Елорда • 04 Мамыр, 2021

Елорда әкімі қаладағы эпидахуалға байланысты есеп берді

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елордада карантин талаптарын сақтамаған 520 заңды тұлғаға 110 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Елорда әкімі қаладағы эпидахуалға байланысты есеп берді

«Елордада өткен тәулікте індет жұқтырудың 250 жағдайы тіркелді. Вирустың одан ары таралуына жол бермеу үшін бірқатар іс-шара қабылданды. Біріншіден, инфекциялық стационарларда 2 239 төсек-орын әзірленді. Ондағы бүгінгі жүктеме 60 пайызды құрайды. Қалған пациенттер үйден ем алуда. 198 реанимациялық төсек-орын әзірленді, жүктеме – 58 пайыз. Резервте 4 мыңға жуық төсек-орын дайындалған. Екіншіден, зертханалар саны 2-ден 27-ге дейін ұлғайтылған. Онда тәулігіне 13 мыңнан астам тест жүргізуге мүмкіндік бар. Барлығы 1 млн 320 мың тестіеу жүргізілді. Егер жыл басында күн сайын 3 мың зерттеу жүргізілсе, қазір 8 мыңнан астам зерттеу жүргізіледі», деді Алтай Көлгінов.

Қала әкімі үшіншіден, амбулаториялық қызметтің жұмысы едәуір жақсарғанын, 250 мобильді бригада жұмыс істейтіндігін айтты. Амбулаториялық бақылаудағы пациенттер тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Олар толыққанды жазылып шыққанша учаскелік дәрігерлердің үнемі қарауында болады.

«Төртінші, карантиндік іс-шараларды сақтау жөніндегі мониторинг топтар жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 110 млн теңгеге 520 заңды тұлға тартылды. Сот шешімімен 36 нысанның жұмысы тоқтатылды. «Ashyq» жобасына 300-ден астам кәсіпкерлік субъектісі қосылды», деді ол.

Елорда басшысының дерегінше, осы уақытқа дейін 114 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Екпе пункттерінің саны 36-дан 100-дейін артты. Олардың жұмыс уақыты 8-ден 24-00-ге дейін ұзартылды. Еңбек ұжымдарын вакцинамен қамту үшін көшпелі медициналық бригадалар құрылды.

«Эпидемиялық ахуал тұрақты бақылауда. Жұмыс жалғасып жатыр», деді Алтай Көлгінов.