Пікір • 04 Мамыр, 2021

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегенмен...

1678 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сырт көз – сыншы» ғой, Омбы қала­сын­да тұратын бір ағайын бертінде жеңіл кө­лігімен Петропавлға келе жатып, жол­шы­­бай кездескен елді мекендердің атау­­­ларына назар аударғанда жағасын ұс­та­­ға­нын айтқаны бар. Сөйтсе Омбыдан Қа­зақстанның мемлекеттік шекарасына жеткенше қазақ тіліндегі көне атаулар жиі кездесіп, біздің елдің аумағына өткенде Булаево, Полудино, Николаевка, Явленка, Заречное, Новоникольское болып, жалғаса берген екен.

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегенмен...

Сол бауырымыздың сөзінің жаны бар. Бір жылы атышулы Владимир Жириновский пойызбен Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолына қарайтын Петропавл стансасына келіп тоқтағанында перронға шығып, вок­зал­дың маңдайшасындағы «Петропавл» деген жазуға қарап: «Міне, бұл дұрыс!» деп сүйсінсе, Омбы облысындағы Есілкөл стансасына келгенінде «Исилкуль» деген жазуды көріп: «Мынау атау дұрыс емес, дереу өзгерту керек!» деп, бұлқан-талқан болған екен. Бұл патша заманы мен Кеңес өкіметі тұсында қазақ жеріне қоныс аударғандар қазығын қаққан елді мекендерге тек орыс тіліндегі атаулар қойылғандығын, сондай-ақ империяның отарлау саясатын жүргізгендер Ресей аумағындағы қазақ және түркі атау­ларын ауыстыруға мән бермегендігін аңғар­та­ды.

Ал «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл ретте ел тәуел­сіз­дігі жылдарында елді мекендер атау­­ла­рын қазақыландыруда қыруар іс тын­ды­рыл­ғанымен, әлі де ойсыраған олқы­лық­тар бар. Мәселен, Солтүстік Қазақ­с­тан об­лы­сын­дағы бірқатар аудан атауы өзгер­тіл­ге­німен, омбылық ағайынымыздың жа­ға­сын ұстатқан елді мекендер атаулары әлі міз бақпай тұр. Бірақ бұл үшін жергілікті шенеуніктер мен тіл жанашырларын кінәлау қиын. Кілтипан елді мекен атауларын өзгер­ту­ге, яғни ономастикаға қатысты қолда­ныс­тағы заңнамада болып тұр.            

Жалпы, кең-байтақ Қазақстанның оңтүс­тігі мен теріскейіндегі ономастика саласында қалыптасқан ахуал бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қазағы қалың облыстарда бір кезде «атасына – ауыл, көкесіне – көше» беру үрдісі үдеп кеткен соң, қолданыстағы заңнамаға осы мәселені көп болып кеңесіп шешуді міндеттейтін түзету енгізілген болатын. Сөйтіп көше атауын өзгерткіміз келсе, сол көшеде тұратын тұрғындардың, ал елді мекеннің атауын өзгерткіміз келсе, сол елді мекеннің тұрғындарының пікірін ескеруге көштік. Мұны демократиялық өзгеріс деуге болар, әрине. Алайда көпэтносты еліміздің ерекшелігі естен шығып, солтүстік-шығыс өңірлердегі елді мекендер мен олардағы көшелердің патша империясы мен кеңес заманынан мұра болып қалған мыңдаған атауын өзгерту қиындап кеткені, мұның өзі жергілікті қазақтар мен өзге этнос өкілдері арасында кейде түсінбеушілік туындатып отырғандығы мәлім.

Мысалы, Петропавл қаласындағы ағайын­дар­дың Совет көшесін – Қызылжар өңірінен шыққан белгілі қаламгердің, ал Попов көше­сін атақты балуанның есімдерімен қайта атау жөніндегі ұсыныстары өзге этнос өкіл­дерінің ашық наразылығын туғызып, қа­был­данбағаны мәлім. Тіпті Петропавлдан астанаға қарай шығатын күре жолдың бойындағы Чапаево ауылын Болашақ деп атауға жергілікті тұрғындар келісімін берсе де, бұл мәселе бір ұлты басқа «мықтының» ықпалымен облыстық мәслихаттың күн тәртібінен алынып тасталғандығын білеміз. Соның салдарынан ел ішінде неше түрлі анекдоттың кейіпкеріне айналған қызыл командирдің тегі ауыл атауында әлі күнге ардақталып тұрғандығы әрілі-берілі ағылған жолаушылардың езулеріне күлкі үйіріп, бас­тарын шайқатпай қоймайды.

Тоқетерін айтсақ, 1993 жылғы 8 желтоқ­санда қабылданған «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдар 2013 жылға де­йін тұрғындардың пікірін сұрамай-ақ, ономастикалық комиссиялардың қорытын­ды­лары негізінде елді мекендер мен көшелердің атау­ларын өзгерту мәселелерін қарап, тиіс­ті шешімдер қабылдап келген. Ал 2013 жылғы 21 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Ре­с­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елді мекен мен көше атауларын өзгерткен кезде «тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді» міндеттеген. Ономастика саласында бітпес дауға бастаған «Дайрабайдың көк сиыры», міне, осы болып тұр. Парламент депутаттарының құлағына «алтын сырға».