«Шымкент қаласында сәуір айының 25 күнінде 2 131 жағдай тіркеліп, ауырғандардың саны 4,5 есеге өсті. Наурыз айында есепті кезеңде 473 жағдай тіркелген еді. Эпидемиялық зерделеу барысында науқастанғандардың 29,3 пайызы ауырған адаммен қарым-қатынастағылардан анықталды. Қалғандары карантиндік сақтық шараларын сақтамағандықтан індетке шалдыққан. Жыл басынан бері анықталған 3 475 науқастың 32,4 пайызы ірі сауда үйлері мен дүкендерде, 20,1 пайызы базарларда, 18,2 пайызы қоғамдық көліктерде және түрлі жиындарға барғанда жұқтырған», деді департамент басшысы.
Шаһарда эпидемияға қарсы санитарлық-ағарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бүгінге дейін 451 санитарлық-ағарту шарасы өткізіліп,
12 338 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Ashyq жобасы қашықтықты сақтайды
Шымкентте эпидемиялық жағдай «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» өтуіне байланысты қызметіне шектеу қойылған бірқатар кәсіпкерлік нысан санитарлық талаптарды сақтай отырып, қайта іске қосылды. Ә.Төлебаев эпидемиялық ахуал, санитарлық-ағарту жұмыстарына арналған Ashyq жобасы туралы түсіндіріп берді.
«Қазіргі таңда қалада эпидемиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Яғни 15 сәуірден бастап «қызыл аймақта» болды. Ал COVID-19 жұқтыру жағдайының тіркелу санын ескере отырып, 26 сәуірден бастап «сары аймаққа» ауыстырылды. Бірақ науқастардың ішінен коронавирустың «британиялық», «оңтүстік африкалық» және «бразилиялық» ауыр жағдайда өтетін түрлері анықталуда. Бұл індеттің қауіптілігін одан сайын арттырып отыр. 26 сәуірден бастап СПА, бассейн, йога орталықтарын қоса алғанда, фитнес-клубтары қалыпты режімде жұмыс істейді. Ал банкет залдарын, асхана, фаст-фуд объектілерін қоспағанда, қоғамдық тамақтану орындарының уақыт кестесі сағат 07:00-ден 00:00-ге өзгеріп, адам саны 50 пайыздан аспауы ескертілген. Кинотеатр, театр, филармония мен концерт залдарының сыйымдылығы 20 пайыздан аспайтын жағдайда қалыпты режімде қызметін жалғастырады. Сонымен қатар облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар 15 адамнан (75 пайыз) асырмай жолаушы тасымалдайды. Одан бөлек, бильярд, PlayStation клубтарын қоса алғанда, компьютерлік және боулинг клубтарында тұрғындар 50 пайыздан аспаған жағдайда жұмыс режімі сағат 12:00-ден 00:00-ге дейін сақталады», деді департамент басшысы.
Аталған жоба 23 сәуірде қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Ashyq жобасына қатысатын субъектілерге шектеу шараларын бекіту туралы қаулысына сәйкес 26 сәуірден бастап күшіне енді. Департамент басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында жыл басынан бері мобильдік топтар арқылы үйлестіру орталықтарына 190 жедел хабарлама түскен. Барлық шұғыл қоңырау бойынша тексеру ұйымдастырылып, 170 нысанға айыппұл салынған. Айта кетейік, зерделеу барысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 29,3 пайызы ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталған. Ал қалғаны карантиндік тәртіпті сақтамау салдарынан індетке шалдыққан. Осы орайда ол қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.
Вакцина, тағы да вакцина...
Шымкенттіктердің індетке қарсы екпе салдыру белсенділігі артып, өткен апта соңында қоймалардағы вакцина таусылған еді. Күні кеше отандық QazVac вакцинасының 4 мың дозасы жеткізілді. Енді шаһар тұрғындары елімізде өндірілген екпені ектірмек.
«Шымкентте коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасының I компонентін 78 мыңнан аса адам қабылдады. Ал ерікті түрде вакцина алушылардың өсуіне байланысты қаладағы екпе егу пункттерінің саны 42-ге жетті. Сонымен қатар елімізде 26 сәуірден бастап БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген отандық QazVac (QazCovid-in) екпесінің бірінші партиясы қолданысқа енгізіліп отыр. Осы орайда үшінші мегаполиске QazVac-тың 4 мың дозасы жеткізілді. Бұл екпелер қаладағы барлық емхана мен вакциналау орнына таратылды. Айта кетерлігі, тұрғындар екпе қабылдау кезінде екі вакцинаның қалағанын таңдай алады», деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Замира Есенғараева.
Айта кетерлігі, QazVac – коронавирус инфекциясына қарсы белсенділігі жойылған, бұлшықет ішіне енгізуге арналған суспензия түріндегі вакцина. Аталған екпе 18-ден асқан адамдарға 21 күндік интервалмен екі рет салынады. Бұл ретте қала емханаларындағы екпе егу кабинетінің барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, жылжымалы егу пункттерінде вакциналау жүргізілуде. Ал вакциналауға қатысатын қызметкерлер арнайы оқытудан өткен. Осы орайда департамент басшысы шаһар тұрғындарын жаппай вакциналауға қатысып, қоғамдық иммунитет қалыптастыру қажет екенін жеткізді.
«Ауруды жасырғанымен, өлім әшкерелейді»
«Шымкентте індет жұқтырғандардың көрсеткіші төмендегенімен, ауыр жағдайдағы науқастар саны көбейіп жатыр», дейді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов. Бас инфекционистің айтуынша, ауыр жағдайдағы науқастардың басым бөлігі үйлерінде өз бетінше ұзақ уақыт ем алған. Осылайша, коронавируске шалдыққан науқастардың қатары қалыңдаған. Салдарынан ауыр халде ауруханаға түскен.
«Жұқпалы аурулар ауруханасы 560 төсектік орынға арналған. Бүгінде ауруханаға түскендердің барлығында коронавирус оң нәтиже беруде. 560 төсектік орынның 60-ы жансақтау бөліміндегі науқастарға арналған. Сол жансақтау бөліміндегі төсектің 95 пайызында науқастар ауыр халде жатыр. Олардың жартысы ИВЛ, қалғандары оттегі аппаратына қосылған. Ауруханаға түсіп жатқан науқастардың басым бөлігінің өкпесі 80-95 пайызға дейін қабынып, сатурациясы 50-ге дейін түсіп кеткен. Бұл науқастардың көбісі үйлерінде 7-10 күндей ұзақ уақыт ем қабылдап, ауруын асқындырып алған. Үйде ем қабылдап, түрлі препарат алған науқастарды емдеу дұрыс жүрмей жатыр. Өз бетінше үйде ем алудан аулақ болып, коронавирус белгілері байқалған жағдайда учаскелік дәрігеріңізге немесе жедел жәрдемге хабарласқан жөн. Қазір қаладағы барлық емханада вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Вакциналау – осы ауруды алдын алудың ең негізгі жолы», дейді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов.
Анығында, үй жағдайында өз бетінше ем алып жатқан азаматтар ел аузында таралған ғылыми негізсіз ем-домдарға көптеп иек артуда. Нәтижесінде, ауру асқынып, өмірлеріне қауіп төнуде. Мәселен, тек антибиотикалық таблеткалар, қабынуға қарсы антикоагулянттарды (аспирин) ішіп індеттен құлан таза айығып кетемін деген түсінік дұрыс емес», дейді медицина мамандары.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың айтуынша, Шымкентте дүние жүзінде таралып жатқан індеттің үш штамы да тіркелген. «Енді сақтанудың ең тиімді жолы – вакцина салдыру, карантин талаптарын сақтау, тазалыққа мән беру», дейді қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов.
Жыл басынан бері қалада тәж вирусын жұқтыру бойынша 3 155, соңғы тәулікте 131 жағдай тіркелген. 1 848 адам емделіп шыққан. Басқарма басшысының пікірінше, енді ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыда Шымкент вакциналау жоспарын орындау бойынша «жасыл аймақта». Бүгінге дейін шаһарда 80 мыңнан астам адам ерікті түрде вакцина салдырған. Оның ішінде 7 мыңнан астам адам вакцинаның екі компонентін толық қабылдаған. Медициналық мекемелерден тыс қаладағы 38 бекетте вакциналау жүргізіліп, екпе алушылар арасында білім саласының мамандары жоғары көрсеткіш көрсеткен. Инфекциялық стационарларда барлығы 1 290 орын дайындалған. Егер төтенше жағдай орын алар болса, 5 мың науқас қабылдауға қажетті қосалқы төсектік орын қарастырылған. Қаладағы дәріханалар мен қоймаларды арнайы мониторингтік топ жүйелі түрде тексеруде.
ШЫМКЕНТ