Өнер • 30 Сәуір, 2021

Тәуелсіздік жетістіктерін жырлаған

987 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ-де жаратылыстану ғылымдарының PhD докторы, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, суретші Жұмаділхан Керімбектің «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесі ашылды.

Тәуелсіздік жетістіктерін жырлаған

Суретші кенебінде тәуелсіздік же­тістіктері, қала мен ауыл өмірі, туған өлке табиғаты, қазақ өлкесінен табылған таңғажайып жәдігерлер бейнеленген. Аталған көрме «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: өткенге қарап болашаққа сенімді қадам басу» тақырыбымен өрбіген республикалық дөңгелек үстел аясында таныстырылды. Карантин талаптарын сақтау мақсатында іс-шараға Ұлттық архив, Қарағанды облысының және Нұр-Cұлтан, Алматы қаласы мемлекеттік архивінің мамандары, ғалымдар мен тарихшылар, магистранттар онлайн-офлайн аралас форматында қатысты. Жиынды ашқан архив директоры Баян Жұматаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте орала оты­рып, жетістіктеріміз бен арман-мақ­сат­тарымызды айқындайтын кезең деп атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станда қоғамның мәдени өмірінде, та­рихи сананы жаңғырту жолында көптеген елеулі іс-шаралар атқарылды. Әсіресе төл тарихымызға қатысты ру­хани мұраларымызды жинастыру мен зерделеуде отандық архивтер бір­талай жетістіктерге қол жеткізді. Алыс-жа­қын шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты құжаттарды елге әкелу жұмыстары «Архив – 2025» бағ­дарламасы аясында әлі де өз жалғасын табуда. Құжаттарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ. Шығармашыл тұлғалар, соның ішінде қылқалам шеберлері тәуелсіздік тақырыбын тебірене жырлады. Елдік рухтың үнін жеткізетін туындылар халықтық мұраға айналды. Конференция барысында тұсауы кесіліп отырған сурет көрмесі Жұмаділхан Керімбектің шығармашылық әлемінен ғана емес, тәуелсіздік игіліктерінен де сыр шертеді», дейді Орталық мемле­кеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева.

Дөңгелек үстел аясында шымыл­дығын түрген көрмеге қатысушылар республикадағы архив ісінің жетіс­тіктері, перспективалары мен өзекті мәселелері, тарихи сананы жаңғырту жолындағы ел архивтерінің рөлі туралы баяндамалар оқып, ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара аясында көпшілік назарына «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында архив құжаттары негі­зінде дайындалған бейнелеу өнер мұ­ралары ұсынылды.

 

АЛМАТЫ