Елмади Жабрайылов
(82 кило)
1995 ж. Манила, Филиппин
Еркін күрес балуандарының ішінде Азия чемпионы деген атақты алғаш рет Елмади Жабрайылов жеңіп алды. 1994 жылы жазғы Азия ойындарының қарсаңында Қазақстан намысын қорғауға бел буған дағыстандық балуанның еңбегі ерен. Хиросимадағы Азия ойындары мен әлем чемпионатында күміс медаль алған балуан тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Бұдан кейін Елмади Атланта олимпиадасына қатысып, 6-орынға табан тіреді. 1997 жылы Пусанда (Корея) өткен Шығыс Азия ойындарында чемпион атанып, спортпен біржола қоштасты.
Мәулен Мамыров
(54 кило)
1999 ж. Ташкент, Өзбекстан
1996 және 1997 жылдары өткен Азия чемпионаттарында еркін күрес балуандары алтын медальсыз қайтты. Тек 1999 жылы Ташкентте өткен құрлық біріншілігінде Мәулен Мамыров еркін күрес бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Азия чемпионы атанды. Алаштың асықтай ұлы Ташкентте 54 кило салмақта күресіп, барлық белдесулерінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Мәулен Мамыров үшін Азия чемпионы деген атақтың құны өте қымбат. Өйткені ол мұндай жетістікке отызға толар шағында жетті. Жалындап тұрған тұста жазғы Азия ойындарында (1994) топ жарды, Олимпия ойындарының (1996) және әлем чемпионатының қола жүлдегері (1997) атанды. Орталық Азия ойындары (1995, 1997) мен Шығыс Азия ойындарында (1997) қарсылас шақ келмейтін еді. Бірақ Азия чемпионатына келгенде бірде төртінші, бірде бесінші болды. Мәулен Мамыровқа Азияның алтыны 1999 жылы бұйырды.
Ислам Байрамуков
(97 кило)
2000 ж. Гуйлинь, Қытай
Жаңа ғасыр Ислам Байрамуков үшін жетістікке, жақсылыққа толы болды. Ол алдымен сәуір айында Қытайдың Гуйлинь қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Кейін Сидней олимпиадасының финалына дейін жетіп, күміс медальға ие болды.
Ислам Байрамуков Азия чемпионатында ұзын-саны 5 (1 алтын, 3 күміс,
1 қола) медаль иеленді. Ол бұл көрсеткіші бойынша Қазақстан балуандарының арасында үштікке кіреді.
Марид Муталимов
(120 кило)
2005 ж. Ухань, Қытай
2006 ж. Алматы, Қазақстан
2010 ж. Нью-Дели, Үндістан
Қазақстан құрамасына Элмади Жабрайылов сияқты Марид Муталимов те Дағыстаннан келді. Әлем чемпионаттарында жолы болмады демесеңіз, Муталимов 2008 жылы Бейжің олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған. 2005 жылы Уханьда өткен Азия чемпионатында алғашқы алтын медалін омырауына тақты. Осыдан кейін төрт рет финалда күресіп, соның екеуінде жеңіске жетіп, Азияның үш дүркін чемпионы атанды.
Нұржан Қатаев
(96 кило)
2006 ж. Алматы, Қазақстан
2005 жылы Уханьдағы Азия чемпионатында Нұржан Қатаев финалға дейін жеткенімен ирандық балуанға жол беріп, күміс медальды қанағат тұтқан еді. Бір жыл өткеннен кейін Қатаев ирандық балуаннан есесін қайтарып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Леонид Спиридонов
(66 кило)
2006 ж. Алматы, Қазақстан
2003 жылдан бастап Қазақстанның намысын қорғаған Леонид Спиридонов 66 кило салмақтың көшбасшысы болды. Азия чемпионы деген атақты 2006 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында жеңіп алды. Кейіннен әлем чемпионатының (2009) және Азия ойындарының (2010) қола жүлдесіне ие болды.
Дәурен Жұмағазиев
(60 кило)
2011 ж. Ташкент, Өзбекстан
Қазақстанның еркін күрес балуандары 2006 жылғы Азия чемпионатынан кейін үш жыл қатарынан құрлықтың бас жүлдесіне жете алмады. Тек 2010 жылы Марид Муталимов үшінші мәрте Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Ал 2011 жылы Дәурен Жұмағазиев топ жарды.
Дәуреннің кемеліне келіп, нағыз бабына енген шағы деп 2011 жылды айтуға болады. Ташкентте өткен Азия чемпионатында 60 кило салмақта қарсылас шақ келтірмеген балуан Өзбекстан астанасынан алтын медальмен оралды. Бұдан кейін Жұмағазиев қыркүйек айында Ыстанбұлда өткен дүниежүзілік жарыста қола жүлде алып, бүкіл Алаш жұртын қуантты.
Расул Қалиев
(57 кило)
2014 ж. Астана, Қазақстан
2012 және 2013 жылғы Азия чемпионаттарында еркін күрес балуандары тағы да алтын медальсыз қалды. 2012 жылы Кумиде (Корея) өткен құрлық чемпионатында Мақсат Дауылбаев (66 кило) пен Абдулхаким Шапиев (74 кило) финалға шыққанымен, екеуі де ирандық балуандарға жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал 2013 жылы Нью-Делидегі жарыста Расул Қалиев (55 кило) пен Дәулет Ниязбеков (60 кило) үшінші орыннан жоғары көтеріле алмады.
2014 жылы Азия чемпионаты Астана қаласында ұйымдастырылды. Өз жерімізде өткен құрлықтық додада еркін күрес балуандары сәтсіз өнер көрсетті. Сегіз салмақтың екеуінде финалға шығып, тек Расул Қалиев (57 кило) ғана алтыннан алқа тақты. Ол финалда Моңғолия балуанынан басым түсті.
Дәулет Ниязбеков
(61, 65 кило)
2015 ж. Доха, Қатар
2016 ж. Бангкок, Тайланд
2018 ж. Бішкек, Қырғызстан
Дәулет Ниязбеков – М.Муталимовтан кейін үш дүркін Азия чемпионы атанған Қазақстандағы екінші балуан. Ол алғашқы табысына 2015 жылы қол жеткізді. Оған дейін екі мәрте қола жүлдені (2013, 2014) қанағат тұтқан еді. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, екі қола жүлдесінен кейін Дәулет Азия чемпионатындағы асыға күткен алтын медалін қоржынына салды.
Дохада Дәулет 61 килода күресті. Дәл осы салмақта 2016 жылы Бангкокте де (Тайланд) балуан шыдатпады. Ал 2018 жылы Бішкектегі Азия чемпионатында 65 кило салмақта күресіп, тағы да бас жүлдеге ие болды.
Дәулет – ең көп жетістікке жеткен еліміздегі санаулы балуандардың бірі. Тіпті әлем чемпионатында еркін күрестен екі мәрте жүлде алған Қазақстандағы жалғыз балуан. Сонымен қатар Дәулеттің қанжығасында Азия чемпионатының жеті бірдей жүлдесі (3 алтын, 4 қола) барын да мақтанышпен айтуға болады.
Ақжүрек Таңатаров
(70 кило)
2017 ж. Нью-Дели, Үндістан
Лондон Олимпиадасынан кейін Ақжүрек Таңатаровты тізімнен сызып тастағандар көп болды. «Отыздан асқан балуанның жастарға жолын бергені жөн болар» деген сөзді талай айтқыштардың аузынан естігенбіз. Бірақ тәжірибелі балуан 31 жасында Азияның ең мықты балуаны атанды. Осыдан кейін Таңатаровтың екінші тынысы ашылды. Дәл осы жылы Париждегі (Франция) әлем чемпионатында Ақжүрек өзінің асыға күткен жүлдесіне де ие болды. 2012 жылы Олимпиада ойындарында қола жүлде алған тараздық тарлан араға бес жыл салып, Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері деген өшпес атаққа қол жеткізді де, спорттық карьерасына нүкте қойды.
Нұрислам Санаев
(61 кило)
2018 ж. Бішкек, Қырғызстан
Соңғы үш жылда Қазақстан құрамасының балуандары Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетіп жүр. Мәселен, 2018 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен құрлықтық жарыста қазақстандықтар 2 алтын медальға ие болды. Оның бірін Дәулет Ниязбеков жеңіп алса, енді біреуі Нұрислам Санаевтың еншісінде. 61 килода күрескен Санаев финалда жапон балуанынан айласын асырды.
Нұрқожа Қайпанов
(70, 74 кило)
2019 жыл. Сиань қаласы, Қытай
2021 жыл. Алматы қаласы, Қазақстан
Нұрқожа Қайпанов 2019 жылы Азия чемпионатына алғаш рет қатысты. Ересектер арасына енді ғана қосылған жас балуан үшін Азияның алтын медалі керемет жетістік. Нұрқожа Қытай бозкілемінде төрт белдесу өткізді. Алдымен Ирак балуанынан айласын асырса, одан кейін Түрікменстан мен Иран балуандарын ұтты. Финалда жапониялық Кожиро Шига отандасымыздан бір ұпай да ала алмай, белдесу Нұрқожаның айқын басымдығымен аяқталды – 9:0.
Нұрқожа Азия чемпионы атанғаннан кейін дәл осы жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында белдесіп, күміс медальға ие болды. Ал жақында ғана аяқталған Алматыдағы сары құрлық додасында Нұрқожа екінші мәрте Азияның үздік балуаны атанды. Бұл жолы ол 74 кило салмақта күресті.
Данияр Қайсанов
(74 кило)
2019 жыл. Сиань, Қытай
2020 жыл. Нью-Дели, Үндістан
Қытай жерінде болған Азия чемпионатында 74 кило салмақта күрескен Данияр Қайсанов та қайсарлық танытып, құрлықтық жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол финалда Үндістанның тәжірибелі балуаны, Азия чемпионы Амит Кумарға мүлде ұпай ұстат-
пады. Белдесу 5:0 есебімен аяқталды.
Қайсанов мұнымен тоқтап қалмады. Былтыр Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында тағы да құрлықтағы ең мықты балуан атанды. Финалда үндістандық Житендер Кумарды 3:1 есебімен жеңді.
Юсуп Батырмұрзаев
(125 кило)
2020 жыл. Нью-Дели, Үндістан
Марид Муталимовтан кейін Азия чемпионатында алтын медаль алатын алыптарымызды соңғы жылдары мүлде жоғалтып алып едік. Былтырғы Азия чемпионатында сол олқылықтың орны толғандай болды. Ересектер арасындағы құрлықтық сайыста алғаш рет сынға түскен Юсуп Батырмұрзаев 125 килода қарсылас шыдатпай, «Азияның түйе балуаны» атанды.
Юсуп Батырмұрзаев 1996 жылы Дағыстанның Сулак қаласында дүниеге келген. Ұлты – ноғай. 17 жасында Қазақстанға қоныс аударып, содан бері еліміздің намысын қорғап жүр.
Талғат Сырбаз
(70 кило)
2021 жыл. Алматы қаласы, Қазақстан
Талғат Сырбаз жақында ғана Алматыда өткен Азия чемпионатына алғаш рет қатысты. Ересектер дуына енді ғана араласа бастаған балуан турнир барысында кілең мықтыларды тізе бүктірді. Сонымен қатар ол өз атын облысының тарихына алтын әріппен жазды. Өйткені бұған дейін Атыраудың еркін күрес тарихында Азия чемпионы атанған балуан болмапты. Яғни Талғат Азия чемпионы атанған Атыраудың тұңғыш балуаны.
Олег Болтин
(125 кило)
2021 жыл. Алматы қаласы, Қазақстан
Алматыдағы Азия чемпионатында аса ауыр салмақта күрескен Олег Болтин жарады. Жарыстың соңғы күні ол еркін күрес балуандарының қоржынына үшінші алтын медальды салды.
Олег Болтиннің соңғы жылдары жолы болмай жүр еді. Былтырғы Азия чемпионатына бара алмады. Қазақстан чемпионатында немесе кейбір ішкі жарыстарда Юсуп Батырмұрзаевқа есе жіберіп қойды. Тіпті шығысқазақстандық балуан Олимпиаданың іріктеу турниріне де қатыса алмады. Бірақ осы жолғы Азия чемпионатында Олег Болтин белдесулерінің барлығы қиын жағдайда өткеніне қарамастан, ол тәжірибелі қарсыластарына төтеп берді.