Компания баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі кезде «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісінде теміржолды жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Жөндеу жұмыстарына байланысты белгілі бір учаскеде пойыздар жылдамдығы кестеде қарастырылған жылдамдықпен салыстырғанда шектелуі мүмкін. Бүгінгі таңда 84,7 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілді. 14,6 шақырым жол күшейтілген орташа жөндеуден өтті. 34,5 шақырымда рельс тіреуін және 4 шақырымда жолтабанды жаппай ауыстыру жүргізілді», делінген хабарламада.
Жұмысты орындау кезінде ауыр типтегі жоғары өнімді машиналар: Duomatic түзету және қағу машинасы, DGS жол тұрақтандырғышы, RM қиыршық тасты тазарту машинасы және басқалары қолданылған.
«2021 жылы барлығы 580 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өткізіледі. Ең көп жұмыс көлемі Қарағанды, Жамбыл магистральдық желі бөлімшелерінің учаскелерінде жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңғырту қозғалыс қауіпсіздігін, жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған», делінген хабарламада.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы келтірілген қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұрай отырып, қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрады.