«Соңғы аптада облыста КВИ жұқтырудың 1 067 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауру көрсеткішінің 20 пайызға төмендегендігі байқалады. Ауруға шалдыққандарды анықтау мақсатында облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР тестілеу жасалады. Облыс «қызыл» аймақта 1 айдан астам уақыт болғанын ескере отырып, карантиндік шектеу іс-шаралары күшейтілді. Мейрам күндері елді мекендердегі тұрғындардың облыс орталығына келуін азайту мақсатында Орал қаласында және «қызыл» аймақтағы 6 ауданда 1 мамырдан бастап 21 блок-бекет орнатылды», деді Есқалиев.
Оның йтуынша, бұл шектеу түрі бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмейді. Аталған блок-бекеттердің жұмысы stopcovid.kz сайты және «109» қызметі арқылы толықтай автоматтандырылған.
«Бұл іс-шаралар облыс орталығына қатынайтын тұрғындар санын 35 пайызға дейін азайтып, адам көп жиналатын іс-шараларды қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Мониторинг топтар күнделікті рейдтерін жалғастыруда. 1 сәуірден бері мониторинг топ мүшелері 665 рет рейдке шығып, 3,5 мыңнан астам нысанды тексерді. 12 мейрамхананың жұмысы 3 айға тоқтатылды. Соңғы аптада 1,9 млн теңгеге 34 хаттама толтырылды», деді Ғали Есқалиев.
Сонымен қатар өңірде вакцинациялау жұмысы қарқыды жүргізіліп жатқанын, облысқа вакцинаның 84 мың дозасы жеткізіліп, 1 компонентімен 45 205, екінші компонентпен 14 593 адам екпе алғанын айтты.