Өнер • 29 Сәуір, 2021

Димаш феномені

2013 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ән әлемінің жарық жұлдызына айналған Димаш Құдайбергеннің орын­дауындағы қазақ әндері шетелдік тыңдарман үшін ұлы дала музыкасының антологиясы секілді. Өнерпаздың орындауындағы қазақы әуен халқымыздың ұлттық құндылықтарына, бай мәдениеті мен көркем өнеріне талайды еліктірді. Бізбен қуана тілдескен Димаштың шетелдік тыңдарманының қазақ халқына деген ізгі ілтипаты мен ықыласын бір мақаланың көлеміне сыйдыру әсте мүмкін емес.

Димаш феномені

Адамның саналы ғұмырында естіп, біліп көрмеген ұлттың тарихы, мәдениеті мен бүгінгі тіршілігіне кенет қызыға ке­туі қаншалықты сирек құбылыс екені айт­пасақ та белгілі. Ал бір дарынды тұлға­ның шығармашылығы арқылы бүкіл бір елдің болмысын ашып, ұлт­тық өнерін әйгілі ету тіпті қиын. Алайда, мүмкін екен.

Димаштың табиғи дарыны, орындау­шы­лық мүмкіндігі, бұлбұл үні, әуезді әні мен біртуар қабілеті осыған дейін де талай айтылды, алдағы уақытта да айтыла береді. Өзі жастайынан аңсаған «Қазақтың атын әлемге танытқым келеді» деген арманы бүгінде шындыққа айналды. Әншінің шығармашылығын жіті бақылайтын тыңдаушысы оның ана тілін­дегі әндеріне деген ықыластың ерек­ше екенін бірден аңғарады. Ұлттық әуендердің ырғағы мен иіріміне қызыққан талай шетелдік Ұлы даланың тілі, ділі, мәдениеті мен өнеріне құштарлық танытып, меңгере бастады.

Аргентиналық Ирма Ледесма шығыс мәдениеті мен дәстүрін Димаш арқылы тани бастағанын айтады. Өз елінде жо­йылуға жақын ұлттық құндылықтарға ол Димаштың өнерімен сусындай бастаған.

– Мен қазақ елінің музыкасын, ұлттық аспаптарын, биін, сондай-ақ өмірге, от­басына қатысты ұстанымдарын, өзге­лерге құрмет көрсетуі және Отанын сүюі секілді асқақ құндылықтарымен таныс­тым. Димашты – қазақ мәдениетінің үздік үлгісі деп білемін. Біздің қазақтардан үйренеріміз көп, – деп сөзін түйіндеді И.Ледесма.

Ағынан жарылған тыңдаушылардың бірі малайзиялық Роузин Чери Димаштың Қазақстанға деген ғажап сүйіспеншілігі өзі­не берілгенін айтып, күлдіріп алды. Чери­дің ұлы үйінде теледидарда үздіксіз қо­сылып тұратын киіз үй, жылқылар мен кең-байтақ даланың бейнесіне тіпті таң­қалмайды екен.

– Димашты алғаш көргенде оның орындаушылық шеберлігі ерекше елітіп әкетті. Осындай дарынды әншінің қай­дан шыққаны, қандай тәрбие алғаны қызық болды. Оның өз ұлтына деген ерекше сүйіспеншілігін байқамау мүмкін емес. Қазақстанның туын құрметпен сүюі, әр әнінің соңында «Welcome to Kazakhstan» деп қонаққа шақыруы сахналық қойылым емес, оның табиғи болмысы екенін көрсетіп тұратын. Өз ұлына осыншама сүйіспеншілікті да­рытқан қандай ел болды екен деген сұрақ туады. Осылайша өзіме бейтаныс халықты жақсы көріп кеттім деуге де болады, – дейді малайзиялық тыңдарман. Роузин қазір қазақ тілі сөздігін сатып алып, онлайн топта тіл үйреніп жүр. Орталық Азия, Қазақстан туралы да көп оқиды. Алматыда өткізген бір күнін жиі еске алып, қайта оралуды армандайды. Домбыраның үнін бірден ажырата алатынын айтады.

Димаштың өнері арқылы қазақ ті­ліне қызығушылық танытып, оны мең­гере бастаған жалғыз Роузин емес. АҚШ тұрғыны Эмили Тремблей қазақ жазу­шыларының шығармасын оқып, өзге әншілермен де таныса бастапты. Сұхбаттарында Димаштың «Абай жолы» романын бірнеше рет айтқанын естіген ол шығарманың ағылшынша нұсқасын тауып, оқуға кіріскен. АҚШ-тың Индиана штатының тағы бір тұрғыны Руф Барклей Абайдың өлеңдерін оқып, қазақ тіліндегі әндердің мәтінін түпнұсқада түсінгісі келетінін атап өтті.

 Осыған дейін қазақ тіліне Латын Америкасында сұраныс артып, Димаш­тың жанкүйерлері елшілік жанынан курс ашуды ұсынғанын естіген едік. Бұл қазақ тілінің дамуының жаңа көкжиегі, жаңа белесі секілді.

Бразилия әдебиетін зерттеуші, профессор Стелла Монт қазақ тіліне деген қызығушылығы «Дайдидау» әнінен бас­талса, «Самалтаудан» кейін қазақ мәде­ниетіне көңілі біржола құлағанын айтады.

 – Әнге арқау болған туған жерін қимай соғысқа аттанған бозбаланың қасіреті менің Африкадан Бразилияға күшпен айдалған ата-бабамның тағдырын еске түсірді. Осылайша қазақ даласының тарихын зерттей бастадым. Менің ендігі арманым – Қазақстанның Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа Арал теңізі, Балқаш көлі секілді көп біле бермейтін көрікті жерлерін аралау, – дейді Стелла Монт.

Димаштың АҚШ-тағы тыңдаушы­сының бірі Иви Делакур жоғары оқу орнында Ұлыбритания әдебиетіне, ағыл­шын тіліне маманданған. Ескі ағылшын-саксон, француз тілдерін қосымша мең­герген ол қазақ тілін де үйренгісі келеді. Алайда, оны меңгеру қиынға соғып жат­қан көрінеді. Арасында өлең жазып қоятын Иви Димаштың әндерінің ағылшынша аудармасына көңілі толмайтынын айтады. Себебі аударма жет­кізе алмайтын қазақ тіліне тән кейбір сөздердің мағынасы тәржімалағанда өзгеріп кетеді.

Талғамы биік тыңдаушы Димаштың қазақ тілді туындыларында ұлттық музы­калық аспаптардың үнін жиі естиді. Осылайша ол ұлттық музыканы дамы­тып қана қоймай, оны заманға сай қолданып, шетелге насихаттап жүр. Бұл дара Димаштың шығармашылық мис­сиясының үлкен бөлігі деуге болады. Әншінің мұндай музыкалық ше­ші­мін тыңдарманы да өз деңгейінде баға­лап жатады. Мәселен, жазушы Ева Бауман еуропалық оқырманы үшін жазып жатқан фэнтези жанрындағы романына қобызды қосқан. Ол Димаш арқылы қазақтың ұлттық аспаптарымен танысқанын, шығармашылығына үлкен шабыт алғанын баса айтты.

– Алғашында Қытайда өткен жарыста «Дайдидау» әнін сүйемелдеген өзгеше, өзіме жат аспаптардың үнін есті­дім. Кейін «Қайран елім» әнінде қо­быздың даусына сүйсіндім, ерекше әсер қалдырды. Сол үнді қиын сәтте жалық­пастан қайталап тыңдай бердім. Жеті айдан кейін жазып жатқан туындыма қобызды қосуды ұйғардым. Романның басты кейіпкеріне Димаштың музыкасы мен өмірлік құндылықтары шабыт берді. Қобыздың ерекше үні менің еуропалық оқырманым үшін экзотикалық деуге болды және фэнтези жанрына құйып қойғандай, – дейді жазушы. Қазақтың ұлттық аспаптарын терең зерттеген ол жаңа туындысын аяқтап, оқырманға ұсынуға асық.

Әнші үшін музыкасы арқылы тың­дарманының шығармашылығына әсер етіп, шабыт бергенін естуден асқан ба­қыт жоқ болар, сірә. Димашты сүйіп тың­дайтын әрбір жанмен сөйлескен сайын үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам­дар­ды біріктірген музыканың біре­гей тіліне, құдіретіне таң қаласың, таң­данасың.

Алма жемісінің Исландияға келу та­рихын зерттеп жүрген антрополог Хель­га Огмундардотир ғылыми жұмы­сы­на жаңа серпін, тың бағыт алды деуге болады. Мамандығы бойынша Ұлы да­­ла­ның ежелгі тарихына, көшпелі ха­лықтың ғұрпына және посткеңестік ке­зеңге қызыққан маман Димашпен таныс­тығынан кейін Қазақстанға ерекше назар аудара бастаған. Ол алдағы уақытта тарихта алманы алғаш үйде өсіре бастаған аймақ – Алматы тауларын көруді армандайтынын жеткізді.

Димаштың шетелдік тыңдаушыла­ры­мен тілдескен сайын ол қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін ғана емес, әдебиеті мен ғылымын да насихаттап жүргендей әсерде қаласың. Расымен, музыкада шекара жоқ қой. Ғалымның да, спортшының да, зауыт қызметкерінің де, саясаткердің де жан дүниесі музыка дегенде құлпырып шыға келеді, әуезді әнмен емделіп, әдемі әуенмен сусындайды, шер тарқатып, рухани байи түседі.

Әдетте белгілі тұлғаның шығар­ма­шы­лығы ғана емес, болмысы да үлкен рөл атқарады. Сол тұрғыдан алғанда Димаш­­тың сахнадан тыс өмірлік ұста­нымы, отбасына, жақындарына деген қарым-қатынасы, адами қасиеттері, өмір салты мен ұлтына деген риясыз көңілі көпке үлгі болады. Әншінің ко­лум­­биялық тыңдаушысы Эльза Пат­риция Димаш үшін ұлттық кодын, ерек­­­шелігін көрсету, әлемге таныту ма­­ңызды екенін түсінеді.

– Димаштың әр әрекетінен қазақ­тың исі аңқып тұрады. «Қайран елім» туындысы – толығымен қазақы өнім. Осы әнге түсірілген бейнебаянның америка­­лық MTV арнасынан көрсетіліп жатуы – үлкен жетістік, бұл – белгілі музыкалық арнадан берілген тұңғыш қазақ тіліндегі ән. Димаштың концерттері «Дайдидаусыз» өтпейді. Ол шетелдік тыңдарманының ана тіліндегі әнді бірге шырқағанын қалайды. Биылғы онлайн концертінде экранға қазақ сурет­ші­ле­рінің туындысын қойды. Әлеу­мет­тік желідегі парақшасында хал­қы­­ның ұлы тұлғаларын, ұлттық мере­келе­рін, салт-дәстүрін насихаттап, бізге ше­телдік жанкүйерлеріне түсіндіруден жа­лық­пайды. Біз Димаш арқылы қазақ­тың үйінде болып, дастарқанынан дәм татқандай әсерде боламыз, – дейді Эльза Патриция. Ол тіпті қазақтың ұлттық ­та­ға­мы наурызкөже мен ет асуды да өнер­паздың әжелерінен көрген екен.

Иә, Димаш өзінің қарапайым болмысы мен қазақы өмір салты арқылы бү­кіл әлем алдында халқымыздың айнасы болып отыр десек, артық айтқандық емес. Әншіні еліміздің тұрғындары ға­на емес, Қазақстанда туып, шетелге қо­ныс аударған бұрынғы отандастары да мақтан тұтады. Бізбен тілдескен Фара Лапико Алматыда дүниеге келген, қазір Канадада тұрады. Ол бұрын алматылық «А студио» тобын сүйіп тыңдаса, қазір жерлесі Димаш Құдайбергенді ерекше құрметтейтінін жеткізді. «Канадада тұратын орыс тілді бір миллионға жуық адам Димашқа жанкүйер деуге болады», дейді Ф.Лапико.

Қазақ әншісінің шығармашылығын Германияда насихаттап жүрген жандар­дың бірі – Бетина Древенсек Димаш қазақ тілінде ән салғанда басқа қырынан ашылып, ерекше жарқырайтынын алға тартты.

– Оның даусы кез келген әнге үйлесе кетеді. Алайда, ең қызығы, қазақша ән­дер­ге келгенде екінші тынысы ашыла­тын секілді, рухы көтеріліп, бірден түр­леніп сала береді. Шынымды айтсам, қазақ халқына қызыға қараймын. Тарихтың қанша соқпағынан өтсе де, дәстүрі, ұлттық құндылығы мен мәдени байлығынан айырылмаған. Біз, немістер ұлттық ән-биіміз бен әдет-ғұрпымызды ұмытып барамыз, – деп сөзін түйіндеді әншінің неміс жанкүйері.

Қазақтың ұлттық құндылықтарының, тілінің, мәдениеті мен өнерінің, өмір сал­­тының, отбасына негізделген тәрбие­сінің шетелдіктерді қызықтыра бастауы Димашпен қатар, технологияның да жемісі екені белгілі. Тыңдаушыларымен еркін тілдесіп, пікір алмасу да осы зама­науи құрылғылар арқылы мүмкін болып отыр. Ұлы дала мәдениеті қазақтың өнері арқылы әлемге танылуының сим­воликалық мәні ерекше. Өйткені дү­йім түркі жұртының ежелгі Отаны – Қазақ­станның мәдени мұрасының тамыры тереңде. Бұл баға жетпес мұраны әлем жұртына Димаш секілді ерекше мақ­танышпен, сүйіспеншілікпен таныстыру тәуел­сіздік ұрпақтарына бұ­йырған бақ екен.

 

P.S. «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтылмаса керек. Оның айқын дәлелі – Димаштың дара үні болып жер дүниені дүр сілкінткен музыканың шексіз мүмкіндігі, өнердің түпсіз терең тұңғиығы. Ұлттық құнардан нәр алып, қиянға қанат қаққан қазақтың қаршадай ұлының туған елі мен өскен ортасына, Отанына деген риясыз сүйіспеншілігі, әлбетте, кез келген жанды селт еткізбей, тебірентпей қоймасы анық. Өйткені музыка – күллі адамзаттық құбылыс болса, ән – көңіл кілті. Ендеше, ұлттық өнер өрнегі арқылы шартараптың назарын өзіне – ұлы даланың ұлық мұрасына бұрғыза алған Димаш өнері – шын мәнінде қазақ һәм адамзат мәдениетіндегі құбылыс! Ал біз өз кезегінде сүйікті әншісіне, оның туған жері мен халқына деген ыстық ықыласын риясыз төккен шетелдік талғампаз тыңдаушыға басымызды иіп, шын жүректен алғыс білдіреміз!