Өнер • 29 Сәуір, 2021

Би – ұлт мәдениетінің биік шыңы

2631 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлем 29 сәуірде Халықаралық би күнін атап өтеді. Хореогра­фия өнерінің барлық түрін дәріптеуге арналған бұл мерекені сонау 1982 жылы ЮНЕСКО бекіткен болатын. Атаулы датаның таңдалуы тегін емес, 1727 жылғы 29 сәуірде «заманауи балет» өнерінің негізін қалаушы, француз балетмейстері Жан-Жорж Новерр дүниеге келген. Тарихта «Бүгінгі балет өнерінің атасы» болып қалған тұлға ең алғаш балет спектаклін жарыққа шығарғаны үшін осындай құрметке ие болды.

Би – ұлт мәдениетінің биік шыңы

Халықаралық би күнін отандық хореографтар да кеңінен атап өтеді. Осыған орай біз Қазақ ұлттық хореография академиясы заманауи қазақ биін дамытуға қалай үлес қосып жатқаны туралы баяндауды жөн көрдік.

Қазақ биі дегеніміз – әуен мен ырғаққа үйлесе қозғалу ғана емес, бұл тұтас ұлттың мәдениеті мен дәс­­түрі. Қазақ биінің кәсіби сахнада көрсетіле басталуы Қазақстандағы театр өнерінің негізі қалануымен байланысты. Әсіресе, Жұмат Ша­нин, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов секілді музы­калық театр режиссерлері би өне­ріне қажетті сюжеттер тауып, му­зыкалық сүйемелдеу таңдауға зор үлес қосты. Сонымен қатар Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайы­лов, Али Ардобус, Александр Алек­­сандров, Нұрсұлу Тапалова, Алмас Бекбосынов және басқа да өнер май­талмандарының есімдерді ұлт­тық хореография тарихына есімдері алтын әріптермен жазылды. Ал, Дәурен Әбіров, Зауырбек Райбаев, Ольга Всеволодская-Голушкевич, Мыңтай Тілеубаев, Болат Аюханов секілді балетмейстерлер бүгінде қазақстандық хореография өнерінің классиктеріне айналды.

Елордада хореографиялық өнер шеберлерінің ұстаханасы – Қазақ ұлттық хореография ака­демия­сының пайда болуымен қазақ биінің екінші тынысы ашылды. Академия оқытушылары алдарына үлкен міндет қойды – тә­лімгерлердің бойында ұлттық мә­дениетке деген сүйіспеншілік пен мақ­таныш сезімін тәрбиелеу. Қазақ биін зерттеп, оның сақталуына сү­белі үлес қосып жүрген жас ға­лым­дардың арасында академия оқытушысы, әйгілі хореограф, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» Республикалық жобасының жеңім­пазы, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, көптеген қойылымдар­дың авторы Анвара Садықова­ны ерекше атап өтуге болады.

Қазіргі уақытта Анвара Сады­қова қазақ биінің дамуына атсалысып жүрген хореографтардың бірегейі болып табылады. Оның жеке басының талантын және да­­­рын­ды студенттері орындайтын экс­клюзивті қойылымдарын отан­дық қана емес, шетелдік кө­рермендер де жоғары бағалау­да. Бүгінгі қазақ музыка өнерінің ­жар­­қын өкілдері – «Тұран» фоль­к­лор­лық-этнографиялық ансам­блі­мен ынтымақтастық орнату қа­зақ биін танымал ету жолындағы ерек­­ше жетістік десек те болады. Биыл ұжым өзінің 13 жылдығын атап өтуде, оның репертуарында 40-тан астам шығарма бар және осы уақытқа дейін әлемнің 70 елін­де 600-ден астам концерт өткі­зіп үлгерді.

Анвара Садықованың айтуын­ша, ол «Тұран» ансамблінің шы­ғармашылығымен 10 жыл бұрын композитор Ақ­тоты Райым­құ­ло­ва­ның музыка­сына қойылған «Тол­ғау» хореографиялық композициясын қойғанда алғаш рет танысқан екен. Жемісті ынтымақтастық 2016 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылған күннен бастап бүгінге дейін жалғасуда.

Осындай қысқа мерзімде ака­демияның репертуары «Бал­бө­бек», «Жастар», «Қызғалдақ», «Қос аққу», «Аққулар» және басқа да «Тұран» ансамблінің музыкалық шығармаларына қойылған хорео­графиялық нөмірлермен толықты. Би мен музыкалық дуэттің сәт­ті болғаны соншалық, академия студенттері халықаралық бай­қау­лар мен фестивальдерге шақыру алып, әлемдік өнер шеберлерінің назарына түсіп, мақтауларына ие бола бастады.

Алғашқы шетелдік сапар 2016 жылдың қазан айында Пекинде өткен «Beijing International Dance performance series» Халықаралық би өнері фестиваліне қатысу болды. Академия студенттері «Тамыр» атты арнайы бағдарламамен қы­тайлық көрермендер алдында өнер көрсетіп, қазақ биінің барлық сұ­лулығын лайықты көрсете білді. Осы бағдарламаға кірген «Тұран» ансамблінің орындауындағы «Мү­кей» күйіне қойылған «Тәңір мен Ұмай» биі кейін де талай рет ха­лық­аралық фестивальдерге қатысты.

2017 жылы Аружан Бақыт­қызы мен Сұлтанбек Ғұмар Қа­зақ­­стан шығармашылық жас­тар фес­тивалінің жеңімпазда­ры атан­­­ғаннан кейін, Париждегі ЮНЕСКО ұйымының шақыруын алып, өз өнерлерін Франция елінде көрсетті. Олар «Тәңір мен Ұмай» хореографиялық композициясын орындап, көрермендерін қа­зақ биі­нің сұлулығымен таңғал­дырды... Осы хореографиялық қо­йылым­мен Қазақ ұлттық хореогра­фия ака­демиясының студенттері Шұғыла Әдепхан мен Сұлтанбек Ғұмар (бүгін олар «Астана Опера» теат­рының солистері) бишілер арасында үлкен беделге ие болған «Малый Нуреевский» (Уфа) Ха­лық­аралық фестиваліне де барып қайтты.

2018 жылы Академияның оқу­­­шылары Айдарова Лимара, Икба­лова Вега, Хван Амир, Қали Дін­мұхамед «Тұран» ансамблінің «Бал­бөбек» шығармасына қойыл­ған хореографиялық композициясын Ресейде өткен «Би әлемінде» атты халықаралық фестивальде жоғары деңгейде көрсете алды; сондай-ақ Латвияда өткен XV Ха­лықаралық «Рига көктемі» хорео­графиялық фестиваль-байқауының гала-концертінде Айдарова Лимара «Тұран» музыкасына қойылған «Қызғалдақ» хореографиялық миниатюрасымен 1-ші орынға ие болып, лауреат атағын алды.

Осы жеңісті тізімді жал­ғас­тыр­ған академия студенттерінің тағы бір жарқын жетістігі – 2020 жылы өткен «World Folk Vision» Дүниежүзілік ұлттық мәдениеттер мен өнер байқау-фестивалінде екінші орын алуы. «Аққулар» биі әлемнің 115 елінен келген 3,5 мың қатысушының арасында үздіктер қатарына енді.

Одан басқа, «Тұран» ансам­блінің шығармаларына қойылған хореографиялық композициялар – әйгілі балетмейстер Айгүл Тати сахналаған «Балбалапан» қойылымын, Анвара Садықова сахналаған «Тәңірі мен Ұмай» және «Жастар» қойылымдарын көрермендер Қазақ ұлттық хорео­­графия академиясының Әзер­бай­жан мен Өзбекстанға гастроль­дік са­парлары аясында көре алды.

«Тұран» этно-тобының мү­ше­сі Серік Нұрмолдаев Қазақ ұлт­тық хореография акаде­мия­сы­ның пе­дагогтерімен жұмыс істеу ансамбль үшін маңызды тәжі­рибе екенін атап өтті. «Хорео­­гра­фия сала­­сындағы же­місті ынты­мақ­тастық Анвара Сады­қо­вадан бас­талды. Біздің туын­дыларымыз­ға қойылым, би қойғандар көп, бірақ біз бұған әрқашан күмән­мен қарайтынбыз, өйткені музыка саласындағы су­ретшілер ретінде біз ойымызды түсінгенін, оны қозғалыспен дөп жеткізгенін және осының бәрін іштей дұрыс қабылдағанын қалаймыз. Анвара Садықова осыны жүзеге асыра ал­ған адамдардың бірі болып шық­ты. Әрине, біз ұзақ уақыт етене жұ­мыс істеуді көздеп отырмыз. Себебі Ұлт­тық хореография академиясы балет өнерінің қалыптасуы мен дамуының тұ­тас бір бөлігі болып табылады. Осы бірегей оқу орнының тәр­биеленушілерімен бір сахнада өнер көрсетуге әрдайым қуа­ныш­тымыз», дейді музыкант.

Академияның «Тұран» ан­сам­­блімен жасаған соңғы жұмыс­тарының бірі – Бауыржан Бек­мұхамбетовтің «Жетісуым» кү­йіне қойылған жеке биі. 1-курс сту­денті Іңкәр Айдарханқызының орын­дауындағы бұл би биыл алғаш рет академияның Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған концерттік бағдарламасында ұсынылды.

«Әрине, біздің «Тұран» ансам­блімен ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді. Олардың қазақ хореографиясын насихаттау­дың жаңа түрлерін іздеуге бағыттал­ған шы­ғар­машылық жұмысы бізді қуан­тады және шабыттандырады. «Тұранның» туындылары махаббатты, өлімді, азапты, қуанышты, бақытты бейнелейтін әртүрлі тақы­рыптарды қамтиды, қазақ дала­сының тарихы туралы баяндайды», дейді хореограф Анвара Садықова.

Академия оқытушылары, сту­денттері мен «Тұран» музыкалық ұжымының шығармашылық бір­лестігі беделді марапаттарға қол жеткізуге ғана емес, отандық жә­не шетелдік көрермендер арасын­да қазақ мәдениетіне деген сүйіс­пеншілікті арттыруға да мүм­кіндік береді.

Әдемі би мен әуезді музыканың негізі – шабыт пен импровиза­ция. Анвара Садықова мен «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ан­самблінің ұжымы сияқты шы­­ғар­машыл жандар оны қа­зақ хал­қының бай мәдениеті мен тарихынан алады. Ал олардың таланты мен кәсібилігі еңбексүйгіштік пен адалдықпен еселене отырып, екі өнердің жарық дуэтін өнер шыңына жетелейтіні және бүкіл әлемге қазақ мәдениетін паш ете­тіні сөзсіз.

 

Талғат САДЫҚҰЛЫ