«Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылмайды. Қазіргі кезде Семейде 1998 жылы салынған, 69,11 гектар аумақты алып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды көметін полигон бар. Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚДБ) ынтымақтастық аясында аталған полигонды жаңғырту бойынша жобаны жүзеге асыруға талдау мен зерттеу жүріп жатыр», деп жазды Р.Сляр депутаттық сауалға берген жауабында.
Осы орайда ол 2018 жылдың 5 маусымында ШҚО әкімдігі ЕҚҚДБ-мен алдын ала келісімді бекіткенін еске салды.
Оның айтуынша, халықаралық стандарттарға сай келетін бірлескен жобаны іске асыру қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату проблемасын шешіп, барлық кезеңдерде қалдықтарға қатысты жұмыстардың жоғары деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде СО2 (көмірқышқыл газы) шығындыларын 40 пайыздан астам азайтады.