Қоғам • 28 Сәуір, 2021

Атауларды «тірілту» – өз қолымызда

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел газеті «Егемен» Қостанай облысындағы тарихи жер атаулары туралы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Өзім Алтынсарин ауданына қарасты Силантьев ауылында тұрамын. Тың игеру жылдары сол кездегі билік бұл ауылды қалай атасақ екен деп ешкімнен ақыл сұраған жоқ, барлық елді мекеннің атауын белден басып әкімшілік жолмен қойды.

Атауларды «тірілту» –  өз қолымызда

Енді, міне, тәуелсіздік алғанымызға табаны күректей 30 жыл толыпты. 30 жылдың ішінде ең болмаса 30 елді мекеннің атауын өзгерте алмай отырмыз. Неден қорқып, кімге жалтақтап отырғанымыз белгісіз. Мысалы, Алтынсарин ауданында іргелес отырған Силантьев, Малая Чураковка, Большая Чураковка, Щербаков, Первомай деген елді мекендер атауының бірі де өзгерген жоқ. Аудан Алтынсарин деп аталғанымен, құрамындағы ауылдардың дені өзге тілде аталады. Енді не бір тарихы, не бір тегі жоқ мағынасыз атаулармен қоштасып, жаңа заманға лайық атау қоятын немесе тарихи атауларды қайта жаңғыртатын кез келді ғой. Мен осы мәселені көтеремін деп әкімдерге де жаманатты болып біттім. Аудан әкімі, тіпті сөйлесуді де қойды, көргісі келмейді, қашады менен. Барсам, кабинетіне кіре алмаймын. Ол кісінің де қолында тұрған ештеңе жоқ екенін түсінемін, бірақ ел келешегі үшін маңызды мәселені айту парыз.

Халқымызда «Жалғыздың үні шық­пай­ды, жаяудың шаңы шықпайды» деген аталы сөз бар, осы орайда көп болып ойласып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық құрметіне, иә болмаса, ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың 180 жылдығын ескере отырып, Қостанай облысындағы 30 елді мекеннің тарихи атауын қайта жаңғырту туралы ұсыныс айтқым келеді. Беделді ғалымдар мен облыс, республикадағы құзырлы орындар жұмылып осы игі бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.

 

Нағашыбай АЛПЫСОВ,

жыршы, зейнеткер

 

Қостанай облысы,

Алтынсарин ауданы

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51