Техниканың тілін жетік меңгерген болгар жігіті қазақ әндерін шырқағанда жұрт сүйсінеді. Аккордеонын алып, ауылдастарының тойында асабалық еткен оның қазақшасы қайран қалдырады. Сөзге шешен, қазақ тілінің білгірі, болгар этносының өкілі Геннадий Стоматов өзін Шәмшінің інісі санайды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.
Деректерге жүгінсек, 1936-1951 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргінге ұлттық нышанына байланысты 3 600 000 адам іліккен екен. Барлығы 17 ұлттың өкілдері депортацияға ұшырады. Стоматовтар отбасы солардың бірі. Отырар ауданына 1939 жылы Молдавиядан күштеп көшірілген отбасының отағасы Виктор Стоматов колхозда дүкенші, жұмысшы болып істеген. Ал оның ұлы Геннадий сегізжылдықты бітірісімен механизаторлықты меңгеріп, ауылда қалуды ұйғарған. Зейнеткерлікке шыққанша ұжымшарда трактор, комбайн жүргізіп, ауданның дамуына өз үлесін қосқан. Ал аккордеонмен өзін сүйемелдеп ән шырқау бала күннен бергі хоббиі. Қазақша мақал-мәтелдің майын тамыза айтар шешен асаба ретінде дараланған дарын иесі негізінен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындайды. Байқауларға да қатысқан. «Қазақ елінде дүниеге келген ұлты басқа адамның қазақ тілін жетік меңгергеніне таңқалмау керек, өйткені ол заңдылық. Ауылда туып-өстім, достарым, жолдастарымның бәрі қазақ. Әкеміз сонау 1939 жылы көшіп келген кездегі қиындықтарды айтып отыратын. Қазақ халқының бауырмалдығын, қонақжайлығын, мейірімін біз де сезіп, көріп өстік. Өзгесің деп шеттеткен, қырын қараған емес. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем елде барлық қуаныш пен қиындықты бірге бөлісіп, біз де бір әулетке айналдық. Еліміздегі ынтымақ, бірлік, қарқынды даму Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның сарабдал саясатын ұтымды жалғастырып келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатының нәтижесі екені анық. Жеңгең бола ма, әлде апа дерсің жұбайым Вера екеуміз 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырмыз. Құдаларымыздың бірі – қазақ, енді бірі – татар, татумыз. Қазақтың біртуар ұлы Шәмшіні аға тұтамын. Кісілігі, азаматтығы жоғары оны пір тұтамын, әндерін ерекше ұнатамын. Ағамызбен талай кездесіп, дастарқандас болғанбыз. Екеуміз бір өңірдің тумасымыз ғой. Мен де осы Отырар ауданы Көксарай ауылында дүниеге келгенмін. Жас кезімізде талай тойды басқарғанбыз, сонда көбіне Шәмшінің әндерін шырқаймын. Иә, 1997 жылы Жамбылда өткен Шәмші әндерінің байқауында жүлделі үшінші орынды иелендім. Әлі де аккордеонымды алып, шақырған жерлерде Шәмші әндерін шырқап жүрмін», дейді бізбен әңгімесінде Геннадий Викторұлы.
Ал Геннадий Стоматовтың жұбайы Вераны Көксарай жұртшылығы кіндік шешеміз деп ерекше сыйлайды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні поляк қызы Вера апамыз үшін айрықша мереке. Елдегі бірліктің, ынтымақты тірліктің арқасында өсіп-өнген жұртты бұл күн мерекелі көңіл күймен тағы бір бас қосып, өткенді еске алып, ертеңге ой жүгіртуге мүмкіндік береді. Вера Пустовалова өзі тұратын шалғайдағы қазақ ауылына шарапаты тиген дәрігер. Поляк қызы акушер-дәрігер ретінде Көксарай ауылында дүниеге келген талай қазақ баласына 1970 жылдан бері кіндік шеше атанып жүр. Балаларының, тіпті немерелерінің де Верадай көпшіл, мейірімді болғанын қалап кіндігін кестіргендер көп. Отырар ауданы Көксарай ауылында тұратын ол, ұзақ жылдар бойы «Қаракөл», «Шеңгелді» сынды елді мекендерде акушер-дәрігер болып жұмыс істеді. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан талай ананы босандырып талай отбасын қуанышқа бөледі. Ауылдастары Вераны көшеде көре қалса құшағына алып, үйіне шақырып құрметтеп төрге шығарады. Сырдың жағасында тұратын Стоматов отбасы осындағы қазақтармен біте қайнасып, құда-құдандалы болып кеткен. Қазақы дәстүрді берік сақтаған берекелі отбасы. Вера апамыз да үзеңгілес дос-жарандарының бәрі ауыл қазақтары екенін айтады. «Қазақ халқының қонақжайлығын құрметтеймін. Әсіресе, бір-біріне деген бауырмалдық, қол ұшын созып көмектесетін «Асар» деген қайырымы мол сауапты істің сақталуын, үзілмеуін қалаймын. Біздерді бауырындай көрген қазақ халқына алғысымыз шексіз», дейді Вера Пустовалова. Бүгінде Геннадий мен Вера бейнеттің зейнетін көріп отырған жаны жайсаң, қазақтың тілін, салт-дәстүрін құрметтеп, ауылдастарының қуанышына ортақтасып жүрген өнерлі де, өрелі жандар.