Сараптап қарасаңыз, малдан кенде емес тәріздіміз. Қолда бар малдың өз төлі есебінен көбею көрсеткіші де жақсы. Мал азығын дайындауда да мін жоқ. Малсақ қауым табиғи жайылыммен бірге көп жылдық екпе шөп алқаптарын да мүмкіндігінше кеңейте түсуде. Ұйымдасқан шаруашылықтарда құрама жем дайындайтын мал азығы цехтары іске қосылуда. Ендеше неге ақты молайтып, бағасын сәл төмендетуге мүмкіндік болмай отыр. Сауда сөрелерін өзге елдің сүт өнімдері жаулап алғалы қашан?! Осы арада ғасырлар бойы төрт түлікті бағудан өзіндік дәстүрі, озық тәжірибесі қалыптасқан елдің өзін-өзі мал өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмау себебі неде?
Облыстың малсақ қауымы 446,3 мың бас қара мал бағып отыр. Мал басы жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда қара малда 102,8 пайыз өсім бар. Оның ішінде сауын сиырлардың үлесі де көп болмағанымен, баршылық. Қазір облыста 227,1 мың бас сиыр сауылады. Сүт өнімдерін өңдеумен үлкенді-кішілі 56 арнайы мамандандырылған тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Меншік түрі әрқилы ұйымдасқан шаруашылықтар 14 мыңға жуық сиыр сауып отыр. Осы тауарлы-сүт фермалары жылына 100 мың тоннадан астам сүт өндіреді.
– Сүт өнімдерін молайтып, шеттен келетін өніммен бәсекелестіре алар ма едік. Оған қабілет-қарымымыз толайым жете ме?
– Бәсекелестікте бәсіміз жоғары болуы үшін алдағы уақытта тауарлы-сүт фермаларын ұйымдастыруға басымдық беру керек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – ендігі арада тұтынушы таза, сапасы күмән туғызбайтын тауарлы-сүт фермаларының өнімдеріне көбірек ұмтылатыны белгілі. Ал жекеменшіктегі адамның бағымындағы 2-3 сиырдың сүтіне күмәнмен қарауы да мүмкін. Қазір әркім өз денсаулығын күйттеген заман ғой.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, бұл орайда тауарлы-сүт фермаларының артықшылығы аз емес. Біріншіден, олар өнімді мол беретін асыл тұқымды мал бағады. Екіншіден, мал азығының түр-түрі бар. Оған қоса, ұйымдасқан шаруашылықтардың өнімі тұрақты тексерістен өткізіледі. Демек, сапалы. Егер жекеменшіктің қолындағы малдың өніміне сұраныс болмай қалса, бұл ең алдымен ауыл тұрғындары үшін ауыртпалық болар еді. Шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары мал сүмесімен күн көріп отыр ғой. Ақты молайту үшін ауыл тұрғындарының мал өнімдерін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру қажет. Егер тауарлы сүт фермаларының үлесі 30 пайыз болатын болса, қалған 70 пайыз ауылдағы ағайынның еншісінде. Қазір кәдеге асыра алмай жатқан жеріміз де осы. Бірер жыл бұрын халықтың қолындағы мал сүтін сатып алып, бір жерге жинап салқындатып, сапасын тексеріп, сүт зауыттарына тапсыратын кооперативтер құрыла бастап еді, соңы сүттей іріп кетті. Ал сүт зауыттарынан тым қашықтағы елді мекендердің тұрғындары қоғамдаспаса, жеке-жеке таси алмайтындығы белгілі. Дәл осы арада құрдымға кеткен кооперативтер тәрізді ыңғайлы жүйенің керек болып тұрғандығын қадап айта кетуіміз керек шығар.
– Ұтымды болуы үшін ауылдағы малсақ қауымның сүт өнімдерін жинауды дұрыс ұйымдастыру керек, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Айман Бегалина, – таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып тасымалдаса, жанар-жағар май аз жұмсалады. Сонда ғана ұйымдастырушы тәп-тәуір табысқа шықпақ.
Қазір малсақ қауым сүттің әр литрін 85-90 теңгеден тапсыруда. Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғындары малдың төлінен ғана емес, сүтінен де пайда тауып, еңсе көтеріп қалар еді. Есесіне ақ молайып, шеттен келетін сүт өнімдерін сауда сөрлерінен ығыстыруға мүмкіндік туар еді. Ішкі резервтің кәдеге аспай жатқан жері осы. Екінші бір мәселе, жекеменшіктегі мал тұқымын жақсарту. Соңғы жылдары қолға алынғанымен, әлі де толық үлгере алмай жатырмыз.
– Асыл тұқымды мал бағып, сауып, игілігін көріп отырған ұйымдасқан шаруашылықтар төлін сатуға ықыласты емес, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – асыл тұқымды сауын сиырды бес-алты жыл сайын жаңартып отыру керек. Ұйымдасқан шаруашылықтар төлін өздеріне пайдаланады.
Өткен жылы облыс шаруашылықтары 70,9 мың асыл тұқымды мал әкеліп, бұл орайдағы жоспар 94,6 пайызға орындалған екен. Әйтсе де, Аршалы, Біржан сал, Астрахан, Егіндікөл, Есіл, Жарқайың, Қорғалжын, Сандықтау және Целиноград аудандарында мал тұқымын асылдандыру көрсеткіші төмен. Үстіміздегі жылы 77,1 мың бас асыл тұқымды мал алынбақ. Бұл арада бір айта кетерлігі, мал тұқымын сіңіре будандастыру арқылы жақсарту мәселесі. Қазіргі уақытта малсақ қауым 1,6 мың бас бұқаны табынға қосып отыр. Әйтсе де, әлі де 1,7 мың бас асыл тұқымды бұқа қажет. Демек, облыстағы малдың жартысынан астамын асылдандыру қажеттілігі туындап отыр десек, шындыққа жанасады.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға тәп-тәуір көңіл бөлінуде. Айталық, ірі қара малды асылдандыруға 225,0 млн теңге субсидия қарастырылған. Ендігі іс төркіні ұйымдастыруда.
Сүт өнімдерін молайтуға байланысты ұмтылыстың бар екендігін айту парыз. 2020 жылы облыста 18 тауарлы-сүт фермасы ұйымдастырылды. Олар 1,6 мың бас сиыр сауып отыр. Оған қоса, Ақкөл ауданындағы «Еңбек» – 1200, Астрахан ауданындағы «Камышенка» – 1200, Атбасар ауданындағы «Бастау» – 1500, Целиноград ауданындағы «Мәншүк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 1000 бас асыл тұқымды сауын сиыр ұстамақ. 2020-2022 жылдары осы тауарлы сүт фермалары толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде жылына 40 мың тоннаға дейін сүт өндіретін болады.
Мал шаруашылығы біршама жақсы дамыған делінетін өңірдің сауда сөрелерін өзгенің өнімі басып кету ұят тіпті.
Ақмола облысы