Онлайн дүкендердің айы оңынан туып, ІТ-жобалардың жолы болғаны да осы шақ. Шынында да, бұл кезеңде төтенше жағдайды тиімді мүмкіндікке айналдыра білгендердің ұпайы түгел болды. Тastamat-ты жасаған топты да осы қатарға жатқызуға болады.
Tastamat деп отырғанымыз – «Қазпошта» компаниясына тиесілі постаматтың отандық баламасы. Яғни, сәлемдемелерді жедел әрі тиімді жеткізуге арналған терминал. Атауы қазақтың «таста», «қалдыр» деген сөзінен алынғаны айтпаса да түсінікті. Онлайн-дүкендердің оң жамбасына келетін бұл терминалды өзіміздің жігіттер ойлап тапқан. Ойлап тапты дегенде, постаматтың негізінде жасап шыққан. Бұл 2018 жыл болатын.
– Сол жылдары постаматтың бағасы тым қымбат еді. Оның біреуі 10 мың доллар тұратын. Біз осы терминалдың отандық түрін жасап көргіміз келді. Терминалдың эскизін өзіміз дайындадық. Сөйтіп, ішкі нарықтан құрылғыны істей алады-ау деген компанияларға іздеу салдық. Темірден түрлі дүниелер жасайтын алматылық компанияға көңіліміз ауды. Олар бір терминалды дайындауға 1 мың доллар жұмсайды екен. Бізге де керегі осы. Бірден келістік. Tastamat-тың қаңқасынан бөлек, ішіндегі бағдарламалық жүйесін жасау қажет. Мұны да өзіміздің жігіттер әзірледі. Осылайша, QR-код арқылы жәшіктерді ашып-жабу қызметі дайын болды, – дейді Tastamat компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Әлішер Қоғабай.
Tastamat-ты ойлап тапқандар – Тимур Жүнісов және Данияр Асанов есімді жігіттер. Ал идеяны сәтті жүзеге асырған топтың қатарында бұлардан бөлек тағы бірнеше жігіт бар. Үркердей топтың тың табысы BI-Group құрылыс компаниясының басшылығына ұнайды.
– Осылайша, біз BI-Group-пен бірлесіп компания салған тұрғын үй кешендерін tastamat-пен қамтамасыз ете бастадық. BI-Group өз тұрғындарына tastamat-тың көмегімен тиімді қызмет ұсынғанды жөн көрді. Сөйтіп, компанияның үйлеріне 30 терминал орнаттық. Кейін жобаны коммерцияландыруды қолға алдық. 2019 жылы тағы 170 терминал жасап, әуелі Нұр-Сұлтан мен Алматыға, кейін тағы жеті қалаға орнаттық. Қазір біздің терминалдарды еліміздің тоғыз қаласынан кездестіруге болады, – дейді Ә.Қоғабай.
Деректерге сүйенсек, 2018 жылдан бері tastamat арқылы 150 мыңнан астам сәлемдеме өз иесіне тапсырылған. Жобаны тұрақты түрде пайдаланатын 29 серіктес компания бар. Олардың ішінде «Қазпошта», AliExpress, «Әлем-ТАТ», flip.kz, ЕМЕХ, IHERB, Poni Express, Boxberry, AVON, Oriflame, Биосфера, OZON, SATU, Leroy Merlin секілді курьерлік қызметті қажет ететін белгілі компаниялар мен дүкендерді атап өтуге болады. Сонымен қатар ұлттық пошта операторы – «Қазпошта» компаниясымен tastamat-тарды пайдалану туралы шарт жасалған. Сөйтіп, жоба пошталық есепке алу жүйесіне енгізілді. Бұл оны «Қазпошта» да, оның клиенттері де пайдалана алады деген сөз.
Жобаны жүзеге асырудағы түпкі мақсат сәлемдемені жөнелту мен жеткізу процесін жеңілдету екені анық. Әсіресе, 2020 жылдың наурызында басталған пандемия кезінде tastamat-қа деген қажеттілік күрт өскен.
– Пандемия басталған бастапқы бір айда жұмыс өнбеді. Бұған бизнеске қойылған шектеу шаралары кедергі келтірді. Кейін отандық бизнес орын алған жағдайға икемделе бастады да, біз ұсынып отырған қызметке сұраныс артты. Серіктес компаниялар да көбейді. Расында да, tastamat сәлемдемені адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасамай-ақ алуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ курьерді күтіп, онымен кездесетін уақытты жоспарлаудың қажеті болмай қалды. Сондықтан біз қоғамға қажетті жобаны ұсына алдық деп ойлаймыз, – дейді Tastamat компаниясының бас директоры.
Tastamat қалай жұмыс істейді? Әлішер Қоғабайдың айтуынша, алгоритмі – қарапайым. Клиенттің телефон нөміріне сәлемдеменің tastamat-қа салынғаны туралы хабарлама түседі. Оны алып кетуге екі күн беріледі. Клиент осы аралықта алып үлгермесе, сәлемдемені курерьлік компания кері алып қайтады. Алушыға хабарламамен бірге арнайы сілтеме де жолданады. Бұл – терминалдың «кілті». Сілтемеге өтіп, QR-кодты сканерлеген кезде жәшік ашылады. Егер клиенттің қолында камерасы жоқ қарапайым телефон болса, онда терминалға жабыстырылған QR-кодтың астындағы нөмірді sms-хабарламамен кері жіберу қажет. Сонда жүйе автоматты түрде жәшікті ашып береді.
– Әзірше tastamat-ты серіктес компаниялар ғана пайдалана алады. Өйткені, олармен шарт жасалып, терминалды қолдануға ресми рұқсат берілген. Қарапайым адамдардың да пайдалануына мүмкіндік жасалған. Бірақ ол үшін ұялы телефонға Tastamat мобильді қосымшасын жүктеп алу керек. Бұл негізінен шағын және микро бизнеспен айналысатындар үшін тиімді және бұған ақы төлеудің қажеті жоқ. Бір рет тіркелген соң, тапсырыстарды орындай беруге болады, – дейді ол.
Tastamat көлемі әртүрлі 24 жәшіктен тұрады. Оның төртеуі үлкен көлемдегі жүктерге арналған. Сәлемдеменің жүгі 15 килодан аспауы керек. Бір сәлемдеменің құны – 200 теңге. Ал клиент серіктес компаниялардан тауар сатып алғанда, tastamat қызметі тегін ұсынылады. Бұдан бөлек түрлі жеңілдіктер мен бонустар да қарастырылған.
Терминалдар барынша қадағаланады. Жүйеге түрлі датчиктер орнатылған. Егер жәшікті күштеп ашып жатса, бірден жүйеге сигнал түседі әрі сол жерде дабыл қағылады. Бұдан бөлек, әрбір терминалдың өз бейнекамерасы бар. Бүгінге дейін tastamat-тарға қатысты екі-үш құқық бұзушылық тіркелгенін де атап өткен жөн.
Жалпы, терминалды әзірлеу барысында Түркия, Польша секілді Еуропа елдерінің тәжірибесі назарға алынған.
– Біз бірінші кезекте өнімнің бағасы қолжетімді болса дедік. Бірақ шетелдік терминалдардың құны қымбат. Оны жасатудан бөлек, жеткізу шығыны бар. Қыруар қаржы жұмсалатындықтан, өзімізде жасауды жөн көрдік. Алдағы жоспарымыз – tastamat терминалдарының санын 1 мыңға жеткізу. Бізге қызмет көрсетіп отырған компанияның бұған мүмкіндігі жетеді. Бұдан бөлек, Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қалаларынан тағы екі компанияны қарастырып қойдық. Терминалды өте арзан бағаға жасай алатын қытайлық компания да табылды. Алайда біз отандық өндіріске баса мән береміз. Өйткені, tastamat-тың өзі – таза отандық өнім, – дейді Әлішер Қоғабай.
Сонымен қатар компанияның негізгі жоспарларының қатарында тапсырыстарды үлестіретін 500-дей пункт ашу міндеті тұр. Франчайзинг моделі негізінде tastamat-тың жүйесін шағын және микро бизнеске ұсынуға да дайын. Мұндай қадам кез келген тарап үшін тиімді көрінеді.
– Пандемия кезінде біраз идея туындады. Мәселен, біздің компанияның өз курьерлері пайда болды. Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында курьерлеріміз жұмыс істейді. Тағы бірнеше идеямызды жүзеге асырсақ дейміз. Мәселен, «Tastamat-тан tastamat-қа» қызметін ұсынуды көздеп отырмыз. Мәселен, бір затты қаланың анау шетіндегі мекенжайға жеткізу керек. Курьермен салып жіберсе, орташа есеппен 1 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ал тиімді жол – tastamat. Яғни сәлемдені өзіңізге жақын терминалға қалдырасыз да, бізге оны қайда жеткізу керектігі туралы өтінім қалдырасыз. Tastamat-тың курьерлері сәлемдемені алып, сіз көрсеткен мекенжайға жақын орналасқан терминалға апарып салады. Бұл үшін төленетін ақы аса көп те емес, – дейді компанияның бас директоры.
Компания Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде орналасқан. Стартап жоба болғандықтан, технопарктің жеңілдіктерін барынша пайдалануда. Мәселен, қазіргі күнге дейін компанияға салықтық жеңілдіктер жасалып келеді. Мұнда әзірше 15 адам жұмыс істейді.
Ел Үкіметі ерекше басымдық беріп отырған электронды сауданы жаңа деңгейге шығаруға ұмтылған жігіттердің жобасы қолдауға лайық.