Спорт • 04 Мамыр, 2021

Жартылай финалда сүрінді

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның «Қайрат» футзал клубы Хорватияның Задар қаласында өткен Чемпиондар лигасының жартылай финалында әйгілі «Барселона» командасымен кездесті. Турнирдің финал бәсекесіне жолдама беретін шешуші матчта жерлестеріміз Пиреней түбегінен келген футзалшылардан бір доп айырмасымен жеңіліп, жарыстың ақтық сынына өте алмады.

Жартылай финалда сүрінді

«Қайрат» – «Барселона» матчы ал­дындағы статистика бойынша, алматылық ұжымның мерейі үстем болып тұр еді. Өйткені екі клуб арасындағы кейінгі үш ойынның үшеуінде де Қазақстан чемпиондары қарсыластарынан басым түскен болатын. Бірақ ойыншылардың күші бойынша «Барселона» жартылай финалға тас-түйін дайын келді. «Қайрат» клубы «Бенфикамен» өткен ойынға дейін-ақ команданың ең маңызды деген екі ойыншысына сенім арта алмайтыны белгілі болған-ды. Мәселен, румыниялық қорғаушы Савио Валадарес жарақатына, ал екінші қақпашы Дуду коронавирус жұқтырып алуына байланысты алматылық командаға екі ойында да көмектесе алмады. Сондай-ақ ширек финал кездесуінде қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған клубтың негізгі қақпашысы әрі капитаны Игита «Қайратты» жартылай финал алдында одан әрі тығырыққа тіреп кетті. Оның орнын 19 жастағы жас қақпашы Нарун Серіков жоқтатпауға тырысқанымен, үлкен жарыстарға алғаш рет қатысып тұрған Серіковке бәрібір тәжірибенің жетіспегені анық байқалып тұрды.

Сөйтіп матч қарсаңында психо­логиялық басымдыққа ие болып қана қоймай, мұның алдындағы үш жеңілістің есесін қайтару үшін ұрымтал сәт екенін сезінген «Барселона» «Қайратты» жеңу үшін барын салды. Кездесу біз күткендей каталониялықтардың шабуылымен басталды. Ойынның көп уақыты «Қайрат» қақпасының маңында өткенімен, жерлес­терміз қорғаныста өте сауатты ойын көрсетті. Дегенмен тынымсыз шабуы­лының нәтижесінде «Барселона» ойыншылары матчтың 15-минутында бәрібір өз дегендеріне жетті. Қорғау­шы­лардан оңай сытылып шыққан «Бар­селона» шабуылшысы Феррао есепті ашса, араға бес минут салып Ферраоның өзі таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші таймында «Қайрат» сапынан Диего Фаверо есеп айырмасын қысқартқанымен, Феррао тағы да біздің қақпадан саңлау тауып, хет-трик авторы атанды. Матч аяқталуына санаулы минуттар қалғанда алматылықтардың шабуылшысы Фернандиньо есеп айырмасын 3:2-ге қысқартқанымен, таразы басын теңестіруге мүмкіндіктері жетпеді. Осылайша бір доп айырмасымен жеңіске жеткен «Барселона» өз тарихында «Қайрат» клубынан тұңғыш рет басым түсіп, Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды. Ал алматылық ұжым биылғы бәсекені жартылай финалда аяқтауға мәжбүр болды.

 Енді Испанияның «Барселона» клубы финалда Қазақстан құрамасының ойыншысы Тайнан өнер көрсететін «Спортинг» командасымен кездеседі. Португалия клубы жартылай финалда Испанияның «Интер» клубынан 5:2 есебімен басым түскен болатын. Сол ойында Тайнан да гол соғып, командасының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.