Президент • 28 Сәуір, 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасына ҚХА-ның құрметті төрағасы болуды ұсынды

448 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасына ҚХА-ның құрметті төрағасы болуды ұсынды

«Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды өтінеміз. Бұл мәртебе шын мәнінде халықтың және мемлекеттің алдындағы тарихи еңбегіңізге байланысты Сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайды деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі міндет екендігін баса айтты.

«Баршамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс. Біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз», деді ҚР Президенті.

Осы ретте Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеямен тығыз жұмыс істей беретіндігін атап өтті.

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығынан кетті. Енді Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады.

Айта кетейік, отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Күн тәртібі «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбына арналған.

Сессия жұмысына онлайн форматта 550-ден астам адам қатысып отыр. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.