Экономика • 30 Сәуір, 2021

Бағаны тежейміз деп бизнесті тұқыртады

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Монополияға қарсы орган кәсіпкерлердің қызметіне шамадан тыс көп араласады. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов осылай дейді. Бизнес-омбудсменнің бұлайша ой қорытуына бизнес өкілдерінен түскен өтініштер түрткі болған.

Бағаны тежейміз деп бизнесті тұқыртады

Бар мәселе әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарлары бағасының көте­рі­луінде болып тұр. Бізде бұл санатқа 19 тауар жа­тады.

Рустам Жүрсіновтің айтуын­ша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы­ның көтерілуіне қарсы күресте моно­полияға қарсы ведомство тара­пынан бөлшек сауда желі­леріне қатаң шаралар қолда­нады.

– Бағаны реттеудің мұндай тетігі өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарында қол­данылған және тиімсіздігін көрсеткен. Со­ның салдарынан дүкен сөре­лері қаңырап бос қалып, елде әлеу­меттік-экономикалық күй­реу басталды. Демек біз өт­кеннен сабақ алмаған екенбіз. Қазір нарықтық экономика дәуір­леп тұр. Демек бағаны да нарықтың өзі реттеуі керек. Әрине, бағаның негізсіз өсуі аза­маттардың қалтасына салмақ салары сөзсіз. Бірақ бағаны шамадан тыс реттеу кезінде әлеуметтік-экономикалық кө­мек тапшылығы пайда болады. Өйткені бөлшек сауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан мүлдем бас тартады. Мәселенің көкесі сол кезде туындайды, – дейді Қазақ­стан кәсіпкерлерінің құқық­тарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Шынында да, шамадан тыс шектеу қойыла берсе, бөлшек сауда өкілдері үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне тауар құны шекті бағадан асып кетсе, саудагер қатаң жазаланады.

Бизнес-омбудсменнің де­регін­ше, дамыған елдерде та­уар­ды сау­да желілері арқылы сату бөлшек сауданың шамамен 80 пайызын құ­райды. Бұл көрсеткіш Ресейде 69 пайызға, Беларусьте 61 пайызға тең. Ал Қазақстанның көрсеткіші 31 пайызға зорға жететін көрінеді.

– Демек мемлекет өзі ұсын­ған шаралар арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды сақтау бөлшек сауданың бәсекеге қабілеттілігін шектейді. Өз ба­сым бағаны тек нарықтық әдістермен реттеуге болатынына сенімдімін. Дәл осы үшін монополияға қарсы органдар жұмыс істейді. Бөлшек сауданы әкімшілік жауапкершілікке тарту дұрыс емес. Супермаркет желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары баға­сының төмен болуына өздері мүдделі. Сондықтан олар атал­ған санаттағы тауарлар баға­сының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша контрагенттермен өз бетінше жұмыс жүргізеді. Сондықтан баға мониторингінің пысықталған тетігін пайдалана отырып, монополияға қарсы комплаенс құралдарын енгізу тәсілін әзірлеу қажет, – дейді Р.Жүрсінов.

Белгілі болғандай, мұн­дай мони­торингтің қағидат­тары ын­тымақ­тастық, сенім, заңды­лық, ашық­тық, кеңей­тіл­ген ақпарат­тық өзара іс-қимыл болуы тиіс. Моно­полияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін келісе отырып, кәсіпкерлер монополияға қар­сы органмен келісім жасайды. Яғни тауар нарығындағы «ойын ереже­лерін» белгілейді. Оларды сақ­та­ған жағдайда кәсіпкерлер жауапкер­шілікке тартылмайды.

Бұл ретте бизнес-омбудсмен әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарла­рына қатысты үстемеақы бекітуді ұсы­­нып отыр. Бұл тасымалдау, сақтау және тағы да басқа шығындарды өтеу­ге тиіс.

– Бизнес қабылдаған міндет­теме­лерді бақылауды 2020 жылы заңна­малық түрде енгізілген баға мони­торингі тетігі арқылы тұрақты негізде жүзеге асыруға болады. Атал­ған те­тік мо­нополияға қарсы орган­­ның қыз­мет­керлеріне шот-фак­туралар, жүк құжаттары секілді растайтын материал­дарды ұсына отырып, әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларын бөлшек саудада өткізу, сатып алу бағалары туралы ақпаратты қолжетімді етеді деген болжам бар. Деректермен, құжаттармен алмасу құралы Салық кодексінің ережелерінде қамтылған, – дейді бизнес-омбудсмен. 

Бұл ретте, Қазақстан кәсіп­кер­лерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Бәсекелестікті қорғау және дамы­ту агенттігіне монополияға қарсы органның базасында мүдделі ұйым­дардың қызметкерлерін тарта отырып, талдау орталығын құру туралы ұсыныс жасаған екен. Р.Жүрсіновтің пікірінше, орта­лықтың қызметі тауарлардың бағасына талдау жүргізуге, нарық­та жағымсыз көріністердің пайда болу себептерін анықтау­ға бағытталуы керек. Бұл мемл­екеттік органдар тарапынан жазалау шараларын қолданбай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге мүм­кіндік береді деген сенім береді.