы жаңармай, ел жаңармайды

512 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жұтылған» жер атаулары қайта «тіріле» ме?» деп аталатын мақаласында автор Тобыл жеріндегі жер-су атауларының тарихи негізін қозғаған екен. Мақалада айтылған Аманжол Күзембайұлы экспедициясының құрамында мен де болдым. Меңдіқара, Ұзынкөл, Федоров, Қарабалық, Қостанай аудандарындағы елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатыстым. Содан бері 13 жыл уақыт өтсе де көп дүние өзгермепті.

Жер атауы жаңармай, ел жаңармайды

Тобыл өңірінде елді ме­кен­дердің тарихи атаула­рын қайтару жұмыстары 1990 жылдары ерекше қарқынды жүрді. Мы­салы, 1997 жылы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жар­лы­­ғы­мен Қостанайдың орыс ті­лін­дегі транскрипциясы қа­зақ­­ша өзгертілді. Облыс­та­ғы аудан атаулары Камышин – Қа­мыс­ты, Комсомол – Қара­ба­лық, Ленин – Ұзынкөл, Семиозер – Әу­лиекөл, Урицкий – Сары­көл, Орджоникидзе Денисов ауда­ны болып аталды. Бұл жерде Денисов атауынан басқа­ла­рының тарихи атаулары қайта­рыл­ды.

Бірақ кейіннен белгілі себеп­тер­­мен бұл жұмыс тоқырап қал­­­­ды. Өзге этнос өкілдері көбі­рек тұратын елді мекен­дер­дің тарихи атауларын қай­тару мә­се­лесі жеке адам­дар­­дың, не болмаса топ­тар­дың қар­сы­лы­ғына ұшы­рап, шешілмей келеді. Сайып кел­генде мұның өзі тарихи фак­тіге негізделген ғ­ы­лыми оно­мастикалық ж­ұ­мыс­­тың қажет­тігін білді­ред­і. Мі­не, осы мақсатта облы­сы­мыз­­да тіл­дерді дамыту бас­қар­ма­­сы мен ономастикалық комиссия облыстық әкімдіктің тап­сыр­масымен аймақтағы А.Күзембайұлы, Е.Әбіл, Қ.Орма­нов, Т.Әлібек, Р.Байда­лы, Қ.Мыр­­захметов сияқты та­рихшы ға­­лым­дармен бір­ле­сіп, Қостанай облысының топони­ми­­ка­лық картасын құрастыру мақ­са­тында арнайы зерттеу жүр­г­ізу жұмысын қолға алды.

Тобыл өңіріндегі жер-су атау­ла­рына қатысты архив мате­р­иал­­дарын, саяхатшылардың жаз­­­ғандарын зерделей отырып, жер-су, елді мекендерге орысша айдар тағудың бірнеше түрін ажыратуға болады:

Бірінші түрі – Ресей жерінен кел­ген қоныс аударушылар жер­дің бұрынғы қазақша ата­уын қиынсынып, өздерінің келген жағының атының алдына «ново» деген сөзді қосып жіберіп айтқан. Мысалы: Николаевкадан келген болса Новониколаевка, Александровкадан болса – Ново­алек­сандровка деген.

Екінші түрі – сол жердің қа­зақша атауын орысша аудар­ған. Мәселен, Қарағайлы дегенді Бо­ров­ское, Ақбалшықты Белог­лин­ка (Қарабалық ауданы) деген.

Үшіншісі, қазақша атауды бұрмалап атаған. Мысалы, Ұзын­көл ауданындағы Бабакөлді – Озеро Бабье, Өзенкөлді – Узын­коль деген.

Төртіншісі – ең алдымен қай отбасы көшіп келіп орналасса, соның фамилиясымен атаған. Мысалы, Павловка, Романовка, Александровка, т.б.

Атап айтар болсақ, 1888 жылы Орынбордың вице-губерна­торы И.П.Кереев қа­зір­гі Мең­ді­қара ауданындағы Михайловка деген ауыл тұрған жерге келеді. Сол кезде ауылдың аты сол жер­­­дегі Қараңғылық деген өзен­­­нің атымен аталған екен. И.П.Кереев болса жергілікті ха­лық­­­ты жинап алып, «Орыстар тұ­­­ратын жерге неге орысша ат қоймағансыңдар?» дейді де, елді мекенді Михайловка деп өзгертіп кетеді. Михайлов – Қа­раң­­ғылыққа Ресейден алғаш кел­ген қоныс аударушының аты-жөні екен.

Бір анығы – жер атауларының осылай өзгертілуіне патша өкі­меті бірден жарлық шы­ға­рып отырған. Ал Кеңес өкі­ме­ті орнағаннан кейін көп­теген жерімізге партия қай­рат­кер­­ле­рі­нің, съездердің реттік саны берілген. Одан кейін тың кө­те­ріл­ген жылдары құрылған ұжым­шарлар облысымызға кім қайдан келсе, солар­дың келген жағының атымен атал­ды.

Қорыта айтқанда, Тобыл өңі­­­рін­де тоқырап қалған тарихи фактіге негізделген ғылыми оно­­мастикалық жұмысты қайта жаңғыртуымыз керек. Елба­сы­ның Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілгенде тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды ше­шім­ді халық бірауыздан қол­дап, өте жылы қабылдады. Осы игі үрдісті солтүстік аймақтарда да жалғастыруға болады.

 

Байдалы РАУАН,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор

 

Қостанай