Руханият • 29 Сәуір, 2021

Кенен ақынның көркем кеңістігі

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ өнері үшін Кенен Әзірбаевтың орны әрдайым бөлек. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», деп жырлаған ол ел мен жерді шығармаларына арқау етті. Кейінгі ұрпаққа көркем де келісті мұра қалдырды.

Кенен ақынның көркем кеңістігі

Жыл сайын көне Тараз топы­рағында Кенен есімін ұлықтауға және шығармаларын насихаттауға арналған республикалық «Шырқа, даусым!» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтеді. Аталған байқау талай өнерпаздың жолын ашып, талантын ұштады. Биыл «Шырқа, даусым!» байқауы өңірде оныншы рет ұйымдастырылып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.

Негізінен, санитарлық талап­тарға сәйкес, байқау өткен «Ба­ла­­сағұн» орталық концерт за­лын­­да көрермен болған жоқ. Бі­рақ ұлттық өнерді бағалайтын көпшілік үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылды. Екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі әншілер мере­кесіне биыл еліміздің әр қиырынан отызға жуық үміткер қатысқан. Бір қуантарлығы, оның бәрі де жастар екен. Байқауға Алтынбек Қоразбаев, Саят Медеуов, Айгүл Қосанова және Бейбіт Мұсаев сынды танымал өнер қайраткерлері қазылық етіп, үміткерлердің өнерін бағалады. «Биыл бұл дәстүрлі ән байқауы оныншы рет өткізілсе, мен үшінші мәрте төраға ретінде қатысып отырмын. Байқауға жастардың көп қатысқаны көңіл­ге медеу болды. Бұл дегеніміз – Ке­нен мұрасы мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі», дейді Алтынбек Қоразбаев.

Байқауда Кенен Әзірбаевтың атақты «Тік шырқау», «Шырқа, даусым!», «Көкшолақ» секілді көп­­теген ғажап әндері орындал­ды. Жалпы, шарада өнерпаз жас­тар Кененнің көркем әлемін аша білді. Нәтижесінде байқаудың бас жүлдесін алматылық Уатхан Шат­тық жеңіп алды. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің ар­найы жүлдесі шымкенттік Ұлсая Бектасқа бұйырды. Бас жүл­де мен арнайы жүлдені облыс әкімі Бердібек Сапар­баев жеңім­паздарға өзі табыстады. Сондай-ақ ол Кенен мұрасы мәңгілік еке­нін атап өтіп, байқауда өнер көрсеткен жас өнерпаздар мен олар­ды дайындаған ұстаздарына алғыс білдірді. Ал Әулиеата өңірі­нен қатысқан Ербосын Қасымбек бірінші орынды иеленсе, екінші орын Алматы облысынан келген Жігер Омархан мен балқаштық Нұрболат Ұзақбайға берілді. Сон­дай-ақ жүлделі үшінші орынға Талдықорған қаласынан Нұрдана Сәлімхан мен Түркістан шаһары­нан Елбол Қуанбек лайық деп танылды. «Шырқа, даусым!» байқауында бір­қатар қатысушы Алғыс хаттарға ие болса, үміткерлердің біразы дип­ломант атанды. Ал бірқатар қа­тысушы «Көрермен көз­айымы», «Күміс көмей», «Жас Үміт», «Жас дарын» және «Көне Тараз» се­кілді аталымдар бойынша марапатталды. Сондай-ақ кейбір үміткерлер облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасы мен Кенен Әзір­баев атындағы облыстық фи­лар­­монияның арнайы жүлдесін иеленді.

 

Жамбыл облысы