Спорт • 04 Мамыр, 2021

Әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда ғана бокстан Польшаның Кельце қаласында аяқталған жастар арасындағы әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген қазақстандық сайыпқырандар бүгін федерация тарапынан ақшалай және басқа да бағалы сыйлықтармен мараптатталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Алматыдағы Интерконтиненталь қонақ үйінде өткізілген шараға айтулы жарыста атой салған боксшылар мен бапкерлер және де осы саланың басы-қасында жүрген азаматтар қатысты.

«Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған жалынды жастардың жарысында жерлестеріміз өте жақы нәтиже көрсетті. Бұл сөзіміздің растығын барлық мамандар бірауыздан мойындап отыр. Жалпы командалық есепте ұлдар екінші орын алса, қыздар да үздіктер санатынан көрінді. Егер 2020 жылы ешбір әлемдік деңгейдегі жарыстар өтпегенін ескерсек, бұл нәтижеге көңіліміз толады Сөз орайы келгенде, отандық бокс федерациясының құрметті президенті Тимур Құлыбаевқа және бапкерлер мен спортшыларға айрықша алғыс білдіруді жөн санап отырмыз. Бұл бағытта көп жұмыстың атқарылғаны даусыз. Польшадағы додада жасындай жарқылдаған жастарымыз келешекте ересектер дуына еркін қосылып, талай байрақты бәсекелерде Қазақстан спортының абыройын асқақтататына сенімімдіміз», деді республикалық бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев.

Әлем біріншілігінде топ жарған былғары қолғап шеберлері 3 миллион теңге көлемінде сыйақы алса, күміс жүлдегерлерге 1,5 миллион табыс етілді. Ал қола медальді еншілегендер 1 миллионды қалтаға басты. Сондай-ақ ұлдар мен қыздар құрамаларының аға жаттықтырушылары Қайрат Сатжанов пен Елдос Сейдалин де бұл жиыннан құралақан қайтқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Польшада өткен дүниежүзілік додада Қазақстанның 10 өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Санжар Ташкенбай мен Сабыржан Аққалықов бас жүлдені олжалады. Жұлдыз Шаяхметова, Дана Дидай, Елнұр Сүйінбай және Ерболат Сабыр күміс еншілесе, Жасмин Қизатова, Әсел Сағатова, Елдана Тәліпова және Диас Молжігітов қола медальді қанағат тұтты.