«Ұлы даланың әйгілі перзенттері» деп аталған кезекті көрме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен тарихи тұлғалардың дара тұрар датасына орайластырылып отыр. Мемлекеттік Орталық музей төрінде шымылдығын түрген айтулы жоба жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық, сахна серкесі Серке Қожамқұловтың 125 жылдық, әнші, композитор Манарбек Ержановтың 120 жылдық, композитор Латиф Хамидидің 115 жылдық, қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық, мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойларына арналған.
Көрмеде мерейтой иелерінің тіршілігінде тұтынған жеке заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей фото-құжаттар, хаттар, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бейнелеу өнері туындылары мен иллюстрациялар қойылған. Әсіресе, Жамбыл Жабаевтың өмірден өткеннен кейінгі бет-пішінінің гипстен құйылған бедері мен күш атасы – Қажымұқанның тымағы келушілер назарын аударады.
– Қазақ тарихында ізі қалған тұлғаларды ұлықтаудың музейлер үшін бірден-бір жолы – көрме ұйымдастыру арқылы насихаттау. Айтулы жобаны Nоmаd Life компаниясымен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. «Ұлы даланың әйгілі перзенттері» көрмесі осы аталған тұлғалардың қайраткерлік қырын танытуға жол ашып, музей коллекциясы арқылы сыр шертеді, – дейді Мемлекеттік Орталық музей қызметкері Сұлушаш Ағелеуова.
АЛМАТЫ