Биыл автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 400-ге жуық нысан және 1250 шақырым жолдар мен елді мекен көшелері қамтылады. 780 шақырымнан астам жолды биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Жыл қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 79%-дан 81,4%-ға дейін арттыру көзделуде. Мәжілісте облыс әкімі жол сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Жыл сайын жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаржының тұрақты бөлінуін және күтіп ұстауға жеткілікті қаржы қарауды тапсырды. Сондай-ақ жөндеуден өткен жолдарды мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау үшін ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын реттеу жүктелді. Облыс үшін маңызды Шымкент, Түркістан, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысын бастау бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігі айтылды.
Айта кетелік, Түркістан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды құрайды. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға жетті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынды. Ескертулер беріліп, 58 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы, 6,2 шақырым жол негізі бұзылып, қайта салынды. «Сапалы жол-Адалдық алаңы» жобасы аясында анықталған барлық ақаулар қалпына келтірілді.