Күрес • 30 Сәуір, 2021

Балуандар Болгарияда белдеседі

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяу күндері Токио Олимпиадасында өнер көрсетуді мақсат тұтқан балуандар ең соңғы сынақтан өтпек. Нақтылап айтсақ, 6-9 мамыр күндері күрес түрлерінен Болгарияның бас шаһары – Софияда лицензиялық турнирдің жалауы желбірейді. Сол жерде әлі де жолдамаға қол жеткізе алмаған балуандар өзара күш сынасып, ғаламдық додада күш сынасуға кімдер лайық екенін анықтайды. Жеңіске жеткендері Жапонияға барса, жеңілгендері өз үйлерінде қалады.

Балуандар Болгарияда белдеседі

Биыл Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының алғашқы жолдамалары 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында сарапқа салынғаны белгілі. Одан кейін әр құрлықта іріктеу турнирлерінің шымылдығы түрілді. Атап айтсақ, Американың апайтөстері коронавирус дерті белең алмай тұрып, яғни былтырғы көктемде Канаданың астанасы – Оттавада лицензиялық жарыс ұйымдастырып үлгерді. Биыл наурыз айының екінші жартысында Еуропаның өрендері Мажарстанның бас шаһары – Будапештте бас қосты. Сәуір айының басында Африка балуандары Тунисте күш сынасты. Ал одан кейін Азияның күрес шеберлері Алматыда айқасты. Әлемдік додада 108 жолдама өз иесін тапса, құрлықтық бәсекелердің әрқайсында 36 лицензиядан таратылды.

Қазіргі кезде АҚШ құрамасы күрестің үш түрі бойынша ең көп жолдаманы олжалап отыр. Американың 15 балуаны Токиоға баратындардың тізімінде. Екінші орында – Ресей. Олардың 13 спортшысы дәл сондай құрметке бөленді. Үшінші сатыдағы Кубаның 12 өкілі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайды. Қазақстан, Қытай және Иранның да жағдайы жаман емес. Сары құрлықта орналасқан осы үш мемлекеттің әрқайсынан 11 балуан Күншығыс еліне аттанады. Жапония мен Тунистің – 10, Алжир, Беларусь, Мысыр, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстанның – 8, Грузия, Германия, Украина, Моңғолияның – 7, Үндістанның – 6, Әзербайжан, Мажарстан, Нигерияның – 5, Армения, Болгария, Канада, Польша, Швецияның – 4, Бразилия, Колумбия, Сербияның – 3, Эстония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Мексика және Солтүстік Кореяның  2 балуанының асығы алшысынан түсті. Тағы 24 мемлекет өкілдерінде бір-бір жолдамадан бар.

Өздеріңіз байқағандай, ең көп жолдаманы иеленген командалар арасында Қазақстан үздіктер санатында. Яғни біз озық алты мемлекеттің қатарындамыз. Әрине, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ көңілге кірбің түсіретін жайттар да жоқ емес. Мәселен, грек-рим күресінен қоржынымызда әзірге бар-жоғы үш жолдама ғана бар. Ол лицензияларды Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов (77 кило) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) иеленді. Бұл жағдай спорт саласының тізгінін ұстаған азматтарға ой салуы тиіс. Өйткені күрестің бұл түрінде біздің елдің жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген Анатолий Колесов, Владимир Бакулин, Валерий Резанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Бақтияр Байсейітов, Мкхитар Манукян және тағы басқа көптеген даңқты жерлестеріміздің спорттық ареналардағы табыстарын көзі қарақты көрермендер күні бүгінге дейін жыр қылып әңгімелейді. Міне, аталған күрес түрінен осындай дәстүрі бар мемлекеттің ғаламдық додада үш-ақ балуаны белдескені ыңғайсыз жағдай. Сол олқылықтың орны Софияда толады деп үміттенеміз.

Әйелдер күресін серік еткен бұрым­дылдарымыз да үш жолдаманы қанағат тұтып отыр. Оны Валентина Исламова (50 кило), Татьяна Ахметова (53 кило) және Элмира Сыздықова (76 кило) иеленді. Бұл жағдай да көңілімізге селкеу түсіреді. Күрестің бұл түрі де Қазақстанда қазір жақсы қарқынмен дамып келеді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұ­танған Олимпиадада біздің қыз­дар­дың үш жүлде алуы жоғарыда ай­тылған сөзіміздің айқын дәлелі. Оның алдындағы Бейжің мен Лондондағы додалардан да құрқол қайтқан жоқ едік. Болгарияда балуан қыздарымыз да барын салып, қоржынымызды кемінде екі лицензиямен толықтырады деп үміттенеміз.

Еркін күрес шеберлерінің аяқалысы өте жақсы. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда олар төрт жолдама алса, биыл Алматыда тағы бір лицензияға қол жеткізді. Оның иегерлері – Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кило).  Тек қана 86 кило салмақта белдесетін жігіттеріміз көздеген мақсатына қол жеткізе алмай жүр. Егер Болгарияда бір балуанымыздың бағы жанса, онда Токиода толық құраммен өнер көрсетеміз. Сол жолдама үшін кімнің күресетінін алдағы күндері ұлттық құрама командамыздың бас бапкері Әсет Серікбаев жариялайтын болады.  

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45