Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мал ұрлығына байланысты заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деп атап өткен болатын. Сөйтіп заң барынша қатайтылған. Алайда ауыл адамдарының әупірімдеп күнін көріп отырған төрт түлігін оңай олжа көретіндер әлі тыйылмай отыр.
Облыста өткен жылы мал ұрлығының 186 оқиғасы тіркелген. Оның 80 пайызға жуығы – жайылымда болған қылмыс. Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу барысында тұрақты жұмыс жүргізгенімен, оңай олжаға қызығатындардың қатары азаймай тұр.
Таяуда облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы мал ұрлығына қатысты қылмыстық істі қарап, суық қолды ұрының сазайын берді. Бұл істі Зеренді аудандық соты қараған болатын. Күдікті бұрын екі мәрте сотталған және сотталған мерзімі толық өтелмеген Марат Сәткенов Қылмыстық Кодекстің 188-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бес жылға сотталды. Сот жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпті қылмыскерлерге арналған мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 14-бабының 2-тармағы, 1) тармақшасына сәйкес М.Сәткенов қауіпті қылмыскер деп танылды. Жазасын өтеу қамауға алынған 2020 жылдың 19 қыркүйегінен бастап есептелінетін болды.
Күдіктінің кінәсін мойындататын заттай айғақтың барлығы бар. Мәселе былай болғанға ұқсайды. Өзгенің малына көзін алартқан күдікті 2020 жылдың 28 қыркүйек күні кешкі уақытта Зеренді ауданына қарасты Елікті ауылындағы серіктестіктің мал қорасының есігін бұзып ашып, 11 жасар жылқыны ұрлап алып кеткен. Серіктестік басшыларының бағалауынша, ұрланған жылқының құны 350 мың теңге шамасында.
Аппеляциялық шағымында күдікті өзінің мал қорасының есігін бұзбағанын, атты жайылымда жайылып жүрген жерінен ұстап алғандығын, сондықтан сот үкімімен келіспейтінін айтып ақталған. Оның ойынша, өзін төтенше қауіпті қылмыскер деп тану да артық. Әрі ол сотқа дейінгі барлық талапты орындап, жәбірленушіге жылқының құнын төлеп бергендігін, қазір оның ешқандай талабы жоқ екендігін жеткізіп жанталасты. Өз пікірін айта келе, сот үкімін жеңілдетуді сұрады. Адвокат С.Кузьмин де күдіктінің келтірген дәлелдерін дұрыс деп есептейтінін айта келіп, барлық материалды сараптап, жазаның тым ауыр екендігін алға тартты. Бірақ Қылмыстық істер алқасы қылмыстық оқиғаның мән-жайын, алғашқы сот барысында жазылған аудио, бейнежазбаларды зерттей келе, үкімнің заң аясында шығарылғандығын анықтады.
Сотталушы қылмыстық әрекетін мойындап отыр. Жәбірленуші мен куәгерлердің осы оқиға бойынша түсініктемелері толық. Ұрланған жылқының жайылымнан емес, мал қорасынан әкетілгендігі белгілі болды. Мал қора есігі кілтке жабылған.
Облыстық сот айыпталушы Марат Сәткеновтің іс-әрекетіне байланысты Зеренді аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Аппеляциялық арыз қанағаттандырылған жоқ.
Бір жылқы үшін бес жылға жаза кесілді. Егер мал ұрлығына байланысты дәл осындай қатаң әрі әділ жаза қолданылатын болса, ұрлық та сап тыйылар еді.
Ақмола облысы