1993 жылдан күні бүгінге дейін оралдық кемежасаушылар 32 жүзу техникасын жасап шығарған екен. Соның 27-сі Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметіне берілген. Бұл әскери кемелер мен жағалау күзеті катерлері Каспий теңізінде абыроймен қызмет атқарып жүр.
- Бүгін біздің «Зенит» зауытының ұжымы үшін өте қуанышты күн. Отанымыздың шекара күзетіне тағы бір «сарбазды» - «Айбар» жобасы аясындағы шағын күзет кемесін аттандырып отырмыз. Бұл – дәл осы жоба бойынша жасалған екінші кеме. Бұрынғы «Бүркіт» жобасындағы кемелер біртіндеп осы «Айбармен» алмастырылып жатыр. Дәл осы кемені жасап шығу үшін біздің зауыт жұмысшылары үздіксіз екі жылға таяу еңбек етті. Теңізшілердің, әскерилердің барлық тілегі ескеріліп, ең заманауи жабдықтармен жарақталды. Біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметіне, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының басшыларына, Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне әрдайым қолдауы үшін үлкен алғыс айтамыз, - дейді зауыт директоры Вячеслав Уәлиев.
«Түркістан» жағалау кемесінің ұзындығы 28 метрге жуық, судағы сыйымдылығы 70 тонна. Максималды жылдамдығы сағатына 38-40 мил, яғни 70 км/сағатқа дейін жүре алады.
«Каспийдің 6 баллдық дауылына шыдас береді» дейді жобалаушылар.
Кеменің 16 адамдық экипажы еш жерге соқпастан бір аптаға дейін автономды тіршілік ете алады екен. Еліміздің теңіз шекарасын, экономикалық мүдделерін қорғап, кез келген шекара бұзушыны, контрабандалық кемелерді, заңсыз балық аулаушыларды қуып жетіп құрықтауда таптырмас техника болғалы тұр.
«Түркістан» кемесінің тұсауы кесіліп, төсі суға тиген соң ішін аралап көрдік. Кемені жасаған «Зенит» зауыты директоры Вячеслав Хамзаұлының айтуынша, «Түркістанның» техникалық мүмкіндіктері өте жоғары көрінеді. Мысалы ол 60 км радиустағы кез келген жүзу құралын анықтап, бақылауға ала алады. Басқару жүйесі механикалық та, электронды жолмен де жүзеге асады. Мысалы, кеме капитаны штурман үстеліне отырып, электронды картографияға қажетті тапсырма берген соң қалған әрекетті бақылап қана отыра алады. Яғни «ақылды» кеме берілген бұйрықты бұлжытпай орындап, қалаған жерге жеткізеді.
Бұл кеменің тағы бір ерекшелігі, бұрын осы жобада әскери механикалық пулемет орнатылған болса, қазір автоматты пулеметпен жабдықталған. Айта кетерлігі, ол пулемет те Оралдың қару-жарақ зауытында жасалады. Бұл қару нысананы бір тауып алса, ешқашан айрылмайды. Тек шүріппені басу туралы бұйрықты күтеді, баллистикалық есеп-қисабын өзі шығарады.
«Әскерилер тексеріп көрді, 1 шақырым жерден 5 оқтың 4-уі дәл тиді» дейді Вячеслав Уәлиев.
«Түркістан» кемесінің тағы бір жетістігі - түнгі көру жүйесімен жабдықталған. Яғни түн ішінде бүкіл жарығын өшіріп тастап, күндізгідей жүре береді. Бұл шекара бұзушыға немесе браконьерге білдірмей жақындап бара алады деген сөз.
«Теңізде заңсыз балық аулап жүрген браконьерлер күтпеген жерден әскери кеме пайда болып, жарығын жарқ еткізгенде есінен танып қала жаздайды» дейді теңізшілер.
«Каспий теңізінің айдынын пайдаланудың жаңа тәртібі бойынша осындай шекара күзеті кемелеріне қажеттілік туып отыр. Бүгінгі «Түркістан» кемесі осы мақсатқа пайдаланылады. Өзіне жүктелген барлық міндетті орындауға әзір», дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметi департамент бастығының орынбасары, Жағалау күзеті басқармасының бастығы Сабыр Хасанов.
Оралда тиісті сынақ мерзімінен өткен соң кеме Жайық бойымен екі апта жол жүріп, Каспий теңізіне жетпек.
«Бұл кеменің ерекшелігі – маневрге бейім әрі өте жылдам. Навигациялық және байланыс құралдары заманауи талаптарға сай», дейді «Түркістан» шекара кемесінің командирі, аға лейтенант Ербол Мүсірепов.
Кемеде офицерлер мен сержант құрамынан бөлек, қатардағы теңізшілер де қызмет етпек.
«Түркістан» кемесін суға түсірген салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «Зенит» зауытының ұжымы таяу болашақта бұдан он есе үлкен кемелерді жасауға кірісетінін айтып, халықтан сүйінші сұрады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Ғани Ағаділов еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қосып отырған зауыт ұжымын жаңа жетістігімен құттықтап, «Түркістан» кемесінің суға түсуі – «Зенит» зауыты ұжымының еңбектегі ерлігі!» деп бағалады.
Қазақстанның Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында «Зенит» зауытының бір топ жұмысшысы Маңғыстау облыстық Шекара қызметі департаментінің Алғыс хатына ие болды.