Атап айтқанда, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жөнінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева баяндама жасады.
«Біздің қоғам ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыратын бірлестіктер мен кәсіпорындардың жұмысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметке бағытталған қызметімен таныс. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде осындай жүзге жуық субъект жеңілдетілген салық салуды пайдаланады.
Сонымен қатар қызметі әлеуметке бағытталған ұйымдар шеңбері әлдеқайда кең және олардың саны жыл сайын артып келеді. Оған азаматтық қоғамды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жаңа деңгейі, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптeстік жүйесін нығайту мен мемлекеттің бірқатар әлеуметтік функцияларын бәсекелес ортаға беру ықпал етеді», деді Мәжіліс депутаты.
Екатерина Смышляеваның айтуынша, қолданыстағы құқық аясы әлеуметтік ұйымдардың кең ауқымдағы қызметін реттеуге мүмкіндік бермейді. Өткен жылы кәсіпкерліктің осы сегментін кеңейту және одан әрі нығайту үшін аталған заң жобасы бойынша жұмыс басталды. Оған бастамашы болған сәттен бастап әлеуметтік бизнес өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, кәсіби қауымдастықтар, халықаралық сарапшылар тартылған. Заңның негізгі жобасы үш кодекс пен екі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«Заң жобасында қарастырылған мүмкіндіктерді іске асыру арқылы бірқатар мәселе қамтылмақ. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, кедергісіз орта ұйымдастыру үшін медициналық техника, арнайы құралдар мен басқа да отандық тауарларды өндірушілерге қолдау көрсетіліп, ынталандырылады. Бизнесті инклюзивті жұмысқа орналастыру, әлеуметтік оңалту, оқыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың осал санаттарының табысын арттыру проблемаларын шешуге тартылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласында көрсететін қызметінің түрі мен сапасын арттыруға болады», деді депутат.
Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайды. Оның құрамына кімдер кіретінін және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отырғанын депутаттар назарға алды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды.
«Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сондықтан бұл комиссияға қоғам өкілдерінің кіргені дұрыс», деді Палата Спикері. Оның айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды. Осының бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс Төрағасы өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайтынын атап өтіп, осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бойынша салық жеңілдіктері болатынына (мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту) тоқталды.
Жалпы, заң жобасында қандай да бір ұйымды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу өлшемшарттарын айқындау көзделген.
Палата отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының басты мақсаты әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды шоғырландыру екенін атап өтті. «Депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлерге салық салынатын табысты салық салуға байланысты кірістерді екі есеге азайту, халықтың әлеуметтік осал санаттарын оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлауға кеткен шығындарды екі есе азайту бөлігінде салық жеңілдіктерін беруді ұсынды. Бұл нормаларды енгізу арқылы біз кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін кеңейтеміз.
Кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға кететін шығындар үшін жұмыс берушілерге салықтық жеңілдіктер ұсыну олардың жұмыспен қамту мәселелерін шешуге және осы топтағы жұмыскерлердің құзыретін арттыру процесінде жеке инвестицияларды тартуға қатысуына ықпал етеді. Бұл бүгінде негізінен бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады», деді Екатерина Смышляева.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
«Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты Шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттігі туындап отыр. Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде алты кедендік төлем мен салық түрі төленеді.
Осы хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақыт үнемдеп, шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
«Бұл құжат азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға, азаматтар туралы жеке мәлімет алуға, тәжірибе алмасып, практикалық көмек көрсетуге, заңсыз көші-қон жолдарын жоюға жағдай жасайды. Қазақстан мен Әзербайжан азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық артуда. 2018 жылы Қазақстанға Әзербайжаннан 50 мыңға жуық азамат, 2019 жылы – 48 мыңнан астам азамат келген. Ал Қазақстаннан 2018 жылы 28 мың, 2019 жылы 29 мың азамат Әзербайжанға барған. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты келіп-кететін азаматтар саны азайды», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.